Абай Құнанбайұлы
Өмірін түрік әлеміне арнағандар - 18
Абай Құнанбайұлы
Абай 1845 жылы бүгінгі Қазақстанның Семей аймағында дүниеге келген. Болыс және қазақ қоғамы арасында сөзі өтетін би болған әкесі Құнанбай, анасы Ұлжан және әжесі Зере – Абайдың бала кездегі тәрбисіндегі ең маңызды тұлғалар. Олардан тарихи оқиғаларды, өлең мен халық аңыздарын тыңдап өскен Абай бала кезінен халық даналығын бойына сіңірген. Құрдастарына қарағанда өте зерек болған бала Абай әкесінің сұрауымен он жасында Семейдегі Ахмет Рыза медресесінде білім ала бастады. Медресенің құрушысы Ахмет Рызаның Қазаннан татар тарихшы және ағартушы, дін ғұламасы Шехабеддин Мержанидің шәкірті екені және сондықтан Мержанидің ой-пікіріне жақын білім бергені айтылады. Сол кездегі басқа медреселерден ерекше Ахмет Рызаның медресесінде классикалық дін ғылымдарымен қоса тарих, философия, поэзия және сонымен бірге араб, парсы және шағатай тілдері де оқытылатын. Абай дін білімімен бірге осында түрік және парсы әдебиетіне ықылас беріп, Низами, Науаи, Генжеви және Хафыз секілді ақындардың туындыларымен танысады. Медреседе үш жыл білім алғаннан кейін Абай қаладағы орыс мектебіне жазылып, орысша білім алады. Шығыс әдебиетімен бірге орыс және батыс әдебиетімен танысады. Пушкин және Толстой, Гете, Спиноза және Спенсердің туындыларын оқиды. Осы туындылардан аударма да жасаған Абай сонымен бірге Петербордан жер аударылған орыс зиялысы Михайлов секілді демократтармен де танысып, көкжиегін кеіейтеді. Әдеби және ой-пікір бағыттарымен қоса Абай өнер және музыкаға да көңіл бұрады. Айналасындағы адамдарға да осы бағытта пікір беріп отырады. Дәстүрлі қазақ қол өнерімен де айналысып, домбыра тартады. Қазақша ән салады. Абай өзінің өлеңдеріне ән жазған. Әкесі Құнанбай қажылыққа кеткен кезде, едәуір жас болғанына қарамастан әкесінің орнына Арғын руын басқаруға міндеттеледі. Абай өзінің тәжірибесінің арқасында артынан Шыңғыс аймағына болыс ретінде сайланады. Артынан төреші болған Абай қоғам сенген және құрмет көрсеткен тұлға болған. Өзі өмір сүрген қоғамның әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне де қарап қалмаған ақын әрдайым білім алуға, жұмыс істеуге және еңбектенуге шақырады. Қажет кезінде қатты сынайды. Абайдың 200-ге тарта өлеңі, насихат үлгісінде жазылған 45 қара сөзі және орысшадан аударған туындылары бар. Әлі күнге қазақ халқының ұлттық және рухани жетекшісі болып келеді. Қазақ халқының тұрмысының барлық саласында маңызды орны бар.
Ол туған күн ел көлемінде және шетелде атап өтіледі. Өлеңдерін жетіден жетпіс жасқа дейін барша жатқа оқиды. 2021 жылдың деректеріне қарағанда Абай Құнанбайұлының және оның шығармалары жөнінде Қазақстен мен Қазақстан тысында жазылған кітап, тарау және ғылыми мақалалар саны он мыңнан асты. Тек қоғамда ғана емес, Абайды тәуелсіз Қазақстанның әрі ұлыс құрылымында, әрі модернизация процесінде ең жоғары деңгейдегі басшылық та жиі еске алып, насихат-кеңестерін еске салып отырады. 1904 жылы өзі туған жерінде қайтыс болды. Екі әйелінен он баласы болған. Кейбірі жастай шетінеп кеткен. Кейбірі Кеңес Одағының алғашқы жылдарында халық жауы деп атылған немесе айдауға жіберілген.
Қысқаша айтқанда Абай туған және өскен уақыт қазақ халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік жағынан қиын кезіне дөп келеді. Абай бала кезінен орыс отарлау жүйесінің жергілікті билеушілер мен қоғамдағы әсеріне куә болып, осы процеске қарсы шыққан. Ол өзінің жақындарынан, тіпті әкесінен бастап келеңсіздіктерді ашып айтудан тайсалмаған, бір жағынан шығармаларында сол кездің проблемаларына орын берген. Сондықтан Абай әдеби тұлға болумен қатар әлеуметтік құрылым және қоғамға байланысты ой-пікірлері назарға алынғанда бір модернист ретінде сипатталады. Ол өмірінің соңғы кезіне дейін қазақ халқының жаңаруына, ағартылуына ерекше мән берген. Әрі өлеңдерімен, әрі пікірлерімен өз кезінде және артынан тәуелсіз ел болғаннан кейін де қоғамға жетекшілік міндетін атқарған. Туғанына 200 жыл толатын 2045 жыл үшін қазірден-ақ дайындықтар басталып кетті.
Дереккөз:
1. Avezov, M. (1997). Abay Yolu. (Çev: Zeyneş İsmail ve Ahmet Güngör). Bilig Yayınları: Ankara.
2. Ayan, E. (2017). Bir Devrin Aynası Abay Kunanbay ve Kara Sözler. Ahmet Yesevi Üniversitesi Mütevelli Heyet Başkanlığı Yayınları: Ankara.
3. Beylur, S. (2020). Abay Kunanbayoğlu’nun Kazak Modernleşmesindeki Yeri. Asya Avrupa, 57, s. 91-99.
4. Çınar, A.A. (2021). Büyük Kazak Şairi Abay Kunanbayev (1845-1904), TDK yay. Ankara.