Түрік әдет-ғұрыптары 50

Түрік мәдениетінде сый-сияпат көрсету / Сыйлық беру.

Түрік әдет-ғұрыптары 50

Сыйлық беру тек қана түрік мәдениетінде емес,барлық мәдениеттерде байқалған жаһандық бір мәдениет үлгісі болып табылады. Бірақ сыйлықтың қашан берілетіні және ерекшелігі әр мәдениетте әртүрлі болып кездеседі. Сыйлық қарсылық күтпей, көңіл разылығымен беріледі. Сыйлық беру достықты нығайту, маңызды күндерді еске алу және қолдау көрсету мақсатты жасалады. Ислам діні сыйлық берудің маңызына назар аударып, сыйлық беруді бұйырады. Сыйлық беру адамдар арасында сүйіспеншілік пен қарым-қатынасты арттырады. Түрік мәдениетінде исламнан бұрын және кейін сыйлық беру маңызды орын алған. Исламнан бұрынғы деректерде көрінетін сыйлық беру туралы салттардың маңызы исламның қабылдануымен бірге одан да арта түсіп, Түрік мәдениетінің сипаттық ерекшеліктерінің біріне айналды.
* * *
Құранда «Қайырымдылық жасаңдар, күдіксіз Алла Тағала қайырымдылық жасағандарды жақсы көреді. Алланың саған қайырымдылығы сияқты сен де қайырымдылық жаса» делінеді. Сый-сияпат - Алла жақсы көрген қылықтардың бірі.
Әзірет Мұхаммед адамдар арасындағы байланыстың нығаюы үшін сыйлық беруді бұйырған. Әзірет Мұхаммедтің жұбайы Әзірет Айша «Расулүллах сыйлық қабылдайды және оның қарсылығын қайтарады» дейді. Тағы бір хадисте «Сізден біреу сапардан оралғанда жанұясына сыйлық әкелсін» делінеді.
Бір ұлттың болмысы мәдени байлықтарды жалғастырумен байланысты. Осы байлықтардың бірі ретінде сыйлық беру - туған күн, сүндет, құда түсу, сақина салу, той, айт сияқты адам мен қоғамға қатысты, хадистер негізінде жүзеге асқан еске түсіру мен көңілді жұбатудың бір көрсеткіші. Түрік мәдениетінде маңызды орны бар сыйлық мәдени байлығымыздың үлкен ережесі. Адамдар бір-бірін ұмытпағанын және бір-біріне деген сыйластықты көрсету мақсатты сыйлық алып, береді. Орталық Азия түрік мәдениетінде хандар, сұлтандар, билер және байлар той-жиындарда мүлкін келген қонақтарға талан-тараж еттіретін. Бұл да бір жағынан той-жиындарға келушілерге өз еркімен мүлкін «сыйға тартуы» деген мағынаға келетін. Османлы сарайында және үйлерінде де әсіресе ораза айында ауыз ашардың артынан «тіс ақы» деп аталған сыйлық таратылуы немесе берілген үлкен ауыз ашарлардың артынан «шаналарды талан-таражға» салуы да сыйлық берудің бір түрі болып табылады.
Бұрынғы түріктерде жаңа жылдың бастауы және көктем мерекесі ретінде 21 наурыз күні тойланған Наурыз мерекесінде барша (жасы кішкентай да болса) жақын-туысына сыйлық алатын. Османлы сарайында да Наурыз күні сыйлықтар таратылатын. Падиша мен уәзір сарайларындағы барлық қызметкерлерге «Неврузийе» деп аталған сый-сияпат берілетін. Сондай-ақ мемлекеттік мәртебедегі адамдар да Наурыз себепті падишаға «Неврузийе пишкеси» деп аталған сыйлықтар табыс ететін. Тарихта мемлекеттік лауазымдылардың сыйлықтары арасында әсіресе жылқы, киім және құнды тастар болған.
Түрік мәдениетінде сыйлықтың бағасы адамдар үшін онша маңызды емес еді. Маңыздысы еске түсіріп, сыйлық әперу болатын. «Жарты алма мен көңіл ал», «Досым мені алмамен де болса есіне алсын» деген мақалдар сыйлықтың құны мен ерекшелігінің маңызды еместігін, символдық болса да кезкелген бір сыйлық беру керектігіне назар аударады.
Түрік мәдениетінде тіршіліктің әр сатысында сыйлық беру маңызды. Өмірдің бастауы ретінде дүниеге келулерде жанұяның туысқандары, көрші мен достары нәресте көруге келген кезде оған қажетті материалдарды сыйға тартады. Отбасының үлкендері болса сыйлық ретінде алтын әкеледі. Нәрестеге әкелінген сыйлықтар мұнымен шектелмей, одан кейін де жалғасады. Нәрестенің тісі шыққанда жасалған «тіс хедиғи» рәсімі, ер бала болса сүндет тойы, бала мектепке бастаған кезде де әртүрлі сыйлықтар беріледі. Анатолыда бала Құран оқуды үйреніп, Құранды оқып бітірген соң жақын-туыстары баланы ынталандыру мақсатты сыйлық әпереді. Ер балалардың өміріндегі маңызды сәттердің бірі болған әскерге шығарып салғанда да сыйлық береді. Сыйлық берудің тағы маңызды сатыларының бірі де тойдың алдында және кейінгісі. Сақина салғанда және той алдында күйеу және жанұясы тарапынан келінге тағы үшін білезік, алқа, сырға, жүзік сияқты алтын бұйымдар сатып алынады. Сондай-ақ келінге киім, аяқкиім, сөмке және пальто сияқты киімдерді де сыйлық ретінде алады. Той рәсімі кезінде де келін мен күйеудің жақындары келінге сыйлық ретінде алтын тағады. Жаңа тұрмыс құрғандарға алтыннан басқа үй жиһаздары мен ақша да сыйлық ретінде апарылады. Осы сыйлықтар жаңадан отау тіккен жастардың үйінде жоқ бұйымдарын толықтыруы тұрғысынан да маңызды. Түрік мәдениетінде үй сатып алғандарға да сыйлық ретінде зат алып барады. Әсіресе үйленгендерге және үй сатып алғандарға сыйлық апару - әлеуметтік қолдаудың бір үлгісі. Үйленгендерге және үй сатып алғандарға сыйлық апарғанда қандай затқа қажеттілігі бар екенін сұрау да ғұрыптардың бірі. Айтта отбасының үлкендеріне айттап барғанда тәтті, кәмпит немесе шоколад апарады. Киелі кештерде қонаққа барғанда сыйлық ретінде «кандил симиди» апарылады. Қажылыққа барған адамдарға да ақ жол тілеп сыйлықтар апарылады. Қажылықтан оралғандар болса құттықтауға келушілерге беру үшін кішігірім сыйлықтар әкеледі. Ұзақ қалалар немесе елдерге барғандар алдымен жанұяларына және кейбір жақын достарына барған жерден символдық болса да сыйлық әкеледі. Ұзақ мемлекеттерге сапарға барған кісілерден сыйлық күткенін сездіру үшін Анатолыда «Диірменге барғанның құймағын күтеді» деген сөз кең тараған.
Қазіргі таңда да үздіксіз жалғасқан сыйлық беру әдеттеріне жаңалары қосылған. Жаңа жылда, туған күнінде, үйлену жылдығында, аналар күнінде, әкелер күнінде, бір адамның жұмыстағы мәртебесі өскенде, жұмыстан зейнетке шыққан кезде сыйлықтар беріледі.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар