Түрік Республикаларындағы оқиғалар

Еуразия күн тәртібі –09

2109956
Түрік Республикаларындағы оқиғалар

2024 жылы 19 ақпанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев президент болып қайта сайланғаннан кейін Түркияға алғашқы ресми сапарын жасады. Анкарада салтанатпен қарсы алынған президент Ильхам Әлиев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жеке және делегация аралық кездесулер өткізді. Келіссөздерден кейін екі ел арасында үш келісімге қол қойылды. Бұл келісімдердің ішінде Түркия-Әзербайжан университетін құру туралы келісім бар. Биыл Бакуде ашылатын университет түрік және ағылшын тілдерінде білім береді.

Президент Ильхам Әлиев Анкарада жасаған мәлімдемесінде Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Эрсин Татардың биыл Әзербайжанның Шуша қаласында өтетін Түрік Мемлекеттері Ұйымы саммитіне қатысатынын білдірді. Бұрын Солтүстік Кипр Түрік Республикасын тек Түркия ғана қолдаса, қазір Никосияны қолдаушылар қатарында Әзербайжан мен басқа Түрік Республикалары да бар.

***

Рауф Денкташ 2024 жылы 20 ақпанда ТҮРІКСОЙ Бас хатшылығының ғимаратында туғанына 100 жыл толуына орай еске алынды. Еске алу жиынына Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Эрсин Татар, Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз және басқа да ресми тұлғалар қатысты. Жиында Солтүстік Кипр Түрік Республикасының негізін қалаушы президенті Рауф Денкташтың суретші, жазушы және ақын болуы сияқты түрлі қырлары қатысушыларға таныстырылды.

***

Солтүстік Кипр Түрік Республикасының премьер-министрі Үнал Үстел Жаңа Әзербайжан партиясының шақыруымен 2024 жылдың 20 ақпанында Әзербайжанға сапар жасады. Премьер-министр Үстел Бакуде Жаңа Әзербайжан партиясы төрағасының орынбасары Тахир Будаговпен кездесті.

***

Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш 2024 жылы 22 ақпанда Бакуге барып, Азия Парламенттік Ассамблеясының 14-ші Бас Ассамблеясына қатысты. Бас Ассамблеяда Азия Парламенттік Ассамблеясының кезекті төрағалығы Түркиядан Әзербайжанға ауыстырылды. Сапар аясында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Куртулмуш  Әзербайжан премьер-министрі Али Асадов және Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесулер өткізді.

***

2024 жылдың 21 ақпанында Қазан қаласында «Болашақтың ойындары» 1-ші халықаралық спорттық турнирінің ашылу салтанаты өтті. Көпсалалы турнирдің ашылу салтанатына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Сербия және Тәжікстан президенттері қатысты. «Болашақтың ойындарына» 107 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысуда. Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Татарстан Республикасы басшысы Рустам Минниханов  Қазанда қонақ президенттермен екіжақты кездесулер өткізді. Татарстан басшысы Рустам Минниханов Беларусь президенті Александр Лукашенко және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа «Достық» орденін табыс етті. Санкцияға ұшыраған Ресей үшін мұндай оқиғалар Ресейдің әлемнен оқшауланбағанын көрсетуімен маңызды. «Болашақтың ойындары» 2024 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады.



Ұқсас жаңалықтар