Түрік әдет-ғұрыптары 45

Түрік мәдениетінде тырна құсына байланысты нанымдар.

187909
Түрік әдет-ғұрыптары 45

Көптеген мәдениетте жануарлармен байланысты хикаялар мен нанымдар бар. Тырна құсы да мифтік әңгімелерден аңыздарға, нанымдардан ғұрыптарға дейін ұлттардың тіршілігінде маңызды бір орынға ие болған. Тырна құсы Орталық Азиядан Жапонияға дейін кең бір жағрапияда бақыттың, ұзақ ғұмырдың және бейбітшіліктің символы ретінде киелі болып қабылданады. Түрік мәдениетінде көптеген құс түрі арасында тырнаның бөлек және ерекше бір орны бар. Тырна ақ дегелек сияқты аяқтары ұзын, нәзік мойынды, жылтырақ, әдемі көзімен көшпелі бір су құсы болып табылады. Тырнаның басының арт жағында артқа қарай салбыраған түгі мен қанаттарында көк, қызыл және жасыл түктері болады. Тырна Анатолыда «жас қыз мен сұлулықтың» символы. Жас және сұлу қыздар тырнаға ұқсайды.
* * *
Тырналардың тіршіліктеріне қарағанда таң қалдыратын және сұқтанатын ерекшелігіне кездесеміз. Тырна құстары шаршамастан ұзақ қашықтықтарға қанат қағып, көк аспанда ең көп ұшатын құс түрлерінің бірі. Тырналар топтық көшіп жатқанда, әсіресе латын әліпбиіндегі “V” түрінде ұшады. Топтың алдында ұшқан көш басшы тырна болып табылады. Бұл оларға тән ұшу әдісі. Ұша алмайтындай науқас, мүгедек және қартайған тырналарға басқалары қолдау береді. Адамдардың ғаламшарда жасаған жамандықтарына қайғырып, кейде адасады деп айтылады. Тырналар жұп болып өмір сүреді және бір жұппен өмір кешеді. Жеке ұялары болады, ұяларын басқалардан бөліп алады. Ұрғашы тырна ұясын салғанда, жұмыртқасын еркек тырнамен кезектесіп қорғайды және ұяға жатты жақындатпай жанұясын қорғайды. Жанұяға бағыныштылықтың ең маңызды үлгісі ретінде тырна қосағы өлген соң оны жеті жыл күтеді. Басқа тырналармен қосылмайды. Егер бір аңшы кезкелген біреуін атса немесе тырналардың бірі өлсе, екінші тырна да өлімді таңдап, өзін суға тастайды. Тырналардың тіршілігінде жанұяға бағыныштылық және сүйіспеншіліктің ең жақсы үлгісін көреміз. Тырналардың осы жақсы және маңызды ерекшеліктері себепті Анатолыда тырнамен байланысты көптеген нанымдар болған. Осы нанымдардың көпшілігі тырналардың осы ерекшеліктеріне назар аудару және оларды қорғауға бағытталады.
Анатолыда жалғасқан осы нанымдарға қарағанда тырнаны жолынан адастыру және оны көк аспанда тұту күнә болып қабылданады. Жұбы өлтірілген тырна жерге қонады және жұбын тастап кетпейді. Сол себепті осы тырнаны аулау және ұстау өте жеңіл болады. Дегенмен тырнаны өлтірген кісі мен жанұясының қайғыға бататыны немесе өлетіні туралы наным халық арасында кең тараған.
Келіндердің басына бақыт әкелетініне сеніп, тырна сымын тағады. Тырна берекенің және тыныштықтың символы ретінде қабылданады. Тырна үстінен ұшқан немесе қонған егістік берекелі болады. Көктем келгенде тырна ауызында бидаймен қайтса молшылық, сүйекпен қайтса өлім, жыланмен қайтатын болса апат болатынына, төмен ұшса ауа-райының салқындайтынына, жоғарыдан ұшқан кезде ауа-райының жылы болатынына сенеді.
Анатолының кейбір жерлерінде тырна тілек тілеудің себебі ретінде қабылданады. Тырна көк аспанда бағытын өзгерткенде және «гурк-гурк» деп сайраған кезде тілек тілейді, тырналар ары қарай жолын жалғастырғанда тілектердің орындалатынына сенеді.
Тырна Алеви және Бекташи мәдениетінде де аса маңызды болып табылады. Алевилікте тырна мен көгершін киелі екі құс болып қабылданады. Әзірет Алидің дауысын тырнаға бергеніне сенеді. Тырна семахы болса тырнаның ұшқанын елестетеді. Тырналардың көк аспандағы әрекеттерінің бір көрінісі ретінде қимыл-әрекеттерімен семахқа айналған кісілер халықпен қауышады. Тырна семахы осы кездесуді түсіндіреді.
Түрік ауыз әдебиетінде әсіресе де халық хикаяларында және халық әндерінде көшпелі бір құс болуы, ел аралағаны себепті тырна сүйіктінің, елдің, шешенің хабарын әкелуші, өзіне сұрақ қойылған, мұң шағылған бір құс. Тырналар халық әндерінде туған жерлерін аңсағандардың, сағынғандардың, сүйіктісін күтіп отырғандардың сезімдеріне тілмаш болған. Тырналар осы міндетті мойындарына алуына адамның тырнамен құрған сезімдік байланыстың әсері үлкен.
Тырна Анатолыда және Румелияда жердің атауы, адамның атауы және лақап ретінде кең тараған. Түріктер киім-кешекте, тоқымдарында, ою-өрнектерінде, есіктерінде, бесіктерінде, тас пен ағаш ұсталығында тырнаны мотив ретінде қолданған. Түрік әйелі қол бұйымдарында, тоқымдарда, тырна аяғы, тырна қанаты, тырна қатары деген атаулар қалыптастырған. Бала ойын-сауықтарында физикалық ерекшеліктері мен дауыстары балаларды қатты қызықтырған барлық құстар сияқты тырна да орын алған. «А ақбас тырна», «тырнаны атты» деген ойын-сауықтар осылардың кейбіреулері ғана.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар