Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Еуразия күн тәртібі – 46

2011017
Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Бүгінгі бағдарламамызда Еуразия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғаларға тоқталамыз.

Өткен апта Еуразия Республикаларында маңызды сапарлар мен жиналыстар өтті. Енді осы оқиғаларға қысқаша тоқталайық.

2023 жылы 4 шілде күні Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің төрағалығымен онлайн режимінде өтті. Саммитке ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы, Түрікменстан президенті қонақ ретінде қатысты. Ұйымға бақылаушы болып табылатын Ауғанстан саммитке шақырылмады. Талибан Сыртқы істер министрлігі ұйымның келесі саммитіне қатысқысы келетінін мәлімдеді. Саммитте сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым құрылғаннан бері ұйым аясында бірде-бір ірі экономикалық жоба жүзеге асырылмағанын айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Саммитте Иран Ислам Республикасы ұйымға толыққанды мүше болып қабылданды. Саммит соңында Жаңа Дели декларациясы қабылданып, 13 құжатқа қол қойылды.

2023 жылдың 4 шілдесінде Түрік Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Қубанышбек Өмірәлиев Бельгияға сапармен барды. Түрік Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Брюссельдегі Еуропа Одағы мекемелерін аралап, байланыстар жасады. Қубанышбек Өмірәлиев Брюссельге келген Түрік Мемлекеттері Ұйымының бірінші Бас хатшысы екенін және бұл ұйымның аймақ пен халықаралық деңгейдегі саяси рөлінің артқанын көрсететінін айтты.

2023 жылғы 6 шілдеде Үндістан Ассамблеясының төменгі палатасы Лок Сабханың төрағасы Ом Бирла Моңғолия Республикасына ресми сапармен барды. 7 шілдеде Моңғолия Парламентінің төрағасы Занданшатар Гомбожав Ом Бирланы салтанатты түрде қарсы алды. Сол күні Моңғолия президенті Хурелсух Ухнаа Үндістан парламентінің төрағасын қабылдады. Моңғолия-Үндістан қарым-қатынастары соңғы жылдары қорғаныс, қауіпсіздік және тау-кен өнеркәсібі сияқты стратегиялық салаларда қарқынды дамып келеді.

Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада Болгария, Чехия және Түркияға сапармен келді. 2023 жылы 7 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский Түркияға келді. Стамбулда президент Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Зеленский кездесті. Сапар аясында екі ел арасында бірқатар стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинадағы соғыс кезінде 9 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлады.

2023 жылғы 5-6 шілдеде Бакуде Қосылмау қозғалысы Үйлестіру бюросының министрлік отырысы өтті. Жиынға 93 елдің министрлері мен 11 халықаралық ұйымның өкілі қатысты. Кездесудің ашылу салтанатына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те қатысты. Әзербайжанның Қосылмау қозғалысының кезекті төрағалығы кезінде аталған ұйымның парламенттік комитеті мен жастар комитеті құрылды.
2023 жылғы 7 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев еліне ресми сапармен келген Албания президенті Байрам Бегаймен екіжақты және делегация арасында кездесулер өткізді. Кездесулерде Әзербайжан мен Албания арасындағы қарым-қатынастар, әсіресе энергетикаға қатысты түрлі мәселелер талқыланды.
Оқиғалардан көріп отырғанымыздай, өткен аптада Еуразия географиясында маңызды халықаралық кездесулер өтті. Сапарлар да өңір тағдырына әсер еткен сипатта болды.



Ұқсас жаңалықтар