Исмаил Гаспыралы

Өмірін түрік әлеміне арнағандар - 17

2186925
Исмаил Гаспыралы

Исмаил Гаспыралы

Ресейдегі түрікшілдік қозғалысының атасы ретінде қабылданған Исмаил Гаспыралының түрік әлемінде маңызды орны бар.  Өзі Қырым татары болған Исмаил Гаспыралы 1851 жылы 21 наурыз күні Қырымның Бахчасарай қаласы маңындағы Авжыкөйде дүниеге келді.  Әкесі Қырымның Гаспыра ауылында туған және патшалық армиясының отставкадағы лейтенанты – Мұстафа Алиоғлу. Анасы тамырлы әулеттің қызы – Фатма Султан. Исмаил Гаспыралы жергілікті мектепте басталған білімін Ақмешіт ер балалар гимназиясында жалғастырды.  Аяқтап шыққаннан кейін Воронежде бір әскери мектепке,  артынан Мәскеудегі әскери мектепке түсті.  Мәскеу сол жылдары асыра шовенизмнің орталығы болатын.  Ол өзі танысқан орыс зиялыларға құрмет көрсетті,  сонымен бірге оқудағы панславист атмосферада Ресей Империясындағы түріктерді ояту пікірінде болды.  Крит көтерілісінде орыс көтерілісшілерге қарсы күрескен Османлы армиясына қосылу мақсатымен Стамбулға кету үшін досы Мұстафа Мирза Давидовичпен бірге әрекет жасады. Осы мақсатпен Қырымға келді. Төлқұжаттары болмағандықтан Одесса шекарасына жетпей ұсталып қалды.

Бұл оқиға Исмаил Гаспыралының әскери оқуының аяқталуы деген мағынаға келді. Мәскеуге қайтып орала алмады. 1868 жылы 17 жасында Бахчасарайдағы Зинжирли медресесінде орыс тілін оқыта бастады. 1872 жылы Қырымнан кетіп, Стамбул, Вена, Мюнхен және Штутгард арқылы Парижге жетті. Париждегі екі жылда атақты орыс жазушы Иван Тургеневтің қасында көмекші болды,  сонымен бірге аудармамен айналысты. Артынан 1874 жылы Османлы офицері болу арманымен сүйікті қаласы Стамбулға келді.  Алайда жақсы хабар ала алмай бір жылдан кейін Қырымға оралды. 1878-1884 жылдар аралығында Бахчасарай әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Барған-жүрген жерлерінде жинаған тәжірибесі арқылы ол барлық қандастарын оятып,  қозғалысқа салу үшін баспа ісіне кірісуге бел байлады. Алайда орыстар газет шығаруына рұқсат бермеді.  Осыған орай 1881 жылы Ақмешітте шығатын «Таврида» атты газетте «Жас молда» деген лақап атпен, артынан кітап болып басылатын «Ресей мұсылмандары» атты мақалаларын жариялады.  Алайда Исмаил мырза түрік тілінде басып шығарғысы келді.  Ресми бастамалары нәтиже бермеген соң Тбилисиде түрлі есімдермен хабарлама секілді парақтар тарата бастады.  Көптеген қиындықтан кейін 1883 жылы газеттің барлығын орыс тіліндегі нұсқасымен бірге жариялау шартымен түрік тілінде бір газет шығаруға рұқсат алды.  Бірінші саны Бахчасарайда шыққан, аптасына бір рет жарияланған осы газеттің аты – «Тержүманы ахвал заман». Осы газет 1912 жылдан бастап күніне жариялана бастады.  Гаспыралы бір жағынан газет шығаруға тырысып отырып,  бір жағынан жедид ағымындағы мектептермен айналысты.  Сол үшін ел ішінде және шетелде көптеген жерді аралады.  Осылардың барлығы денсаулығына зиян келтіріп,  Исмаил Гаспыралы 1914 жылы 24 қыркүйек күні Бахчасарайда қайтыс болды.

Бүкіл өмірін түрік қандастарына,  түрікшілдікке арнаған Исмаил Гаспыралы «Тілде, пікірде, істе бірлік» қозғалысы бүгінгі күні түрік әлемінде ұранға айналды.  Ол бір мақаласында 25 жыл өмірінде немен айналысқанын және одан кейін не істейтінін мына сөздермен білдірген: «Жиырма бес жылдан бері айтып келе жатқаным,  жазып келгенім,  істегенім осы.  Амал табу,  жол ашу,  басқа ештеңе емес.  Себебі тамырлы, сабырлы және батыл түрік ұлты жалғыз қалып,  Қытай қорғанынан Жерорта теңізіне дейін кең жайылса да,  күші әлсіреді,  себебі ортақ тілге ие бола алмады. Мен осыған сенемін,  өлімге дейін осы ойда боламын»

Өмірін арнаған «Тержүман» газеті әрі Ресейде, әрі шетелде Польшадан Бомбейге,  Уфадан Мысырға дейін тарады.  Исмаил мырза өзін Қырым татары емес, ұлы түрік әлемінің өкілі деп есептейтін.  Татар ойшыл Желал Валидовтың «Татарлардың білім тарихы және әдебиеті» атты кітабында Гаспыралының бір газет шығару пікірін алға тартқанда,  танымал татар ғалым және ағартушы Шигабуддин Маржаниден насихат алу  үшін барғаны кездейсоқ емес.  Ол газеттің жариялану жоспарын бекіткен және ынталандырған тұлға болатын. «Тержүман» газетінің маңызы онда көтерілген тақырыптардың ауқымы,  алып жатқан территориясы және өзектілігінде көрінеді. Мысалы 1851 жылы Екінші санында «Саратов татарлары» және «Сібір мұсылмандары», 1902 жылы 18-ші санында «Қасимов татарлары және Еуропа мәдениеті», 1906 жылы 93-95-ші сандарында «Кездесу», «Төменгі Новгородтағы мұсылмандардың саны», сол жылы 79-83-ші сандарында «Қытай мұсылмандары» атты мақалалары жарияланды.  Гаспыралы «Тілде, пікірде,  істе бірлік» ұранымен барлық өмірін түрік халықтарын бір-біріне жақындатуға, ұлттық мәдениеттері мен саяси пікірлерін жетілдіру күресіне арнады.  Айрықша түрік халықтарының білімінде мұсылман мекбетінің реформасы, тіл мен тақырыптардың зерттелуіне үлкен мән берді.  Осы еңбегі нәтижесіз қалмады. 1914 жылы тек Ресей Империясы территориясында 5 мыңнан аса жедидшілік мектептері ашылды. 1910 жылы әлеуметтік-саяси, мәдени және ағартушылық істеріне орай Францияның журналы оны Нобель сыйлығына кандидат етіп көрсетті. Ғасырдың басында Ресейдің түрлі жерінде өмір сүретін көптеген жазушы және танымал тұлға өздерін Гаспыралының шәкірті деп көрсетті.  Гаспыралы бес газеттегі мақалалары тысында 38 кітап жариялап өзінен кейінгілерге үлгі болды.

Бүгінгі күні түрік әлемі лидерлерінің қолдауымен Түрік Академиясы, Түріксой, ТүрікПа секілді ұйымдар Гаспыралының өлмес пікірлерінен шабыт алынып құрылды.  Бір бағдарламаға сыймайтын еңбектері,  пікірлері және осы күрестегі еңбегі түрік әлемін болашаққа жетелей береді.

           

Дереккөз:    

1. Mustafa TOKER. (2001). İsmail Gaspıralı ve “Dilde Birlik” Fikri Üzerine. Karapınar, 31-46. S.

2. https://islamansiklopedisi.org.tr/gaspirali-ismail-bey

3. Mehmet Saray. (1987). Türk Dünyasında Eğitim Reformu ve Gaspıralı İsmail Bey (1851-1914). Ankara.

4. https://tatarica.narod.ru/cult/biographies/lit/gaspr.htm

 

 

 

 

 

 



Ұқсас жаңалықтар