Әлиев: «ЕҚЫҰ Минск тобын тарататын кез келді»

Ильхам Әлиев ЕҚЫҰ төрағасы және Мальтаның Сыртқы істер мен Еуропа және сауда министрі Ян Боргты қабылдады.

2139394
Әлиев: «ЕҚЫҰ Минск тобын тарататын кез келді»

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев елі мен Армения арасындағы қақтығысты шешу үшін құрылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Минск тобының жұмысын тоқтататын кез келгенін атап көрсетті.

Ильхам Әлиев ресми байланыстары аясында Әзербайжанға барған ЕҚЫҰ төрағасы және Мальтаның Сыртқы істер мен Еуропа және сауда министрі Ян Боргты қабылдады.

Әзербайжан президенттік аппаратының мәлімдемесіне қарағанда, Әлиев қабылдауда сөйлеген сөзінде Армениямен жүргізілген бейбіт келіссөздерге қатысты бейбітшілік үшін негізгі қағидалардың Әзербайжан тарапынан ұсынылғанын және бейбіт келісім мәтінінің де Әзербайжан тарапынан әзірленіп, ұсынылғанын түсіндірді.

Илхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты шешу үшін құрылған ЕҚЫҰ-ның Минск тобының мәселені шешу үшін еш нәрсе жасамағанын атап, «ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалары жылдар бойы жүргізген келіссөз кезеңі Әзербайжан жерлерін оккупациялау саясатын жалғастыруға қызмет етті. Әзербайжан оккупацияны тоқтатып, оның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қамтамасыз етті. Армения-Әзербайжан дау-дамайы қазір тарихта қалды. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның Минск тобы мен оған қарасты барлық еншілес ұйымдарды тарқатудың уақыты келді. Әзербайжан бұл мәселені күн тәртібінен шығарды. Арменияның да мұны қабылдамауы үшін ешқандай себеп жоқ» деді.

ЕҚЫҰ-ның Минск тобы 1992 жылы Армения-Әзербайжан мәселесі және Қарабах келіспеушілігін бейбіт жолмен шешуді ынталандыру және тараптар арасында делдал болу үшін құрылған болатын.

Ресей, Франция және АҚШ тең төрағалық ететін ЕҚЫҰ Минск тобы өткен жылдар ішінде көптеген бастамалар көтергенімен, мәселені шешуде нақты нәтижелерге қол жеткізе алмады.



Ұқсас жаңалықтар