Естеми ябғу

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 7

490245
Естеми ябғу

Түркі өркениетін қалыптастырған Түркі мемлекеттері негізінен екі ағайынды тарапынан құрылған еді. Тарихқа көз тастасақ Көктүрік қағанаты, Селчук мемлекеті, Батыс Ғұн империясы екі ағайынның ерен еңбектерінің арқасында дүниеге келген. Яғни түрік мемлекеттері негізінен бір тұлғаның айналасында емес, екі тұлғаның айналасында дамыды. Бұл дәстүр Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығына дейін жалғасты. Түрік мемлекет тарихындағы осы «екі ағайынды» мемлекеттің ең алғашқы үлгісін Бумын мен Естеми қалыптастырды. Сондықтан бүгінгі әңгімеміз бір бүтіннің екінші жартысын құраған Естеми ябғу туралы болмақ.

Естеми ябғу - Бумын елқағанның туған інісі. Бұл екі ағайынды туралы тасқа қашалып жазылған түрік тарихы былай дейді: «үстімізде көк аспан, астымызда қара жер жаратылғанда, екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Бумын мен Естеми аталарымыз сол адам баласына билігін орнатты.» Бұл сөзден түсінетініміз, қағанат әу бастан екі адам тарапынан құрылған. Бұл билік жүйесін латынша «диархия» деп атайды. Осыған байланысты түрік мемлекеттері шығыс және батыс болып екіге бөлінеді. Көктүріктердің мұрагерлері қарлұқтар, сосын қарахандар да шығыс-батыс болып бөлінетін. Шағатай ұлысы дулат-барлас болып екі қанатқа бөлінсе, Алтын Орда Ақ Орда мен Көк Орда болып бөлінетін. Осы билік жүйесі айналып келгенде өз бастауын Көктүрік қағанатынан алады. Осы жерде мынаны айта кетуіміз керек, түрік мемлекет түсінігінде «шығыс» әрқашан үстем еді.

Сонымен Көктүрік қағанаты Батыс-Шығыс болып екіге бөлінді. Шығыс көктүрік қағанатының орталығы Орхон-Енисей аңғары болса, Батыс көктүрік қағанатының орталығы Шу-Талас аңғарында орналасты. Шығысты Бумын елқаған басқарса, батысты Естеми ябғу басқарды. Естемидің қаған атағын емес, ябғу атағын алуы батыс қағанатының шығысқа бағынышты болғандығын білдіреді.

Естемидің аты мен атағына тоқталатын болсақ, оның толық аты мен атағы – «Естеми батыр ябғу». Батыстық ғалымдар түрік қағандарының аттары мен атақтарын үнді-еуропа тілдеріне апарып байлайды. Басқаша айтқанда бұл билеуші әулеттің тегі мен тілі әу баста үнді-еуропалық еді деседі. Бірақ та көктүріктердің, тіпті олардың ар жағындағы ғұндар мен сақтардың үнді-еурапалық болуы даулы, ғылымда әлі түйінделмеген мәселе. Сары теңізден Қара теңізге дейін жалғасып жатқан Көктүрік қағанатындай алып елді әркімнің иеленгісі келетіндігі түсінікті. Алайда Көктүріктер әулетінің Түрік ұлысының қалыптасуындағы және Түркі өркениетінің жандануындағы еңбегі айқын. Сондықтан оларды түріктердің төл әулеті деп қорытындылауға толық құқығымыз бар. 

Орыс және батыс ғалымдары Естеми атының угор тілінен келгендігін және «аталардың рухы» дегенді білдіретіндігіне келіседі. Ал «ябғу» атағын кейбір ғалымдар кушан тілінен келген десе, кейбір ғалымдар қытайша «сихоу» дегеннен яғни орынбасар деген сөзден келген дейді. Бұған қоса Естемиді Византия деректері «Сильзивул» немесе «Дизавул», ал араб деректері «Синджибу» деп көрсететінін айта кетейік.

Естеми ябғудың Көктүрік қағанатындағы және Түркі өркениетіндегі орны оның батыс өңірлерді бағындыруымен байланысты. Естеми ябғу батысқа жорығында үйсін, қаңлы, дулат, нушибу руларын тізе бүктірді. Батыс Түрік қағанатын осы рулар қалыптастырғандықтан, ол жер «Он оқ будун» яғни он рулы ел болып атала бастады. Естеми ябғудың батыста екі мақсаты бар еді: біріншісі – ата жаулары аварларды жою, екіншісі – Жібек жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Орта Азияда ол кезде Сасани әулетінің Ираны мен Эфталиттер басқаша айтқанда Ақ ғұндар мемлекеті бар еді. Естеми ябғу алдымен Иранмен одақтасып, Ақ ғұндарды талқандайды. Осылайша Қытайдан келе жатқан Жібек жолының бақылауы көктүріктердің қолына өтеді. Алайда осыдан кейін Иран мен Көктүрік қағанатының қарым-қатынасы бұзыла бастайды. Өйткені Иран Қытай тауарларын Византияға өткізуге мүдделі емес еді. Осыған байланысты Естеми ябғу Каспийдің солтүстігінен айналып жүретін жол іздеуге кіріседі. Сондықтан Көктүріктердің батыстағы шекарасы Дунай өзеніне барып тіреледі. Керуендер Темір қақпаны яғни бүгінгі Дербентті айналып жүре бастайды. Осыдан кейін Естеми ябғу Византиямен одақ жасасып, Иранға қарсы соғысқа дайындыққа кіріседі. Алайда екі шепте соғысуға күші жетпеген Иран көктүріктермен бітім жасасып, алым-салық төлеп тұруға келіседі. Иран мен Тұранның арасындағы шекара Амудария болып бекітіледі.

Естеми ябғудың Түркі өркениеті тұрғысынан маңыздылығы өте зор. Өйткені ол түріктердің батысқа жылжуының жолын ашып берді. Батыс көктүрік қағанаты ыдырағанда, оның орнына Түркеш қағанаты, Оғыз ябғулығы және Каспий теңізінің солтүстігінде Хазар қағанаты құрылды. Бұлардың әрқайсысы өздерін көктүріктердің мұрагері деп санады және хандарын да Естеми ябғудың ұрпақтарынан сайлады. Оғыздардан шыққан селчуктар Иран мен Анадолыны бағындырды және екі аймақ та түріктердің отанына айналды. Ал Хазар қағанаты өзіне тән мәдениет қалыптастырып, Каспий теңізіне өз атын берді.

Қорыта айтқанда, Естеми Ябғу Түркі өркениетінде өз ізін қалдырды. Оны «жаулаушы», «отарлаушы» емес, «біріктіруші» деп сипаттасақ тура болады. Өйткені ол ұлы даланың батысында бытырап шашылып жүрген түрік руларының басын қосты, рулар арасындағы бітпес дауларды тоқтатып, тыныштық пен тұрақтылықты яғни «елді» орнатты. Оның қарамағындағы рулар «ел» болды.  Ру деңгейінен ел деңгейіне көтерілді. Жібек жолының қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, халық байып, шығыс пен батыстың арасындағы сауда, саудаға қоса, барыс-келіс, мәдениет алмасу дами түсті. Ұлы далада бірлік пен береке орнады.



Ұқсас жаңалықтар