Темір Ұлы Қаған

Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 19

826173
Темір Ұлы Қаған

Қытай өркениетінің қалыптасуында және бүгінгі Қытай елінің пайда болуында көшпенділердің үлесі зор екендігі белгілі. Ең алдымен Қытайды тарихта алғаш рет біріктірген Жоу әулетінің солтүстіктен келген көшпенділер екендігіне назар аударылуы керек. Одан кейінгі кезеңде Қытай атақты Чиң Шы Хуаң билігінде бірікті. Алайда Чиң Шы Хуаңның билігі озбырлығына байланысты ұзаққа бармады. Сондықтан біздің дәуірімізден бұрынғы 206 жылы Хан әулеті Қытайда билікке келді. Бұл әулеттің Қытайды төрт жүз жылдан астам уақыт билеуіне байланысты бүгінгі қытайлықтар өздерін «хан зу» яғни «хан ұлтымыз» деп атайды. Хан әулеті ыдырағаннан кейін қайтадан Қытайды қалпына келтірген тағы да сол солтүстіктен келген және 618-907  жылдар аралығында Қытайды билеген көшпенді Таң әулеті болды. Одан кейін Қытайға «Қытай» атын берген қидандар таққа шықты. Ал Шыңғыс ханның Төледен тарайтын немересі Құбылай құрған Юан әулеті бүкіл Қытайды қайта біріктірді. Алтын Орда, Елхан мемлекеті мен Шағатай хандығы тарапынан Ұлы қаған ретінде мойындалған Құбылайдың ісін оның ұрпақтары да жалғастырды. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Құбылай ханның мұрагері Юан әулетінің екінші билеушісі, Моңғол империясының алтыншы Ұлы ханы – Темір Ұлы Қаған болмақ.

Ұлы тұлғамыз  1265 жылдың 15 қазанында туып, 1307 жылдың 10 ақпанында қайтыс болды. Юан әулетінің Қытайды билеуіне байланысты тұлғамыздың екі аты бар. Бұлай екі ат қою тек Құбылай хан ұрпақтарында ғана емес, Ислам дінін қабылдаған Жошы мен мұсылман халықтарды билеген Шағатай ұрпақтары және Елхандарда да кеңінен тараған дәстүр еді. Мысалға Берке ханның Исламды қабылдағаннан кейінгі аты Ибрахим Жемаледдин екендігі белгілі. Сол секілді Құлағу ханның ұрпағы Қазан да мұсылман болғаннан кейін Махмут деген ат алған еді. Сондықтан Қытай өркениетінің ықпалында болған Құбылай ұрпақтарының түрікше немесе моңғолша аттарының жанында қытайша ат алулары да заңды құбылыс болатын.

Бүгінгі тұлғамыздың түрікше толық аты Олжайту Темір болып табылады. Бүгінгі тілімізбен айтқанда оның аты Олжалы Темір дегенді білдіреді. Ал қытайша аты – Юан Чың Зуң. Бұның мағынасы болса, «Юан әулетінің Табысты Атасы» болып табылады. Әкесі Құбылай ханның екінші ұлы Жынжиң. Шешесі – қоңырат руынан Көкежін немесе басқа атымен Байрам Үкеші. Құбылай ханның бірінші ұлы Доржы ертерек қайтыс болғандықтан Темірдің әкесі Жынжиң тақ мұрагері болып жарияланды. Алайда 1286 жылы Темір 21 жасында болғанда, әкесі де қайтыс болды. Сондықтан Олжайту Темірдің таққа шығу мүмкіншілігі арта түсті.

1287 жылы Құбылай ханның қытайландыру саясатына наразы болған Моңғолиядағы Шыңғыс ханның ағайындары Ұлы ханға қарсы көтеріліс бастады. Егер бұл көтеріліске Түркістандағы Үгедей ханның ұрпағы Қайду хан көмекке келсе, Құбылай ханның билігіне айтарлықтай қатер туындар еді. Сондықтан 72 жасына келген Құбылай қарттығына қарамастан көтерілісті жаншу үшін өзі қол бастап Моңғолияға жорыққа аттанды. Бұл жорыққа Темір де атасымен бірге қатысқан еді. Тіпті Темір Құбылай ханның Өзтемір деген ноянымен бірге көтерілісшілердің бір бөлігін жеңіліске ұшыратып ерлік көрсетті. Ал 1293 жылы Құбылай хан Темірді Қарақорым мен Моңғолияның билеушісі ретінде тағайындады.

1294 жылы Құбылай хан қайтыс болғаннан кейін әулеттің ақсақалдары Шандуңда құрылтай ұйымдастырды. Жынжиңнің Дармабала деген баласы да қайтыс болғандықтан таққа мұрагер ретінде Гаммала мен Темір ғана үміткер болды. Ақсақалдардың шешімімен Шыңғыс ханның өсиеттерін екі ханзадалардың қайсысы жақсы білсе, сол хан болып сайланатын болды. Жарысты Темір жеңгендіктен, Юан әулетінің екінші императоры болып сайланды.

Ұлы қаған ретінде Темір Құбылай ханның ісін жалғастырды. Темір ханның кезінде көп жорықтар болмаса да, Оңтүстік Шығыс Азиядағы Вьетнам, Бурма, Мьянма сынды елдер императордың билігін мойындады. Темір хан Құбылай ханның экономикалық және әкімшілік реформаларын да жалғастырды. Оның кезінде бюрократтар ретінде мұсылмандар, христиандар, қытайлар мен түріктер қызмет етті. Мысалға мұсылман Баян, Тибеттік Хон отбасы, Даоист Жаң Люсун Темір ханға қызмет етті. Мемлекеттік дін ретінде Конфуций ілімі қабылданса да, басқа дін иелері  емін еркін өз сенім -нанымдарын ұстана білді. Темір ханның шешесінің қоңырат болуына байланысты сарайдағы қоңыраттардың ықпалы өсті. Көкешін қатынның ордасы Луңфугуң атын алып, ондаған жылдар бойы қоңыраттардың орталығы болды.

Темір ұлы қағанның кезінде болған ең маңызды оқиғалардың бірі 1268 жылы басталған Үгедей ұрпақтары мен Құбылайдан тараған Төле ұрпақтары арасындағы Қайду-Құбылай соғысының аяқталуы болды. 1301 жылы Қайдудың қайтыс болуымен екі жақ 1304 жылы бітімге келді. Осы бітімнің арқасында Темір хан бүкіл Шыңғыс хан ұрпақтары тарапынан Ұлы қаған деп қабылданды. Алтын Орда, Елхан және Шағатай хандары іс жүзінде болмаса да, сөз жүзінде өздерін Юан әулетіне бағынышты білді. Тіпті жаңадан сайланған хандар Құбылай хан ұрпақтары тарапынан мойындалуы керек болды.

Қорыта айтқанда, Темір Ұлы Қағанның кезінде Қытай мәдениеті өзінің даму жолын жалғастыра берді. Әсіресе Юан әулетінің бүкіл Қытайда қауіпсіздікті қамтамасыз етуіне байланысты өнер мен білім дамыды. Моңғол билеушілерінің суретін салу дәстүрі осы кезде қалыптасты. Юан әулетінің толерантты билігінің арқасында далалықтар мен қалалықтардың араласуы жаңа мәдениет үлгілерінің пайда болуына себеп болды.



Ұқсас жаңалықтар