Тау тұлға Мұстафа Өзтүрік 60 жылдығында Ыстамбұлда еске алынды

Еске алу кешінде “Барып қайт балам, ауылға” атты деректі фильм көрсетілді.

206069
Тау тұлға Мұстафа Өзтүрік 60 жылдығында Ыстамбұлда еске алынды

Әлемге әйгілі спорт шебері, Қазақстанда таэквондо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік биыл 60 жасқа толуына байланысты Ыстамбұлда еске алынды. 1954 жылы 23 қарашада Түркияның Кайсери қаласында туылған есіл ерді еске алу жиналысына қалың көпшілік қатысты.


Түркия қазақтары қоры ұйымдастырған еске алуда сөйлеген сөзінде Қазақстанның Ыстамбұлдағы консулы Сержан Сәрсенбаев Мұстафа Өзтүріктің ұлтжанды азамат екенін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға келіп таэквондо спортының дамуына ерен еңбек сіңіргенін атап өтті.

Мұстафа Өзтүрік
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара да сөйлеген сөзінде Өзтүріктің 60 жылдығының әрі Ыстамбұлда, әрі Алматыда бір күнде тойланып жатқанын айта келіп, мұның Мұстафаның халық қалаулысы азамат екендігін айғақтайтынын атап өтті. «Өйткені ол жәй ғана спортшы емес еді, ол сонымен қатар кино түсірген режиссер, өлең жазған ақын болумен қатар ұлт жанашыры еді. Демек халық қалаулысы болу үшін тек ісінің шебері болу қана жеткіліксіз, сонымен қатар сегіз қырлы, бір сырлы патриот та болу керек” деді ол.

Мұстафа Өзтүрік
Мұстафа Өзтүріктің жақын туыстары да қатысқан жиналыста оның таэквондодан шәкірті және көптеген мұрасын көзінің қарасындай сақтап жүрген Жамал Қабадайыға қазақтар атынан алғысын сезімін айтып Түркия Қазақтары Қоры Президенті Фазыл Топлы шапан жапты. Жамал Қабадайы Мұстафа Өзтүрікпен алғаш рет 1984 жылы танысып шәкірті болғанын, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін онымен бірге барып таэквондо федерациясының құрылуына ат салысқанын, тіпті осы еңбегі үшін сол кезде Қазақстан Спорт және туризм министрлігі тарапынан грамотамен марапатталғанын атап өтті.

Мұстафа Өзтүрік
Жиналыста Қазақстанның белгілі режиссері Қалила Омаровтың Мұстафа Өзтүрік туралы “Барып қайт балам, ауылға” деген атпен 1991 жылы түсірген деректі фильмі де көрсетілді.
Мұстафа Өзтүріктің өмірі мен қызметі туралы баяндамалар мен фильмдер орын алған жиналыстың бірінші бөлімі аяқталғаннан кейін тау тұлғаның аруағына Құран оқылып дұға жасалды. Артынан ас берілді.


Сол күні Алматыда да Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығына орай іс-шара өткізілді. Атап айтқанда Бесағашта оған арналып тұрғызылған ескерткіш ашылды, ас берілді және кешкісін арнайы концерт өткізілді. Оған Германияның Мюнхен қаласындағы жары және балалары да қатысты.


Бір күнде екі жерде еске алу жиналысы екінің біріне бұйыратын құрмет емес. Бұл отанына, халқына қалтқысыз қызмет етуді өзінің өмірлік мақсаты еткен қайраткерлерге ғана тән. Сондықтан Мұстафа Өзтүрік сынды абзал азаматын қазақ халқы ешқашан ұмытпақ емес деуге негіз бар. Ол қазақ халқының жүрегінде мәңгі жасай бермек.


Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар