Түркі дүниесінің ынтымақтасу үрдісіндегі елбасы Назарбаевтың ролі

Н. Назарбаев түбі бір түркі елінің ертеңін баянды етуге бағытталған бірқатар бастамаларды көтерді.

882583
Түркі дүниесінің ынтымақтасу үрдісіндегі елбасы Назарбаевтың ролі

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда түркі дүниесінің ынтымақтасу үрдісіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор рөліне тоқталмақпыз. 1991 жылы Кеңес Одағы тарқап, түрік тілдес республикалар тәуелсіздіктерін жариялағанда, бауырлас елдердің ынтымақтасуы мәселесі күн тәртібіне енген еді. Бұл әсіресе түркі тілдес республикалардың зиялы қауым өкілдері арасында үлкен толқу мен тебреніске түрткі болды. Алайда бұл мәселенің ішкі және сыртқы факторлар себебімен оңай іске аспайтыны көп кешікпей су бетіне шықты. Сонымен түркі мемлекеттердің ынтымақтасуында бір белес болып саналатын Түркі кеңесінің құрылуы арада 20 жылға жуық уақыт салып, 2010 жылы іске асты. Демек түрік тілдес елдердің ынтымақтасу үрдісі оңай болған жоқ. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы орайдағы атқарған қызметі туралы тоқталмақпыз.

Кеңес Одағы құрамындағы түрік тілдес республикалар тәуелсіздіктерін алғаннан кейін өзара ынтымақтасу жайындағы алғашқы нақты қадам 1992 жылы 30 қазан күні басылып, Анкарада  алты түркі тілдес мемлекеттің президенттері тарихта тұңғыш рет бас қосты.

Әзірбайжан Президенті Әбұлфейз Елшибей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Түркия Президенті Тұрғыт Өзал, Түркменстан Президенті Сапармұрад Ниязов қатысқан саммитте түркі тілдес мемлекет басшыларының кездесуін нәсілшілдік пиғылда қате тұжырымдамау керектігіне баса назар аударылды.

Түркия президенті Сүлеймен Демірелдің шақыруы бойынша 20-21 қазан 1994 күндері Ыстамбұлда өткізілген түркі тілдес мемлекет басшыларының жоғары дәрежелі ІІ- кездесуінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туысқан елдердің ынтымақтасу үшін нақты қадам жасау керектігіне баса назар аударды. Ол Түркия мен Орта Азияның түркі тілдес республикаларының жоғары деңгейде ұйымдасулары уақытының келгендігіне көрсете келіп Ыстамбұлдағы түркі тілдес елдер мемлекет басшыларының кездесуінің соңында бір мәлімдеме жарияланатынын еске салғаннан кейін “ендігәрі мәлімдемемен шектелуге болмайды. Жоғары деңгейде бір ұйым құрудың кезі келді. Мұндай  ұйым және ынтымақтастық ешкімге қарсы емес, ол әскери емес, бейбітшілік үшін, халықтардың жақсы тұрмыста өмір сүруі үшін құруымыз керек” деді. Бірақ Елбасының бұл ұсынысы өзге елдер тарапынан дереу қолдау таппады. Ол үшін арадан 16 жылдай уақыттың өтуі керек еді. Бұл жағдай түркі тілдес елдердің бүгінгі ынтымақтастық жағдайына оңай келмегенін бізге көрсетеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары деңгейде бір ұйым құру пікірі 2009 жылы 3 қазан күні Нахчыван қаласында өткен Түркі тілдес елдер мемлекет басшыларының VІІІ. Жоғары дәрежелі кездесуінде іске асты. Бұл кездесуге Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиев және Түркия Президенті Абдолла Гүл қатысты. Бұл кездесу түркі тілдес халықтардың тарихына ерекше маңызға ие кездесу ретінде өтті. Онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің идеялары негізінде Түрік тілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мен Түркі академиясының құрылуы қабылданды. Оны Қазақпарат тілшісі Ернұр Ақпай жоғары бағалап “осыдан 14 ғасыр бұрын бір тілде сөйлеп, Түрік қағанаты атты бір мемлекеттің құрамында өмір сүрген түбі бір түркі халқының өмірінде саяси жағынан да, экономикалық тұрғыдан да һәм мәдени-гуманитарлық қырынан да маңызды оқиға болды” деді.

Расында да бұл 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, аталған елдер тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі 18 жыл бойынша жасалған ынтымақтастық талпыныстарының нақты жемісі еді. Сондықтан осы шешім қабылдаған 3 қазан күні келесі жылы Ыстамбұлда өтетін саммитте “Түркі тілдес елдердің ынтымақтастык күні” деп белгіленді.

Қазақстан Президенті Н. Назарбаев түркі жұртының жоқ-жітігін түгендеп, түбі бір түркі елінің ертеңін баянды етуге бағытталған бірқатар бастамаларды көтерді, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Елбасы ұлы Ататүрік аңсап өткен түркі тілдес мемлекеттердің бірлігін жүзеге асыру үшін Қазақстан дәйекті ұстанымды бағдар еткенді жөн санайтынын жеткізіп, ол үшін ең алдымен саяси деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру, оны уақыттың талабына сай жаңа белеске шығару қажеттігін қадап айтты.

Нахчыван кездесуінде қабылданған шешім бойынша Түркі академиясы 2010 жылы 25 мамыр күні Астанада ашылды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесі ынтмақтастығына сіңірген еңбегі Түркия халқы тарапынан жоғары бағаланды. Осыған орай Түркияның Анкара қала әкімшілгі Анкараның орталығында Қазақстан Президентінің ескерткішін қою туралы шешім қабылдады.

24 Маусым 2010 күні болған ескерткіштің тұсаукесеріне Түркияның Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Қазақстанның ресми делегациясы, Анкара қаласының сол кездегі әкімі Мелих Гөкчек және басқа мемлекет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның өкілдері қатысты. Анкара қаласының әкімі Мелих Гөкчек ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деді: “Құрметті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесіндегі ынтымақтастықтың қамтамасыз етілуінде орасан зор еңбек етті. 2009 жылы 3 қазан күні Нахчыванда өткен түркі тілдес елдер мемлекет басшыларының жоғары дәрежелі кездесуінде Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің құрылуын ұсынды. Оның ұсынысы ауызбірлігімен қабылданды. Сонымен қатар кездесуде Қазақстанда Түрік академиясының құрылуын да ұсынған Нұрсұлтан Назарбаев түрік мәдениетін ұрпақтарымызға және бүкіл әлемге таныстырайық деп ұлы түрік ынтымақтастығы үшін шын көңілден шыққан тебіренісі мен толқуын ортаға салды.

Түркі тілдес елдер мемлекет басшыларының 2010 жылы 15 қыркүйек күні Ыстамбұлда өткен ІХ. жоғары дәрежелі кездесуінде осыған дейін жасалган сегіз кездесудің қорытындысы іспеттес маңызды шешім қабылданып, Түркі тілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі құрылды. Оған бас хатшы ретінде Түркияның Мәскеудегі елшісі Халил Ақынжы тағайындалды. Және оның орталығы ретінде Ыстамбұл қаласы белгіленді. Түркия Президенті Абдолла Гүл осы ынтымақтастық кеңесінің құрылуын “1992 жылда басталған түс шындыққа айналды” деп, оның ерекше мәнін бір ауыз сөзбен нақты атап көрсетті.

Содан бері өткен 25 жылда түркі мемлекет басшыларының 15 саммиті өтті. Осындай алқалы жиналыстардың нәтижесінде ТҮРІКСОЙ, ТүркПа, Түркі Академиясы, Ақсақалдар Кеңесі, Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесі сынды бір қатар ұйымдар құрылып, жұмыс жүргізе бастады. Бірақ әлі қол жетілмеген асулар да жоқ емес. Ең негізгісі осы ынтамақтастықта түркі дүниесінің Өзбекстан және Түркменстан сынды екі үлкен елінің белсенді қатыспай отырғандығы. Уақыт өте келе ол елдердің осы ынтымақтастықта лайықты орнын алары сөзсіз.

Алайда түркі тілдес елдер арасындағы қол жетілген ынтымақтастық бүгінгі таңда биік деңгейге шығып отыр деп айта аламыз. Мұнда Әзірбайжан, Түркия мен Қазақстанның маңызды рөл атқарғаны ақиқат. Әсіресе Түркия елінің жетекшілері Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демірел, Абдолла Гүл және Режеп Тайып Ердоғанның, Әзірбайжан Президенттері Гайдар Алиев және Илхам Алиевтің еңбектерінің зор екені ақиқат. Солай болса да, түркі елдерінің ынтымақтастығының бүгінгі деңгейіне жетуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлінің ерекше екенін атап өтсек асырып айтқандық бола қоймас.

 

Әбдіуақап Қара

Сіздер тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры



Ұқсас жаңалықтар