Долмабахче сарайы

Капитанның борт журналы - 18

2186914
Долмабахче сарайы

Долмабахче сарайы

Тамашаланатын, ашуланатын, ғашық болатын,  сағынатын қала – Стамбул. Кейде өркөкірек, кейде кішіпейіл,  кейде марқаятын қала. Өткенді де,  қазіргі уақытты да құшағына алатын, уақыты жоқ қала.  Бәлкім сондықтан болар Наполеон Бонапарт «Әлем бір ғана ел болса,  астанасы Стамбул болар еді» деген. Шыныменен де әрбір бұрышында бір тосынсый күтіп тұрады.  Әрбір қадамда алдыңыздан тарих шығады.

Біз де сіздерді осы ежелгі қалада қыдыртып жүрміз.

Стамбулға келгенде бару керек жерлердің біріне алып барамын бүгін де.  Қайығымыз «Жиһанкез» бізді Кабаташ кемежайында түсіреді.  Жыл сайын миллиондаған адамды қонақ қылатын,  Стамбулдың ең көркем ғимараттарының бірі Долмабахчеге барамыз.

Долмабахче сарайы  бұғаздың ең тамаша жерлерінің біріне салынады.  Ол тұрған шығанақ ежелгі дәуірлерден бері кемелердің табиғи панасы. Османлы мемлекеті кезінде флот келіп тұратын осы табиғи порт жылдар бойы толтырылады және үлкен жасыл алаңға айналады. Осы жерде көптеген сарай мен шағын сарайлар салынады.  Сұлтан Абдулмежит осы ғимараттарды құлатып, жаңа бір сарай салғызады. Сарай өз атын осы толтырылған жерден алады.  Бешикташ жағалауы бойы созылған Долмабахче сарайы көрген адамды қайран қылады. Батыс текті сәулет пішіндері қолданылған сарайдың негізгі ғимараты теңізге параллель созылып жатыр.  Осы керемет сарай үш бөлімнен тұрады.  Падиша отбасымен бірге тұрған Гарем. Басқару орталығы ретінде қолданылған Селамлык, Рәсім залы. Осы бөлімдерді аралап,  бір кездердің салтанатына көз жүгіртелік.

Долмабахче сарайының ең маңызды бөліміндеміз енді.  Бұл жер падиша ел басқарған Селамлык. Басқаша атымен Мабейн Хумаюн. Кіре берісте бізді Хрустал баспалдақ қарсы алады. Протокол қабатын салтанат қабатына байланыстыратын баспалдақтың шет жақтары ағылшын хрустальдерінен жасалған.  Адам өзін шыны сарайда жүргендей сезінеді. Осы баспалдақ Суфера залына алып барады.  Ресми жиындар өтетін,  елшілер қонақ қылынған жер. Аты да сефир, яғни елші деген сөзден келеді.  Осы зал елшілер падишаға сенімхаттарын тапсырған Қызыл залға ашылады. Мемлекеттің күші мен байлығын көрсететін мақсатта қызыл және алтын түстер көп қолданылған осы залда.

Енді Долмабахче сарайының ең көркем бөлімі Рәсім залына өтеміз. Адам таңғалғанын жасыра алмайды. Себебі бұл күмбез сырттан қарағанда емес,  ішке кірген кезде көрінеді. Осы күмбез әлемдегі ең ірі күмбезді мекендердің арасында деп есептеледі. Британия патшайымы Викторияның сыйлығы болып табылатын 4,5 тонналық мына жылтыраған шамға қарап та адам таңғалады. Өте құнды Хереке кілемінің үлкендігіне де назар аударыңыз.  Рәсім залындағы барлық нәрсе үлкен, көркем.

Осы жерден бас ғимарат ішіндегі соңғы бөлім Гаремге барамыз.  Гаремдегі ең керемет үлкен бөлме Османлы падишасы тұратын Хүнкар пәтері.  Гарем бөлімінде айрықша Ана Сұлтан пәтері, Көк зал және Қызғылт зал бар.  Гарем алтын жалатылған бұйымдар,  хрустальдер және төбедегі керемет әшекейлерімен назар аударады.

Долмабахче сарайының түрік ұлтының көңілінде ерекше орны бар.  Республика жарияланғаннан кейін ұлы көсем Мұстафа Кемал Ататүрік Долмабахче сарайын Стамбулдағы Президенттік резиденциясы ретінде қолданады. Осында көптеген жұмыс жүргізеді.  Мысалы жаңа түрік әліппесі осында таныстырылады. 1938 жылдың 10 қараша күні Долмабахче сарайында көз жұмады. Денесі осында катафалкке қойылып,  он мыңдаған адам атасына құрмет көрсетеді.

Ататүрік Долмабахче сарайында 71 нөмірлі пәтерде тұрады. Түрік туымен көмкерілген төсегі мен Ол дүниеден өткен уақыт  09.05-ті көрсететін сағат әлі осында тұр.

Долмабахче сарайы  - адам қайда қарауы керектігін білмейтін керемет ғимарат.  Алтын, күміс және хрустальдері, теңдесі жоқ фарфорлары,  құнды картиналары,  әшекей мен декорациясы Османлының байлығын,  күшін көрсетеді.  Біз үшін бір ұлтты жойылып кетуден аман алып қалған, өмірін Түркия Республикасына арнаған Мұстафа Кемал Ататүрікті мәңгілікке аттандырған жер болуына орай Долмабахче сарайының ерекше маңызы бар.



Ұқсас жаңалықтар