Орталық Азия Республикаларындағы жаңалықтар

Еуразия күн тәртібі –17

2132364
Орталық Азия Республикаларындағы  жаңалықтар

2024 жылғы 15 сәуірде Ташкентте Араб  шығанағы елдері-Орталық Азия Республикалары Одағы Сыртқы істер министрлерінің 2-ші жиналысы өтті. Кездесуге Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Катар, Қырғызстан, Кувейт, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Түрікменстан және Оман сыртқы істер министрлері қатысты. Жиналыста 2023-2027 жылдарды қамтитын бірлескен іс-шаралар жоспарының егжей-тегжейлері талқыланды. Жиын соңында бірлескен декларация қабылданды. Араб шығанағы елдері-Орталық Азия Республикалары саммитінің 2025 жылы Өзбекстанда өтетіні белгілі болды.

*** 

2024 жылдың 18-19 сәуірінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Әуежайда өзбекстандық әріптесін Тәжікстан президенті Эмомали Рахман өзі қарсы алды. Екі ел президенттері жеке және делегация аралық кездесулер өткізді. Кездесулер нәтижесінде екі ел арасында 28 келісімге қол қойылды. Президенттер Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы одақтық келісімге қол қойды. Рахман мен Мирзиеев «Өзбекстанда жасалған өнімдер» жәрмеңкесін бірге аралады. Президенттер Душанбедегі Өзбекстан елшілігінің жаңа ғимаратын бірлесіп ашты.

***

2024 жылдың 18-19 сәуірінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен барды. Қырғызстандық әріптесін әуежайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қарсы алды. Астанада екі ел президенттерінің екіжақты кездесуі сәтті өтті. Президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Қырғызстан Жоғары Кеңесінің 6-шы отырысы өтті. Кездесу соңында екі ел арасында 7 келісімге қол қойылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз әріптесі Садыр Жапаровқа «Достық» орденін табыс етті. Президенттердің ана тілдерінде мәлімдеме жасағаны да назардан тыс қалмады. Сапар аясында ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерінің дөңгелек үстел отырысы, Қазақстан-Қырғызстан бизнес форумы, Жастар форумы, Халықаралық Жүсіп Әбдірахманов конференциясы,  Қырғызстан мен Қазақстанның өзекті мәселелерін шешуде ғылымды дамыту форумы өтті.

***

Тәжікстан түрік азаматтарына 2024 жылдың 20 сәуірінен бастап виза режимін енгізді. 2024 жылы 22 наурызда Мәскеуде орын алған терактіден кейін Түркия Тәжікстан азаматтарына виза беруді бастады.

***

Енді бір жағынан  тәжік БАҚ-тарында Тәжікстан парламентінің 2024 жылы 11 сәуірде Түркиямен 2023 жылы жасалған әскери-техникалық келісімді мақұлдағаны туралы хабар шықты. Хабарға қарағанда, Түркия Тәжікстанға ұшқышсыз әуе аппаратын сатып алу үшін 1,5 миллион доллар, әскери қызметкерлерді оқыту үшін 62 мың доллар бөледі.

***

Орталық Азия Республикалары басшыларының дәл осы күндері тұспа-тұс келген сапарлары және бұл сапарлардың өте нәтижелі болғаны аймақ елдері арасындағы интеграцияның қарқынды жалғасып жатқанын көрсетеді. Аймақ елдері әлемнің басқа да күшті мемлекеттерімен, аймақтық ұйымдарымен бірге кездесулер өткізіп, өз мүдделерін бірге қорғауды дәстүрге айналдырған. Қазақстанда жалғасып жатқан су тасқынына бірінші болып Орталық Азия елдері көп қол ұшын берді. Шекара мәселесі бар Тәжікстан мен Қырғызстанның шекараны анықтау комиссиясының басшылары бірлескен мәлімдеме жариялай бастады. Бұл жаңалықтардың барлығы Орталық Азияның болашағының жарқын болатынын көрсетеді.



Ұқсас жаңалықтар