АҚШ-тың Орталық Азия саясаты маңызды

Еуразия күн тәртібі - 8 -2020

1364182
АҚШ-тың Орталық Азия саясаты маңызды

Бүгінгі бағдарламамызда Өзбекстанда ұйымдастырылған Орталық Азия «С5+1» Сыртқы істер министрлері жиналысы мен АҚШ-тың Орталық Азия саясатына тоқталамыз.

2020 жылы 3 ақпанда Өзбекстан астанасы Ташкентте Орталық Азия «С5+1» Сыртқы істер министрлері жиналысы ұйымдастырылды. 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келген жиналысқа АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Сыртқы істер министрлері қатысты. Жиналыста АҚШ-тың Орталық Азия Республикаларымен қарым-қатынастары, энергия, аймақтық қауіпсіздік, халықаралық террор және ұшқарылықпен күрес, шекара қауіпсіздігі, Ауғанстан мәселесі тақырыптары талқыға салынды. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев еліне сапарлай келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоны қабылдады.

Майк Помпеоның Өзбекстан сапарынан кейін АҚШ-тың 2019 – 2025 жылдарын қамтыған жаңа Орталық Азия стратегиясы жарияланды. Стратегияда АҚШ аймақ елдерінің тәуелсіз, демократиялық жақтан басты орынға шығатын елдер болуын армандайды. Қауіпсіздік пен экономикалық қарым-қатынастардың жетілдірілуі де стратегиядағы басты тақырыптар. АҚШ Ауғанстандағы жүгін жеңілдету үшін Орталық Азия елдерін мәселеге араластыруды қалайды. Қытай мен Ресейді қоршауға алу мақсатында Түркістанның стратегиялық орны Вашингтон тұрғысынан маңызды болып табылады. Ресей мен Қытайдың күші мен ықпалы АҚШ тұрғысынан басты қауіп ретінде қаралатыны баршаға аян.

АҚШ НАТО арқылы аймақ елдерімен қауіпсіздік саласында ынтымақтастығын бекемдеп отыр. Вашингтонның аймақта азаматтық қоғамды күшейту талпыныстары барлық елде қалаған өресіне жете алмады. АҚШ әкімшілігі демократияны күшейту, қоршаған орта мәселелерінің алдын алу тақырыптары бойынша аймақ елдеріне қолдауын жалғастыруда.

Соңғы мезгілде АҚШ-тың аймақ елдерінен Қазақстан және Өзбекстанмен тығыз жұмыстану ниеті байқалуда. Аталмыш екі ел - аймақтағы ірі елдер. Түрікменстанның сыртқа жабық тұғыры, Қырғызстан мен Тәжікстанның қауіпсіздік тақырыбында Ресейдің, экономикалық жақтан Қытайдың әсерінде қалуы АҚШ-ты қаласа да, қаламаса да Қазақстан мен Өзбекстанға бейімделуге итермелеп отыр. Сол себепті Майк Помпео алдымен Қазақстанға барды, Нұр-Сұлтан мен Ташкенттегі мәлімдемелерінде АҚШ компанияларының осы елдердегі іс-шараларын түсіндірді. Сонымен бірге Қытайдың сезімтал мәселесі болған Шыңжаңға тіпті жақын орында болу тұрғысынан АҚШ-тың аймақ елдерімен, әсіресе Қазақстанмен тығыз жұмыстануы қажетті нәрсе.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің билікке келуімен Өзбекстанда болған өзгерістерді өзінің пайдасына айналдыру мақсатымен АҚШ соңғы жылдарда Ташкент әкімшілігімен жақын жұмыстануға талпынуда. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео жақында коронавируспен күресте Өзбекстанға жәрдем беретінін жариялады. АҚШ-тың Ташкенттегі өкілетті елшісі Дэниел Розенблюм Өзбекстанға бағытталған және қырғиқабақ соғысының өнімі - Джексон-Вэник заңының маңызын жойғанын хабарлады. АҚШ Өзбекстанның Еуразия Экономикалық Одағына емес, Бүкіләлемдік Сауда Одағына мүше болуы үшін еңбектенуде.

АҚШ әкімшілігі Ауғанстан мәселесінің шешімінде де, жаһандық бәсекелестерін қоршау мақсатымен де Орталық Азия аймағындағы болмысын күшейтуге мәжбүр. Ресей мен Қытайдың аймақтағы орны АҚШ-тың Орталық Азияда ықпалды болуын қиындатқан маңызды себептер болып табылады. Сонымен бірге Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше Үндістан мен Пәкістан да аймақта әсерлі болу мақсатымен соңғы жылдарда талпыныстарын арттырды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Түркия Түркістан географиясындағы бауырлас республикаларға жақындық көрсетіп, оларға қолдауын жалғастырды. Бүгінгі таңда Түркияның аймақ елдерімен қарым-қатынастары жоғары өреге көтерілді. АҚШ Орталық Азияда ықпалды болу үшін Түркияның қолдауына мұқтаж болып табылады.



Ұқсас жаңалықтар