Президент Ердоған Румыния премьер министрін Анкарада қабылдады

Президент Ердоған Румыния премьер-министрі Чиолакумен ортақ баспасөз мәслихатын өткізді.

2142669
Президент Ердоған Румыния премьер министрін Анкарада қабылдады

Президент Режеп Тайып Ердоған Румынияда тұратын түрік және түрік-татар қауымдарын екі ел арасындағы достық көпірі ретінде көргендерін атап көрсетті.

Президент Ердоған ресми сапармен бас қала Анкараға келген Румыния премьер-министрі Чиолакумен ортақ баспасөз мәслихатын өткізді.

Ердоған Румыниямен өзара сауда көлемінің екі жыл қатарынан 10 миллиард доллар деңгейінен асқанын және мақсаттың 15 миллиард долларға жеткізу екенін мәлімдеді.

Румыниямен өзара НАТО-ның шаңырағы астында ортақ іс-шаралар атқарып, аймақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосып жатқандарын айтқан Ердоған «PKK және ФЕТӨ сияқты террор ұйымдарымен күресте Румыниядан талаптарымызды премьер-министрмен бөлістік» деді.

Румынияда тұратын түрік және түрік-татар қауымдарын екі ел арасындағы достық көпірі ретінде көргендерін айтқан Ердоған «Бізді отандастарымыздың румын қоғамымен тату өмір сүріп жатқаны қуантады. Бұған мүмкіндік берген Румыния билігіне алғысымызды білдіреміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Румыния азаматтарына жеке куәлікпен елімізге кіруге мүмкіндік беретін реттеуді жүзеге асырғанымызды хабарлағым келеді. Осылай адами қарым-қатынасымыз арта түседі деп ойлаймыз» деді.

Румыния премьер-министрі Марсель Чиолаку болса баспасөз мәслихатында айтқан сөзінде «Түркияны Еуроодақтан (ЕО) тыс негізгі экономикалық серіктесіміз, НАТО-дағы ең маңызды одақтастарымыздың бірі, стратегиялық аймақтық серіктес, жақсы көрші және дос деп атаймыз» деді.

Екінші жағынан баспасөз мәслихаты алдында оңаша кездесудің артынан Ердоған мен қонақ премьер-министр Түркия-Румыния Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысына қатысқан болатын.

Кейін президент Ердоған мен Румыния премьер-министрі Чиолакудың қатысуымен екі ел арасында 6 келісімге қол қойылды.



Ұқсас жаңалықтар