«Бажыян-ы Рум» ұйымы

Доц. Гүрай Кырпыктың мақаласы

498887
«Бажыян-ы Рум» ұйымы

«Бажыян-ы Рум», яғни Анадолы әйелдері атты ұйым Ахилік ұйымының әйелдер саласы болып табылады.  Селчук және мырзалықтар дәуірінде Анадолыда көріне бастаған осы ұйымның Османлы дәуірінде де жалғасқаны белгілі.  Осындағы «бажы» сөзі апа,  қарындас деген мағынаға келеді. «Рум» сөзі де Анадолы деген мағынада. Анадолыға түріктер келген кезде осы жерлер Рум жерлері деп аталатын.  Сондықтан Бажыян-ы Рум дегенде Анадолы әйелдері туралы айтылғаны түсінікті болады.

**

Ілімге,  өнерге және ахлаққа көп көңіл бөлінген ахилік ұйымында әлеуметтік және экономикалық тұрмыста әйелдің ықпалды орны бар еді. Анадолы әйелдері ұйымының Анадолыдағы танымал бірінші басшысы Ахи Евранның жұбайы Фатыма хатун. Одан кейін ІІІ Алаеддин Кейкубаттың қызы Мелике хатун. Осман Ғазидің атасы Гүндүз Алптің жұбайы Хайме хатун,  Ертугрул Ғазидің жұбайы, Осман Ғазидің анасы Халиме хатун.  Ахи Шерафеддиннің қызы Девлет хатун – Анадолы әйелдері ұйымының көшбасшылары болған.

Кейбір замандас тарихшылар орта шақта Анадолыдағы әйелдердің бас қосып,  бүгінгі мағынада азаматтық қоғамдық ұйым құруларына таңғалады. Мысалы неміс зерттеуші Франс Ташнер олардың бірі.  Франс Ташнер Ахилік ұйымы құрылған кезде құрылған осы ұйымның болғанына сенбейді. Себебі ол кездері түрік әйелінің осындай азаматтық қоғам құратын санада болғанын білмейді.

Ең байырғы Османлы мемлекеті тарих жазушысы Ашык Пашазаде болса Анадолыда құрылған Ахилік ұйымының жанында басқа бір әлеуметтік сынып Анадолы әйелдері туралы жазады.  Хаджы Бекташ Уәли дастанына қарағанда ахилікте сопы әйелдер «бажы» деп аталатын. Әрі халық дәстүріндегі әлі күнге келе жатқан кейбір мамандықтар, әрі тарихи құжаттар Анадолы әйелдері ұйымының болғанын дәлелдейді. Ашык Пашазадеге қарағанда, «Хаджы Бекташ Сұлтан олардың арасынан Анадолы әйелдерін таңдады, ол Хатун Ана. Артынан Хаджы Бекташ қайтыс болды. Хаджы Бекташ барлық нәрсесін Хатун Анаға аманат қылды» деп, Хаджы Бекташ Уәли мен Анадолы әйелдері арасындағы байланысқа да арнайы орын береді.

 Осы жердегі шындық, Анадолы әйелдері Анадолыдағы ахилік ұйымының әйелдер саласы болып табылады. 14-15-ғасырларда Анадолыны аралаған жиһангер Ибн Баттута мен Бертрандон де ла Брокиер айтып өткендей Анадолыда әйелдер ерлер сынды ат үстінде,  базарда саудада алғы шепте. Осы  мағынада 15-ғасырдың басында Дұлқадір мырзалығында қарулы ерлер мен әйелдерден тұратын түрікмен жасағы болған.

**

Кайсериде ахилердің өнеркәсіп қалашығында әйелдерге арналған жұмыс орындары болатын. Анадолы әйелдері ұйымына мүше әйелдер осы өнеркәсіп қалашығында қол өнерімен айналысатын.  Әйелдер көбіне шатыр материалдарын дайындап, киіз басады.  Нақыш ойып, жіп өреді. Кілем тоқып, жібек жіп өндірісімен айналысады. Әйелдер кәсіптік және техникалық тақырыптарда тәжірибе жинақтайтын.  Ахилік тақырыптарда кітаптар, оқулықтар пайдаланатын.

Анадолы әйелдер ұйымы әйелдер арасындағы ұйымшылдық,  қонақ жайлық, туралық және мейірімнің дамуына үлес қосты,  сонымен бірге түрік тілінің,  мәдениетінің және Ислам түсінігінің әйелдер арасында таралуын жылдамдатты. Бұл ұйым ахилердің әйелдер саласы ретінде жетім-жесір қыздарды қамқорлығына алған.  Олардың білім алуын, тұрмыс құруын қамдаған. Олардың тәрбиесіне жауапты болған.  Бұдан басқа жесір әйелдер мен қария кісілердің күтімі,  жас қыздардың тұрмысқа шығуы сынды бірсыпыра әлеуметтік қызметтер атқарған. Жағдайы нашарларға көмектескен.

Ахилік ұйымының ер мүшелеріне «қолыңа,  беліңе,  тіліңе ие бол!», яғни «ұрлық жасама,  басқа адамның намысына көз тікпе,  басқа адамдар туралы жаман сөз айтпа» деп үйретілсе,  Анадолы әйелдері ұйымының мүшелеріне «Жұбайыңа, жұмысыңа, асыңа ие бол!», яғни «жұбайыңа көмектес,  жұмысына және күн көрісіңе назар аудар» деген принциптер үйретілген.



Ұқсас жаңалықтар