Түркия астанасында Қазақстан концерті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік мерекесі Түркияның жүрегі Анкарада аталып өтті.

397715
Түркия астанасында Қазақстан концерті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі Түркияның жүрегі Анкарада аталып өтті.
Атаулы күндердің бауырлас түрік ағайындар елінде тойлануына Қазақстан Республикасының Анкарадағы өкілетті елшілігінің бастамасымен Қазақ Ұлттық Өнер университетінің тума таланттары атсалысты.

Қазақстан концерті

Стамбулда басталып, Анкарада жалғасқан "Қазақ елі классикалары" атты концертті тамашалауға Түркия Республикасының мемлекет қайраткерлері, зиялы қауымы, Анкарада қызмет атқаратын шетел миссия өкілдері, халықаралық және мәдени ұйымдардың басшылары, қазақстандық студенттер мен Анкара тұрғындары жиналды.
Анкараның қақ ортасында Анкара сауда палатасының "Сongresium" деп аталатын зәулім конференция және концерт залында болған концертті Түркияның мемлекеттік телерадио корпорациясы TRT-нің Орталық Азия және Балқан елдеріне хабар тарататын Әуез телеарнасы тікелей эфирден жариялады.

Қазақстан концерті
Қалың қауымды өзіне тәнті еткен концерт Қазақстан және елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жөніндегі қысқа фильмнің көрсетілуімен бастау алды.
Бір жарым сағат бойы Анкара халқын тапжылмай отырып, зерікпей тыңдатқан Қазақстанның таңдаулы әртістері Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Абай Құнанбайұлы сынды қазақтың біртума сазгерлерінің туындыларымен қоса батыстық классикалық шығармаларын да орындады. Еуразия симфония оркестрі сүйемелдеген «Балауса» би ансамблі болса алуан түрлі композициясымен, қабілетті жастарының биімен, түрлі реңктегі киімдерімен сахнаны толтырып, көрермендерді сиқырлап алды.

Қазақстан концерті
«Шабыт» домбырашылар ансамблінің орындауындағы қазақ күйлері түрік ағайындарды Қазақ елінің ұшы-қиыры жоқ даласына, байтақ еліне ертіп апарып, көңіл елжіретті. Ал қобызшылар дуэті болса, түркінің байырғы музыкалық аспабының арқасында көрерменді Қорқыт елінде бір сапарлатып келгендей болды.
Концерт барысында қазақ бишілердің орындауындағы «Әлем халықтары достық биі» болса сахнада керемет көрініс жаратып, түрлі соғыстар, дағдарыстар толастамай кеткен бүгінгі таңда Анкара төрінде ерекше сезімге бөлеп, бөлек ой тастады.

Қазақстан концерті
Концерттің аяқ жағына қарай сахна төріне шыққан қазақтың дара қызы, тума талант, Қазақстан Республикасы Халық әртісі Проф. Др. Айман Мұсаходжаеваның орындауындағы шығармалар болса Анкараның ең ауқымды концерт залына жиналған түрік қауымын баурап алды. Айман ханым артынан «Айгөлек» скрипкашылар тобының жас өнерпаздарымен бірге орындап, өнерлеріне тәнті етті.

Қазақстан Республикасының Анкарадағы өкілетті және төтенше елшісі Проф. Др. Жансейіт Түймебаевтың ерекше марапатына ие болған қазақстандық өнерпаздар Анкара жұртшылығының қошаметіне бөленді. Анкарада білім алып жатқан қазақстандық студенттердің де қуанышында шек жоқ. Олар елден келген ән шашудың құлақтың құрышын қандыратын әсерімен білім ұштауларын әрі қарай жалғастыра бермек. Концерт көрермендері Қазақ елінің атаулы мерекелері үшін арнайы келген қазақстандық өнерпаздарды түрегеліп тұрып шығарып салды.

 


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар