Қытай Қазақтарының Келін Түсіру Тойы

Қытай қазақтары салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіл байлығын және мәдениетін өте жақсы сақтап келген.

180651
Қытай Қазақтарының Келін Түсіру Тойы

Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр Автономия өлкесінде 2 миллионнан астам қазақ қандасымыз өмір сүруде.

Олар негізінен Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле аймағы, Тарбағатай аймағы, Алтай аймағы және Санжы облысының аудандарында, Құмылдың Баркөл ауданында, Үрімжі қаласы мен Күйтуң қаласында, сонымен Гансу провинциясының Ақсай қазақ автономия ауданында шоғырланған.

Қытайдағы қазақ тойы
Қытай қазақтары ғасырлар бойы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіл байлығын және мәдениетін өте жақсы сақтап келген.


Қытай қазақтары ұлын үйлендіріп, қызын ұзату салт-дәстүрлерін ғасырлар бойы желісін үзбей жалғастыруда. Бұл әдет-ғұрыптар ұрпағының келешегін,нәсілінің болашағын ескеруден туындаған.


Ұл үйлендіру, қыз ұзату рәсімдері негізінен қыз көру, құда түсу, жаушы жіберу, есік-төр көрсету тойы, ұрын той, қыз ұзату тойы, келін түсіру тойы сынды белестерге бөлінеді.


Енді осының ішінен тек келін түсіру тойды ғана таныстырып өтейік.


Келін түсіру тойында қала мен ауылды жерлер арасында кейбір айырмашылық болады. Қалада көбінесе мейрамханада өткізсе, кең жайлауда қазақ дәстүрі толық орындалады. Қайсысы болса болсын, негізгі желіс өзгермейді. Мысалы; шашу, бата, беташар, ән-күй, өлең, қара жорға биі, табақ тарту сынды дәстүрі бірдей. Той батамен басталады, қара жорға биімен жалғасады, тамаша әндермен аяқталады.

Жас жұбайлар
Қаладағы той киім, ұйымдастыру, сахналық көрініс жағынан ауылдағымен салыстырғанда өзгеше болады.
Қаладағы тойда жас келін мен күйеу көбінесе қалаға үйлесімді түрде келін ақ көйлек, күйеу костюм киеді. Беташар рәсімі де біраз өзгеше болады. Жас келін мен күйеу жігіт жолдас және қыз жолдасымен бірге сахна ортасында тұрады. Беташар айтылған кезде күйеу жақтың жақын туысқандары бет ашқан жігітке ақшалай сыйлық тарту етеді. Одан соң күйеу жақтың туысқандары келінге алтын, күміс алқа, білезік, жүзік, ақша береді.
Қара жорға биі басталғанда кәрі-жас барлығы көтеріңкі көңіл күймен биге шығады. Тойдың қуанышы айқын түрде көрінеді.


Шыңжаң қазақтарының жайлауындағы тойы өте қызықты болады. Алтай, Мори, Баркөл, Ақсай қазақтары тойдың бұрынғы дәстүрін жақсы сақтаған.


Қазақ жайлауындағы жас келін мен күйеу той жасарда қазақтың ұлттық киімін киеді.


Ауыл әйелдері жасаулы көштің алдынан шашу шашып қарсы алады. Әдетте ақ отау күйеу әкесі үйінің оң жағына тігіледі. Мұнда да отаудың шаңырағын көтеруге балалы-шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана таңдалады. Отау тігіліп болысымен түрлі жиһаздар шығарылып, жайнатып жиналады. Осы кезде бір жеңгесімен ауыл шетіне атынан түсіп, хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығады. Беті-жүзі үлкендерге көрсетілмей, шымылдықпен бүркемеленген келінді алдымен қайын атасының үйіне кіргізеді. Ұлы шаңырақтың босағасынан оң аяғымен аттасымен тізесін бүгіп, үш рет сәлем берген келініне атасы «Көп жаса, қарағым» деп батасын береді. Содан соң жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ тулақ-баспаққа отырғызады.

Қара жорға
Осы рәсімдер аяқталған соң жас келінді ақ отауға әкеледі. Күйеу шешесі шашу шашып, оң аяғымен табалдырық аттаған жас келінді сол жаққа тігілген шымылдық ішіне отырғызады. Қарсы алушы қыз-келіншектерге қыз шешесі жаулық, көйлек, орамал үлестіреді.


Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата берген бас табақтан ақ отауға сыбаға жібергенде, жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Ауыл адамдарымен жаңа түскен келінді таныстыру үшін «беташар» басталады. Беташар айтатын жігіт әркімді таныстырып тұрып, «Бір сәлем» дегенде келін тәжім етіп, ақын желектің төменгі ұшын домбыраның сабымен көтеріп қалып, оны жұртқа көрсетеді. Бет ашушыға жігіт жеңгелері немесе басқа туыстары шапан жабады. Беташардан соң ауыл жастары түнімен ойын-сауық жасаса, құда-құдағилар өзара айтысады. Осылайша думанды кеш құрады.


Ағайын-туғандар, жақын туыстар жас жұбайлардың бақытты болуы, шаңырақтарының биік болуы тілегімен тарқасады.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар