Мұхаммед Хорезмшах

Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары - 20

537301
Мұхаммед Хорезмшах

Түркі өркениетінің қалыптасуында белгілі бір әулеттердің маңызды рол ойнағандығы белгілі. Атап айтсақ, Батыр тәңірқұтыдан басталатын Ұлы Ғұн әулеті, Бумын елқаған мен Естеми ябғудан басталатын Көк түріктер әулеті, Тұғырылбек пен Чағрыдан басталатын Селчук әулеті, сонымен қатар Қарахандар мен Ғазнауилер Түркі тарихының басты тұлғалары болып саналады. Бұл әулеттердің үстемдік құрған кезеңдері шамамен бір ғасыр болып табылады. Қазақтың «елу жылда ел жаңа, жүз жылда тәмам» деген мақалы түркі әулеттерінің құрған мемлекеттерінің тарихын сипаттап тұрғандай.

Он екінші ғасырға келгенде бұл аталған әулеттердің көпшілігі әлемдік ықпалынан айрылып, аймақтық билеушілерге айналды. Ұлы ғұндардың ұрпақтары Болгария мен Венгрияның билеушілеріне айналды. Уақыт өте келе, олар өздерінің түркілік сипатынан айрылды. Көк түріктердің кейбір ұрпақтары Хазар мемлекетінің билеушілері, кейбіреулері Оғыздың билеушілері ретінде сіңіп кетті. Көк түріктердің ұрпағы болып саналатын Қарахандар Жетісу мен Шығыс Түркістанда жергілікті билеушілерге айналды. Селчук әулетінің өкілдері Батыс Азияда әсіресе Анадолыда өз биліктерін орнатты. Ғазнауилер солтүстік Үндістанда аймақтық хандыққа айналып, сосын бірте-бірте тарих сахнасынан кетті.  

Он екінші ғасырдағы Ислам және Түркі әлемінде ең мықты күшке Хорезм аймағында құрылған және Хорезмшах атауын алған мемлекет айналды. Бұл мемлекет Түркі мемлекеттер тарихының келесі бір кезеңі болып табылады. Олай болса, бүгінгі тақырыбымыз Хорезмшахтар мемлекеті және оның ең мықты билеушілерінің бірі Мұхаммед Хорезмшах.

Тұлғамыздың өмірбаянына тоқталмастан бұрын Хорезмшах мемлекетінің тарихын қысқаша баяндай кетейік. Хорезм аймағы он екінші ғасырдың басында Селчук мемлекетіне бағынышты еді. Бұл аймақты билеуге Селчук сұлтаны Мәлікшах оғыздардың бегдили деген руынан шыққан Ануштегінді тағайындаған болатын. Ануштегін қайтыс болғаннан кейін оның баласы Кутбеддин Мұхаммед мұрагері болып тағайындалды. Ал одан кейін оның баласы Ала-аддин Атсыз Хорезмді биледі. Атсыздың кезінде Хорезм аймағы экономикалық және әскери тұрғыдан дамыған еді. Ал Селчук мемлекеті болса әлсірей бастаған болатын. Сондықтан Атсыз Селчук мемлекетінен тәуелсіз болу үшін күреске кірісті. 1138 жылы Атсыз Селчук сұлтаны Санжарға қарсы көтеріліс бастады. Алайда көтеріліс сәтсіз аяқталды. Бұған қарамастан, Санжар Атсызды өз орнында қалдырды.

1141 жылы Түркі-Ислам әлеміне шығыстан жаңа бір жойқын күш келді. Қытайды билеп тұрған түріктің бір әулеті Қытайда биліктен айрылып, Түркістанға көшуге мәжбүр болды. Бұл әулет Қытайдың дінін, тұрмыс-салтын және дүниетанымын қабылдағандықтан оларды жергілікті түріктер «қара қытай» деп атады. Қара қытайлар Шығыс Түркістан мен Жетісуды жаулап, Мәуренахрға таяп қалды. Оларға қарсы Селчук сұлтаны Санжар қалың қол шығарып Самарқант түбінде үлкен шайқас болды. Алайда Селчук жағы жеңіліп, шегінуге мәжбүр болды.

Осы жеңілісті пайдаланып, Хорезмшахтар тәуелсіздігін жариялады. Бірақ бұл жолы да Санжар сұлтан Хорезмшахтарды өзіне қайта бағындырады. Тек 1157 жылы Санжар сұлтанның қайтыс болуымен және Селчук мемлекетінің ыдырауымен Хорезмшахтар күшейе бастайды. Ел-арслан мен Текеш Хорезмшахтары кезінде мемлекеттің шекарасы Мәуренахр, Хорасан мен Иранды қамтиды. Хорезмшахтар батыста Селчук сұлтандарын, Аббаси халифтерін жеңеді, ал шығыста қара қытайлардың шабуылына тойтарыс береді. Сонымен Хорезмшах мемлекетінің кеңею кезінде таққа Мұхаммед Хорезмшах отырады.

Ұлы тұлғамыздың толық аты мен атағы Ала ад-Дунийа уа-д-Дин Абу-л-Фатх Мұхаммед ибн Текеш. 1169-1220 жылдар аралығында өмір сүрген. 1200 жылдан 1220 жылына дейін Хорезмшах мемлекетін билеген. Мұхаммед Хорезмшахтың екі қарсыласы бар еді. Бірі – оңтүстікте Ғазнауи мемлекетінің мұрагері болып саналатын Гури сұлтандығы, екіншісі – шығыстағы қара қытайлар. Алдымен Мұхаммед Хорезмшах қара қытайлармен одақтасып, 1206 жылы Гурилер мемлекетін талқандады. Сұлтандарының өлімінен кейін ыдырап кеткен Гури сұлтандығын өзіне қосып алды. Сосын Мұхаммед Хорезмшах қара қытайларға қарсы шешуші соғысқа дайындала бастады. Алғашқы 1208 жылы болған шайқаста Мұхаммед Хорезмшах қара қытайлардан жеңілсе де, 1210 жылы Сыр Дарияның жағасында болған шешуші соғыста Хорезмшах мемлекеті үстем шығып, жеңіске жетті. Бұл жеңіс мұсылмандар тарапынан Исламның кәпірлерге жеңісі ретінде қабылданды. Осы жеңістен кейін Мұхаммед Хорезмшахтың абыройы өсіп, оны «Екінші Ескендір», «Сұлтан Санжар» деп атап, Селчук сұлтандары қолданатын «Алланың жер бетіндегі көлеңкесі» атағы берілді. Бұл деген сөз Хорезмшах мемлекеті Селчук сұлтандығының мұрагері дегенді білдіретін.

Шығыстағы ең күшті қауіп қара қытайларды, оңтүстіктегі ең үлкен қауіп Гури сұлтандығын талқандағаннан кейін Мұхаммед Хорезмшах Аббаси халифатын құлатып, тек зайырлы билеуші емес, сонымен қатар Ислам әлемінің діни басшысы болуды жоспарлап, 1217 жылы қалың қолмен Бағдатқа қарай жорыққа шығады. Алайда оның әскерлері таулы жолдан өтіп бара жатқанда, тау көшіп, көп шығын болады. Сонымен, Мұхаммед Хорезмшах Бағдатқа жорығынан бас тартуға мәжбүр болады.

1210-жылдарда шығыстан жаңа қауіп пайда болады. 1207 жылы Орхон аңғарындағы түрік-моңғол руларының басын қосқан, Тимучин «Шыңғыс хан» деген атақ алып, көрші елдерді жаулай бастайды. Алдымен Шыңғысхан Хорезмшах мемлекетіне 500 түйелік керуен жолдап, сауда қатынасын орнатуды ұсынды. Алайда, Мұхаммед Хорезмшах ол керуенді тыңшылар деп есептеп, Отырар қаласында оларды қырып тастауға бұйрық берді. Осыдан кейін екі жақ соғысқа дайындала бастады. Мұхаммед Хорезмшах өз әскерлерін бөлініп соғысуды ұсынды. Осы қатесіне байланысты Хорезмшах мемлекеті жеңіліс тауып тарих сахнасынан кетті.

Қорыта айтқанда, Мұхаммед Хорезмшах және оның мемлекеті Ислам-Түрік өркениетінің маңызды белесі болып табылады. Бұл кезеңде түріктер одан сайын араб-парсы мәдениетін қабылдай түсті. Бұл үдерісті шығыстан келген Шыңғыс хан империясы тоқтатты.

 



Ұқсас жаңалықтар