Сәлім Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар-23

Сәлім Керей Хан

Он жетінші ғасырда Қырым хандығы Османлы мемлекетінің вассалына айналды. Османлы падишахтары өз мүддесіне сай адамдарды Қырым тағына шығарып, Османлы мемлекетінің саясатына қарсы келген хандарды тақтан түсіріп отырды. Осы кезеңде төрт рет таққа шығып, төрт рет тақтан түскен Қырым ханы Сәлім Керей болды. Олай болса бүгінгі бағдарламамыз осы ұлы тұлға турасында болмақ.

Сәлім Керей 1631 жылы туып, 1704 жылы қайтыс болған. Демек он жетінші ғасырдың екінші жартысына ол өз таңбасын қалдырған. Қырым ханы Бахадыр ханның ұлы болып табылады. Бақшасарайда туып өскен Сәлім Керей жан-жақты білім алған. Оның діни білімі де терең еді. Арабша және парсыша секілді бірнеше тіл меңгерген болатын. Ол халық арасында да, рубасылары мен билер арасында да беделді еді. Әкесінің билік құрған кезінде қалғай болған ұлы тұлғамыз 1662 жылғы Бужин шайқасында қол бастап, орыс-казак әскерлерінің шабуылына тойтарыс берген болатын.

1671 жылы Қырым тағына отырған Сәлім Керей өзінің қалғайы ретінде інісі Саламат Керейді, ал нұреддин ретінде немерелес інісі Сафа Керейді тағайындады. 1672 жылы Османлы-Польша соғысына Қырым әскерлерінің қолбасшысы ретінде қатысып, Украинаның Бар қаласының алуына үлес қосты. Ал 1677 жылы Украина-Ресей соғысында Османлының одақтасы болған украиналықтарға қолдау көрсетуі керек болатын. Алайда бұл соғыста ұлы тұлғамыз сәтсіздікке ұшырап, соның жазасы ретінде тақтан түсіріліп, Родос аралына жер аударылды. Сәлім Керейдің орнына келген Мұрат Керей хан 1683 жылғы сәтсіз Вена қоршауынан кейін тақтан түсірілді. Оның орнына хан болып тағайындалған Қажы Керейді Қырым халқы қолдамады. Ақырында 1684 жылы Сәлім Керей қайтадан Қырым ханы болып тағайындалды.

Ұлы тұлғамыз екінші рет таққа шыққан кезінде Ресей мен Австрия Османлы-Қырым жерлеріне шабуыл жасап жатыр еді. Алдымен Сәлім Керей орыс кінәзі Василий Голицыннің Қырымға шабуылын қайтарып тастайды. Одан кейін Австрия қолын Болгария жерінде жеңіліске ұшыратады. Бұл шайқастан кейін ұлы тұлғамыз Румелі жерін жаудан азат еткен қахарман ретінде Ыстанбұлға келеді. Оны халық үлкен қошеметпен қарсы алады. Алайда 1691 жылы бас уәзір болып тағайындалған Мұстафа Фазыл Көпрүлі пашамен түсініспеушілік туындады. Оның үстіне қырымдық билер мен рубасылары ханның түбекте қалып, Қырым хандығын қорғауы керектігін айтса, Османлы сұлтаны қырымдықтардың Балқан елдерінде Ыстанбұлдың мүддесін қорғау керектігін бұйырады. Бұл жағдайды шешу ханға қиын болды. Ақырында сол жылы  ұлының соғыста қайтыс болғандығы туралы хабарды алған соң, ұлы тұлғамыз 1691 жылы өз еркімен Қырым тағынан бас тартып қажылыққа кетті.

Сәлім Керей қажылықта жүрген кезінде Мұстафа Фазыл Көпрүлі паша Сербияда бір жорықта қайтыс болды. Оның үстіне Сәлім Керейдің орнына хан болған Сафа Керейді Қырым халқы қолдамаған еді. Осы себептерге байланысты қыжылықтан Ыстанбұлға қайтып келген ұлы тұлғамыз 1682 жылы үшінші рет Қырым ханы ретінде тағайындалды. Бұл кезеңде Сәлім Керей Ресей патшасы І Петрмен соғысып өтті. Бұл соғыстардың нәтижесінде 1699 жылы Карлович және 1700 жылы Ыстанбұл келісімшартына қол қойылды. Османлы-Австрия арасында жасалған Карлович келісімшартына сай Османлы  мемлекеті Шығыс Еуропадағы жерлерінен айрылды. Ал 1686-1700 жылдар арасындағын Османлы-Ресей соғысын аяқтаған Ыстанбұл келісімшартына сай орыстар Азов теңізіне шыға алатын болды. Бұл Ресей патшалығының Қырым хандығын жаулауының басы еді. Бұл келісімшарттардан кейін Ресейдің үстемдігі анық байқалған еді. Бұл келісімшарттардан кейін Сәлім Керей тағы да өз еркімен Қырым тағынан бас тартып, бүгінгі Ыстанбұлдың маңындағы Силивридегі фермасына кетіп қалды.

Қырым тағына шыққан ІІ Дәулет Керей Ресейдің Швециямен соғысын пайдаланып, орыс жерлеріне шабуылдауды жоспарлап бұл жорыққа дайындала бастады. Алайда Қырым хандығының Ресейге шабуылы Османлы мемлекетінің де бұл соғысқа араласуын керектіретін еді. Ал бұл кезеңде Османылының әлсірегені соншалық оның экономикасы бұл жаңа соғысты көтере алмас еді. Осы жағдайға байланысты Османлы сұлтаны ІІ Дәулет Керейді тақтан түсіріп, Сәлім Керейді қайтадан Қырым ханы деп жариялайды. Осылайша, ұлы тұлғамыз Қырым тағына төртінші рет шыққан болды. Бұл кезеңде Сәлім Керей хандық ішіндегі алауыздықты тоқтатып, тұрақтылық орнатты. Ұлы тұлғамыз Бақшасарайда 1704 жылы қайтыс болып өз атындағы кесенеге жерленді.

Қорыта айтқанда, ұлы тұлғамыздың өмір сүрген және билікте болған кезі Ресейдің күшеюі кезеңіне дөп келді. Сәлім Керей орыстардың Қырымға қарай жылжуын қолынан келгенінше тоқтатуға тырысты. Ұлы тұлғамыз тек саясаткер ретінде ғана емес, ақын және музыкант ретінде де халықтың құрметіне бөленді. Оның орыстарға қарсы соғыстарда жасаған ерлігін баяндайтын «Зафернама» дастаны жазылған. Сәлім Керей Ыстанбұлда тұрған кезінде Османлы музыканты Танбури Мехмет Хафыз Постпен достық құрды. Тіпті кейбір деректерде ұлы тұлғамыздың Хафыз Постқа танбур тартуды үйреткендігі де айтылады. Ұлы тұлғамызды ұрпақтарына келетін болсақ, одан кейін Қырым тағына отырған хандардың барлығы Сәлім Керейдің ұрпақтары болып саналады. Дәлірек айтқанда, әр кезеңде Сәлім Керейдің алты ұлы Сағадат IV Керей, Қазы III Керей, Меңлі II Керей, Дәулет II Керей, Каплан I Керей және Саламат II Керей Қырым тағында отырды.



Ұқсас жаңалықтар