Қазақ хандығының үш мың жылдық түркі тарихындағы орны мен маңызы

Ыстанбұлда Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ғылыми конференция болып өтті.

366871
Қазақ хандығының үш мың жылдық түркі тарихындағы орны мен маңызы

2015 жылғы 11 қараша күні Ыстамбұлда Мимар Синан көркем өнер университеті мен Қазақстан Республикасы Ыстамбұл Бас консулдығының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ғылыми конференция болып өтті.
Ашылу сөзінде ҚазақстанСтамбул консулы Сержан Сәрсенбаев 1465 жылы іргетасы қаланған Қазақ хандығының тез арада күшейіп, аймақтағы мықты елдің біріне айналғанын айта келіп, онда көптеген күшті хандардың ел билегенін баса көрсетті. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның оның тікелей мұрагері екенін айтқан консул мырза Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылы ретінде жариялағанын, сондықтан ел көлемінде тойланғанын айтты. Ол сонымен қатар мұның жалғасы ретінде бүгінгі ғылыми жиналысты ұйымдастырып отырған Мимар Синан көркем өнер университетіне және қатысушы ғалымдарға алғысын білдірді.
Сөз кезегінде Доцент Ильяс Кемалоғлы да Алтын Ордадан кейін пайда болған хандықтар және қазақ хандығы туралы баяндады. Ең батыста Қырым, ең шығыста Сібірге дейін хандықтардың кең өңірді дерлік 6 ғасыр басқарғанын айта келіп, бұлардың негізін қыпшақ халықтарының құрағанына көрсетті. Қазақ хандығының осылар ішінде кең территорияға ие болып солтүстік пен оңтүстік арасындағы хандықтар арасында көпір рөл атқарған. Өкінішке орай Кеңестік дәуірде осы ұлы тарихқа тыйым салынғанын немесе бұрмаланғанын атап өткен Кемалоғлы әсіресе Сталиннің Алтын Орда және одан тараған мемлекеттердің тарихынан қорыққанын, сол себептен оларды зерттеуге 1944 жылы, тіпті дүниежүзілік соғыс жүріп жатқанына қарамастан тыйым салғанына баса назар аударды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Нұртас Смағұлов болса жалпы Қазақ хандығы туралы түсінік берді. Ол қазақ хандығын құраған тайпалардың VІІІ ғасырда Орхон жазба ескерткіштерінде аты аталған түркі тайпалар екенін айта келіп, Алтын Ордадан кейін ХV ғасырда Орталық Азияда ұлттық мемлекеттердің пайда бола бастағанын, сөйтіп бұл үдеріс ХVІІІ ғасырда басталған Еуропадан үш ғасыр бұрын басталғанын және мұның көш бастаушысының Керей мен Жәнібек хандар құрған Қазақ хандығы болғанын тілге тиек етті.
Жиналысты басқарып отырған университеттің тарих кафедрасының меңгерушісі профессор Фатма Үреклі сөз кезегін бізге берген кезде Қазақ хандығының түркі тарихындағы орны мен маңызына тоқталдық. Түркілер - Азия мен Еуропа құрылықтарында кең жағрапияда көптеген мемлекеттер құрған дара ұлт. Олардың тарихы туралы дерек көздер алғашқы түркі мемлекетінің заманымыздан бұрынғы 7- ғасырда сақтардың құрғандығынан сыр шертеді. Демек түркілердің дерлік үш мың жылдық тарихы бар. Ежелгі түркі тарихы туралы зерттеулерімен танымал Ыстамбұл университетінің профессоры Абдулқадір Доныктың “Тарихта бой көрсеткен түркі мемлекеттері” атты зерттеуіне қарағанда түркілер бүкіл тарих бойынша үлкенді кішілі 110-дей мемлекет құрған екен. Осы мемлекеттердің өмір сүрген мерзімдеріне қарағанда Қазақ хандығы 110 мемлекет ішінде ең ұзақ уақыт билік құрған төртінші мемлекет ретінде ерекшеленуде. Ал түркі тарихында төрт ғасырға жуық және одан көбірек жуық өмір сүрген мемлекеттердің саны болса төрт екен. Солардың бірі де іргетасын 1465 жылы Жәнібек пен Керей хандар құраған және соңғы ханы Кенесары Қасымұлының дүние салуымен 382 жылдық билігі аяқталған Қазақ хандығы.
Түркі мемлекеттері ішінде ең ұзақ билік құрған бірінші мемлекет 1299-1922 жылдары арасында 623 жыл өмір сүрген Осман империясы, екінші мемлекет 1500-1920 жылдары арасында 420 жыл өмір сүрген Бұхара хандығы, үшіншісі 1512-1920 жылдары арасында 408 жыл өмір сүрген Хиуа хандығы болып табылады.
Билік уақты тұрғысынан алғанда Қазақ хандығының көптеген әйгілі түркі мемлекеттерінен алда болғаны байқалады. Мәселен Мөде хан тұсында айбынды мемлекетке айналған Азия ғұндары біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың басынан заманымыздан кейінгі 48 жыл арасында 348 жыл, Сұлтан Бейбарыстың уақытында мықты мемлекетке айналған Мәмлүктер 1250-1517 жылдар арасында 267 жыл, белгілі қолбасшы Бату хан іргесін қалаған Алтын Орда 1242-1502 жылдар арасында 260 жыл, іргетасын Бумын қаған мен Истеми Ябғұ құраған және Орхон жазба ескерткіштерін түркілерге құнды мұра ретінде қалдырған Көктүріктер деп тарихи әдебиетте аталып жүрген Түрік қағанаты 552-744 жылдар арасында небары 192 жыл, ал әйгілі көсемі Аттила Парижге дейін үрей салған Еуропа ғұндары болса 120-ақ жыл өмір сүрген екен.
Демек, Қазақ хандығы бір қатар әйгілі түркі мемлекеттерден әлдеқайда ұзағырақ, атап айтқанда төрт ғасырға жуық ұзақ билік уақытымен түркі, тіпті әлем тарихында алдынғы қатарлы орынға ие болған. ХХ ғасырда қырғи қабақ салқын соғыстық екі полярлық әлемде екі ұлы күштің бірі болып қылышынан қам тамып тұрған Кеңес Одағының өзі бір ғасырға жетпей 74 жылда құлағанын ескергенде бір мемлекеттің төрт ғасыр өмір сүруінің қандай үлкен жетістік екендігі нақтылана түседі. Қазақ хандығы тек төрт ғасырдай әлем тарихында аз қана ұлтта кездесетін ұзақ өмір сүргендігі мен қана емес, сонымен қатар 3 миллион шаршы метрдей ұланғайыр жерді ғасырлар бойы қорғап қалуымен де ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде Қазақ хандығының әлемде өзіндік орны бар ұлы мемлекет екенін әйгілейді.
Өкінішке орай, осынау ұлы мемлекеттің тарихы ұзақ жылдар бойы толық зерттеліп өзінің төл ұрпақтарына дұрыс көрсетілген жоқ. Оның барлық қыр-сырын ашып көрсетуге күш жұмсаған Санжар Асфендияров, Ермұхан Бекмаханов сынды тарихшылар қуғындап ауыр жазаларға ұшыратылды. Қазақ халқының санасына ұлы мемлекеті болмаған, тау мен тастың арасында қалай болса солай көшіп қонып, мал бағып күн көріп жүрген мәдениетсіз, мемлекетсіз жабайы халық екендігі жөніндегі жаңсақ ұғым пайда етуге күш жұмсалды. Бірақ қазақ жазушылары мұндай жабайы саясатқа мойынсұнған жоқ. Олар тарих беттерінде айтылмаған шындықтарды әдебиет пен көркем өнер арқылы айтты. Сөйтіп олар аталарының қазақ хандығы сияқты ұлы мемлекеті құрғандығын қазақ жастарының саналарына сіңіруге тырысты.
Осы орайда Ілияс Есенберлиннің Қазақ хандығының құрылуы, асқақтауы және құлдырауы кезеңдерін баяндаған “Алмас қылыш”, “Қаһар” және “Жанталас” атты үш томдық романын атап өтуге болады. Осындай романдар арқылы ұлы істер атқарған аталарын таныған қазақ жастары 1986 желтоқсан айында бұлқынғанда Кеңес Одағының темір шынжырлары босап шаңырағы шайқалып, халықтар түрмесінің есігі ашылды. Сөйтіп олар Кеңестік империяның бұғауындағы халықтарды оятып, егемендіктерін алуына жол ашты. Мұның нәтижесінде 1991 жылы Кеңес Одағы келмеске кетті.
Сонымен қорыта айтар болсақ, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылының кең көлемде аталуы қай тұрғыдан алсақ та орынды. Төрт ғасырға жуық өмір сүрген мемлекет әр халықта кездесе бермейді. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ халқы - бақытты халық.
Ататүрік “Ұлы мемлекеттер құрған бабаларымыз ұлы және жан-жақты өркениеттерге де ие болған. Бұларды қарастыру және зерттеу, содан кейін бүкіл түркі ұрпақтары мен әлемге таныстыру біз үшін парыз. Түрік баласы осындай ұлы бабаларын таныған сайын ұлы істер атқаруға өзінде күш-қуат сезінеді” деген екен.
Міне сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың “Мәңгілік Ел” жасау идеясын іске асыратын күш-жігерді қазақ жастары Қазақ хандығы іспетті ұлы мемлекет құрған аталардың рухынан таба алады.
Аталмыш жиналыстың соңында қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Жиналыстан кейін қатысушылар осы алқалы жиналысты ұйымдастырушылар мен баяндама жасаған ғалымдарға алғысын айтып, Қазақ хандығының көп қыры мен сырына осы жиналыста көз жеткізгендіктерін атап өтті.


Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем
өнер университетінің профессоры


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар