Қ.Р. Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия сапары

Еуразия тынысы 33

569821
Қ.Р. Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия сапары

Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 тамыз күні Түркияға ресми сапармен келді. Нұрсұлтан Назарбаев президент Реджеп Тайып Ердоған тарапынан президенттік сарайда рәсіммен қарсы алынды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 15 шілде күні табыссыз аяқталған төңкеріс әрекетінің артынан Анкараға ресми сапармен келген тұңғыш жоғары деңгейдегі қонақ ретінде тіркелді. Протоколда қақпасында орын алған күзет платформасында әскердің орнына арнайы жасақтар қызмет атқарды.

Президенттік сарайда Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Режеп Тайып Ердоған оңаша және делегация аралық кездесті. Кездесудің артынан басшылар ортақ баспасөз жиналысы өткізді.

Баспасөз жиналысында алғашқы мәлімдемені жасаған президент Ердоған «Күдіксіз мұндай кезеңдер нағыз қара күн досы мен басқалар ажыратылатын кез болып табылады. Тәуелсіздіктен бері өткен 25 жылда әрдайым Қазақстанды қолдаған бір ел ретінде бүгін осы сапармен жүзеге асқан бауырластықты ешқашан ұмытпайтын боламыз. Қазақта «Жаман жігіт басын арашалайды, жақсы жігіт досын арашалайды» деген мақал бар. 15 шілде күнінен кейін жүзеге асқан бұл сапар Қазақстанның және түрік дүниесінің ақсақалы Назарбаевтың бұл елге жаны ашитын қара күн досы екенін тағы бір рет ортаға қойды» деп Назарбаевтың сапарына баға берді.

2016 жылдың ЮНЕСКО тарапынан Түркия мен Қазақстанның ортақ бастамасымен «Халықаралық Қожа Ахмед Ясауи жылы» ретінде жарияланғанын атап көрсеткен президент Ердоған Қазақстанды 28 маусым күні өткен дауыс беруде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі уақытша мүшелігіне сайланғаны себепті құттықтап, табыс тіледі. Ердоған сондай-ақ Түркия-Ресей ынтымақтастығын қалпына келтіретін бітімгерлік үшін Назарбаевке алғысын айтты.

Баспасөз жиналысында сөз алған Назарбаев «Мен әдейі осы сапарыма бауырым Ердоған мырзаға, Түркия мемлекетіне қолдау көрсетейін деп келдім» деген сөздерімен төңкеріс әрекетіне және үшінші күштердің ойындарына қарсы әрқашан Түркияны қолдағанын көрсетті. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш таныған елдің Түркия екенін еске салған Назарбаев «Түркия-Қазақстанның ең жақын әрі сенімді және экономикалық әріптестерінің бірі. Солай бола бермек әр уақытта. Себебі біз түбі бір, тарихы бір, мәдениеті мен діні бір елдерміз. Бүгінгі ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз одан әрі өрби береді. Байланыстарымыз бірте-бірте ілгерілеп, қазір стратегиялық сипатқа ие болды. Бауырлас жұрт барлық қауіп-қатерлерге төтеп беріп, өркендеу жолын жалғастыруда. Қазақстан Түркияға, Түркия Қазақстанға үнемі қолдау көрсетеді. Және әрқашан осындай болу қажет. Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі жандандырады деп сенемін. Біз жеке кездесуде барлық жағдайды, саяси, болған жағдайды, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты сеператизмге қарсы күресті, Түркияның төңірегіндегі ахуалдың барлығын ақылдасып келістік. Ердоған мырзаның Шанхай ынтымақтастық ұйымына Түркия мемлекетінің қабылдануы жайындағы маған айтқан ұсынысын мен түгелдей қолдаймын. Біздің әріптестеріміз де қолдайды деп сенемін» деді. «Біз Қазақстан болып, басқа да түркі тектес мемлекеттер түрік мемлекетіне үлкен сенімменен қарап, арқа сүйедік. Түрік мемлекетінің мықты болуы, әлемде беделді болуы, сөзін өткізе алатыны біз үшін өте қажет. Оны өздеріңіз білесіздер. Сондықтан түркі тілдес елдердің бірлігі өте қажет. Бірлесіп істейтін болсақ, біз қол жеткізе алмайтын биіктер болмайды. Түркия бір белесте тұр. Айтатыным, мына төңкерісті жеңіп шығып, өзі қазір қиын жағдайда тұрғанда елдің барлығы қай жаққа жол басатынын біліп отыр. Мен сенімдімін. Түркия бұл бағыттан таймайды» деген Назарбаев «Құрметті бауырым, президент мырза, сіздің жасыңызға зор денсаулық пен табыстар тілеймін. Бауырлас түрік халқына еш уақытта мызғымай, барлық жауларға төтеп беріп, бір мемлекет ретінде Қазақстандағы бауырларыңыз әр қашан сіздермен бірге. Қазір де, болашақта да бірге болады» деп мәлімдеді.

Президент Назарбаев Қазақстандағы түрік мектептерімен байланысты «Бұл мектептер мемлекеттің бақылауында. Біз Түркияға қарсы жұмыс істейтін ешкімді қолдамаймыз. Бұл мүдделерімізге қарама-қайшы, біз келістік. Бақылау жүргіземіз. Байланысы барларды кері қайтарамыз және жаңа мұғалімдер талап етеміз. Біз бұған марқұм Өзал кезінде бірге қол қойғанбыз. Сол кезде Фетуллах дегенді көрген жоқпын. Олардың арасында террорға араласқандар бар болса, біз Түркияның бар талаптарын орындаймыз. Бұл мәселе шешіледі, заңнан шығуға болмайды» деді.

Назарбаевтың осы мәлімдемесі Түркияның FETÖ-шыларға қарсы күресі тұрғысынан өте маңызды.

Ортақ баспасөз жиналысының артынан қонақ президент үшін қонақасы берілді. Қонақасыға бауырлас елдердің дипломатиялық өкілдері қатысты.

Ауыр кезеңнен өткен Түркияға түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдау мақсатты келуі аса маңызды бір оқиға.

Назарбаевтың баспасөз жиналысында айтқан «Мен әдейі осы сапарымды бауырым Ердоған мырзаға, Түркия мемлекетіне қолдау көрсетейін деп келдім» және «Түркияға қарсы жұмыстанған ешкімді қолдамаймыз» деген сөздері сапардың мақсатын ашық түрде ортаға қояды.

Екі ел арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2 миллиард доллармен шектелді. Әр түрлі себептерден мемлекет басшылары нысанаға алып отырған 10 миллиард долларлық сауда айналымына қол жеткізудің қазірше қиын екенін айту керек. Еуразия жағрапиясын бір-бірімен байланыстыратын Жібек жолы, Баку-Тбилиси-Карс сияқты жобаларды жүзеге асыру және Каспий теңізінің одан белсенді қолданылуы екі жақты ынтымақтастықты одан әрі жетілдіреді. Екі ел арасында өткен жылы қабылданған экономикалық «Жаңа синергия бағдарламасы» да екі жақты ынтымақтастықты жетілдіру тұрғысынан аса маңызды. Түркі тілдес мемлекеттердің әрқашан бірін-бірі қолдап отырғанын армандаймыз.



Ұқсас жаңалықтар