Түрік әдет-ғұрыптары 30

Османлыда ораза айына тән ойын-сауықтар

73816
Түрік әдет-ғұрыптары 30

Рамазан айының алдында бүкіл халық қозғалып, іске кіріседі. Себебі рамазан айы ғибадаттар артқан бір ай. Рамазан айына тән арнайы іс-шаралар рамазан айының толқынын ерекше арттырады. Рамазан ғибадат және арылу айы болып табылады. Осы айда ғибадатпен бірге исламдық ережелерге сай бір ойын-сауық мәдениеті де пайда болған. Рамазанның әсіресе қыс маусымына дөп келуімен ауызашар және сәресі арасындағы уақыттың ұзын болуы рамазан ойын-сауықтарына қатысуды арттырған. Ауызашардан сәресі арасындағы мерзімде тарауых намазы оқыған халық сәресіге дейін ұйықтамай уақыт өткізу үшін рамазан ойын-сауықтарына қатысқан.
* * *
Османлы кезеңінде рамазандардың ең керемет ойын-сауықтары күдіксіз сәулелі ойындар болатын. Рамазанның келуімен әсіресе биліктің бас қаласы Стамбұлда әртүрлі орындар арнайы шамшырақтармен жарықтандырылған. Стамбұл көшелері көңілденіп, үлкен үйлері бар стамбұлдықтар үйлерінің алдын шамшырақтармен безендіретін. Фонарьлармен жолдар жарықтандырылатын. Маңызды жұмыстардың бірі де кейбір Сұлтан мешіттері арасына шамшырақтармен «махья» деп аталатын жазуларды ілу болатын. Мұнаралар арасына керілген осы махьяларға қоса, мұнараларда да шамшырақтар жағатын. Махьялар рамазан айы бойынша күнімен кешкі уақытта жағылатын. Осы махьяларға рамазанның алғашқы он бес күні хадистер, дұғалар және атаулы сөздер жазылар еді. «Алла», «Бисмилла», «Алхамдулиллаһ», «Сәлем», «Сәлем Рамазан айы», «Бақыт әкелдің» деген жазулар осылардың бірнешесі ғана. Соңғы он бес күн болса бір-бірінен қызық сәулелі суреттер олардың орнын алар еді. Әр күні кешкі уақытта әртүрлі махьяларда қайық, мұнара, алтыбақанға ұқсас суреттер әсіресе балаларға қатты ұнайтын.
Мешіттердің ауласы мен айналасы да намаздан кейін адамдар сұхбаттасқан, саудаласқан орындар болатын. Әсіресе сұлтан мешіттерінің аулаларында ашылған көрмелерде моншақ, кітап және ескі заттар сатқан саудагерлер бар еді. Сондай-ақ әртүрлі самсалар мен нан түрлері сатылатын.
Егер рамазан айы жазғы маусымға дөп келсе, Стамбұлда Фатих, Сұлтанахмет, Аясофия, Эйюп, Махмутпаша мешіттерінің ауласындағы ашық аспан шайхаеналарға барып, терауих уақыты келгенше осында қорқор тартып, кофе ішетін. Кейін болса терауих намазы үшін мешіттерге барып, намаздың артынан да рамазан ойын-сауықтары бар жерлер араланатын. Әйелдер де бір-бірлерінің үйінде жиналып, сәресіге дейін сұхбаттасатын.
Мәдениеттің бір көрінісі ретінде акробаттар, Карагөз қуыршақ театры ұсталары, әзіл-сықақшы ойыншылар, рамазан ойын-сауықтарының басты кейіпкерлері еді. Шехзадебашы ауданындағы ‘Диреклер арасы’ деген жер ең танымал ойын-сауық орындарының бірі болатын. Карагөз бен Хадживат қуыршақ театры, орталық ойын тамашалары, кейбір танымал меддахлар яғни аңызшылар барған кофеханалар ең көп назар аударған мекендер арасында орын алатын. Атын кейіпкерлерінен алған Карагөз бен Хадживаттың хикаялары мен сұхбаты балалар, ересектер жалпы баршаның мақтанышына ие болған. Рамазанда тағы халық жақсы көрген ойын-сауықтардың бірі де аңызшылар болатын. Аңызшылар қызық хикаялар айтып, әртүрлі диалектілер және еліктеулерді сахнаға салып, адамдардың көңілдерін көтеретін.
Рамазандағы ойын-сауықтар тек қана Стамбұлда емес, Анатолының көптеген жерінде жасалған. Анатолының кейбір жерлерінде әсіресе де Самсун қаласына қарасты аудан мен ауылдарында рамазан айының 14-ші күнін 15-сіне қаратқан түні «Сел-себет» деп аталған және әсіресе балалар қатысқан бір ойын-сауық ұйымдастырылатын. Ауызашардың артынан басталған ойын-сауықта балалар «селе-себет» деп аталған фонарьлармен үйлерді аралап, өлең оқитын және ақша, сыйлықтар жинайтын. Үйдің иесі есікке келген балаларға әртүрлі сыйлықтар мен ақшалар беріп оларджы қуантатын.
Эрзурум қаласында болса тұңғыш рет ораза ұстайтын балаларға әртүрлі сыйлықтар беріліп, балалар оразаға ынталандырылатын. Сондай-ақ құда түскен қалыңдықтың үйіне еркек тарапы ауызашар мен сыйлықтар апаратын. Орталық Анатолы аймағында ауызашардың артынан рамазан кештерінде «жүзік ойыны, тура ойыны, жұлдыз санау, жұмыртқа жасыру» сияқты ойындар ойналып, үлкендер түсіндірген хикаялар, ертегілер және аңыздарды тыңдайтын. Анатолының әртүрлі жерінде осы іс-шаралар рамазанға өзінше бір ерекшелік қосатын.
Қазіргі кезеңде жоғарыда айтқан әдет-ғұрыптар мен ойын-сауықтардың көпшілігі жалғасуда. Әсіресе қала әкімшіліктері тарапынан рамазан іс-шаралары дайындалады. Бірлік, ынтымақтастық және жәрдемдесуге қатты көңіл бөлінген он бір айдың сұлданы рамазанда әдет-ғұрыптар жалғастырылған іс-шаралар, өткенмен байланыс құруда аса маңызды болып табылады. Осы ойын-сауықтарда кеш сайын сопылық және түрік халық музыкасы концерттері беріледі. Өлең оқу мен әдебиет, сұхбат кештері де іс-шаралар арасында орын алады. Ашылған стандтарда халық сусындар, сыйлықтар, киім-кешек, кітап сатып алуға мүмкіндіктер табады. Балалар болса өздері үшін құрылған ойын-сауық алаңдарында көңілдерін көтереді. Биыл Анкарада балалар «Көшеде ойын-сауық бар» бағдарламасының ойын топтарымен көңіл көтереді.
Сондай-ақ үлкен сауда орталықтарында да рамазанның басынан аяғына дейін жалғасқан іс-шаралар бар. Бұл іс-шараларда жарыстар, акробаттар, билер мен Карагөз бен Хадживат қуыршақ театры, концерттер сияқты көңіл көтеретін іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы іс-шараларда халыққа тегін, кәмпіттер немесе шербет сияқты дәстүрлі дәмдер ұсынылады.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар