Министр Фидан пәкістандық әріптесімен бас қосты

Бас қосуда екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық кеңесі жиналысының дайындықтары талқыланды

2141567
Министр Фидан пәкістандық әріптесімен бас қосты

Сыртқы істер министрі Хакан Фидан ресми сапармен барған Пәкістанда Премьер-министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі Мұхаммед Исхак Дармен бас қосты.

Кездесуде өзара қарым-қатынастар және «7-ші Пәкістан-Түркия жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесіне» дайындық тақырыптары талқыланды.

Фидан кейін Пәкістан Сыртқы істер министрімен өткен ортақ баспасөз мәслихатында Түркия мен Пәкістанның Ислам әлемінің дауысын жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Пәкістанның Түркияның стратегиялық серіктесі екенін атап көрсеткен министр Фидан «Арамыздағы бауырластық байланыстарды жүзеге асыру үшін тағы біраз қадам басу керек деп бірге шештік. Атап айтқанда біз сауда көлемін 5 миллиард долларға жеткізуді ортақ мақсат еттік. Инвестициялар арқылы қорғаныс өнеркәсібінен бастап көптеген салада серіктестікті дамыту туралы шешім қабылдадық» деді.

Фидан «Аймақтық мәселелерді де талқылауға мүмкіндігіміз болды. Газа секторы және Ауғанстан тақырыптарын егжей-тегжейлі талқыладық. Ауғанстандық бауырларымыз үшін тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін не істей алатынымызды сөйлестік. Пәкістанмен ұстанымымыз ортақ. Басқаларға үнемі адам құқықтары мен демократияны айтып отырғандардың (Газа секторында жасағандары) бұл қылмысқа ортақ болуын айыптаймыз» деді.

Хакан Фидан сондай-ақ тікұшақ апатында қаза тапқан Иран Мемлекет басшысы  Ибрахим Реиси мен Сыртқы істер министрі Хусейн Әмір Абдуллахиянға көңіл айтты.

Фидан «Апат туралы хабар алған сәттен бастап Иран әкімшідігімен байланыстамыз. Қолда бар мүмкіндіктерді жұмылдыруға тырыстық. Біздің барлық мекемелеріміз қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ өкінішке орай, қайғылы хабар бізді қынжылтты. Иран халқына көңіл айтамын. Жол апатынан қаза тапқандарға Алланың рақымын тілей отырып, отбасыларына сабыр тілеймін» деді.



Ұқсас жаңалықтар