Түрік баспасөзіне шолу

Газеттер маңызды хабарларға орын берген.

1334009
Түрік баспасөзіне шолу

Хабер түрік газеті «250 мың мигрант шекарамызда» деген хабар жариялаған.  Президент Режеп Тайып Ердоған 200-250 мың мигранттың Түркия шекарасына қарай жылжығанын айтты.  Президенттік сарайда кеше өткен «Қала және қауіпсіздік симпозиумында» сөз сөйлеген президент Сирияның Идлиб қаласындағы оқиғаларға тоқталды.  Ердоған «200-250 мың мигрант шекарамызға қарай жылжуда. Кейбір шаралар арқылы кедергі болуға тырысып жатырмыз,  бірақ бұл оңай емес.  Себебі олар – адам» деді.

Ватан газеті «Ливия құжаты мәжілісте қабылданды» деген хабарға орын берген.  Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі Ливияға әскер жолдануына байланысты президенттің құжатын талқылау үшін кеше бас қосты.  Мәжіліс спикері Мұстафа Шентоп басшылығында жиналған жалпы кеңесте құжат 325 дауыспен қабылданды.  Құжат үкіметке Ливияға әскер жолдау өкілеттігін береді.  Түрік Қарулы күштерінің Ливиядағы міндет мерзімі  бір жыл деп белгіленді.  Ливияға жолданатын әскер саны мен міндетін президент айқындайды.

Хүрриет газеті тарихи рекордқа орын берген. Газеттің хабарына қарағанда,  Анталия тарихында бірінші рет 15 миллионнан көп туристі қонақ қылды. Осылайша 2019 жылы күн, ай және жыл рекорды жаңаланды. Қала әкімі Мүнир Каралоғлу 2019 жылы Анталияға екі әуежайы,  теңіз порттары және басқа қалалардан трансфер арқылы барлығы 15 миллион 644 мың 108 турист келгенін хабарлады.

Йени Шафак газеті Долмабахче сарайына келген туристер жөнінде хабарға орын берген. Стамбулдағы тарихи сарайларды аралаған отандық және шетелдік турист саны рекорд деңгейге жетті. Долмабахче сарайына 1 миллион 306 мың адам келді. Олардың 915 мыңы шетелдік турист.

Стар газеті «Адыяманда Рим дәуірінен қалған елді мекен табылды» деген хабар жариялаған.  Адыяманның Кахта ауданында Рим дәуірінен қалған елді мекен табылды.  Ауданға қарасты Нариндже ауылы Багбашы деген жерде Рим дәуірінен қалған елді мекен бар екені анықталды.  Қалалық мәдениет және туризм басқармасы тексеру жүргізіп, қажетті жұмыс басталуы үшін министрлікке есеп дайындады.



Ұқсас жаңалықтар