Қазақстан-Түркия қатынастары және YTB

YTB төрағасы Абдуллах Эреннің мақаласы

1909667
Қазақстан-Түркия қатынастары және YTB

 

Ежелден келе жатқан дәстүрін сақтай отырып, заман ағымына сүрінбей ілесіп келе жатқан дос және бауырлас Қазақстан қашанда жүрегімізде ерекше орынға ие.  Тәуелсіздігін жарияланған күні Түркия мойындаған Қазақстан Республикасының сол кезден бері жүргізіп жатқан тұрақты саясатын мақтанышпен көріп келеміз және қолдап жүреміз.

Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар әлдеқайда терең әрі берік құндылықтарға негізделген деп айта аламыз. Екі ел, былайша айтқанда, бір үйдің екі баласындай. Олардың тамыры бір және тарихтың өте көне дәуірлерінен бастау алады. Тарихтағы оқиғалар екі елдің әртүрлі тәжірибе жинақтауына негіз болғанымен, мәдени жақындық ешқашан үзілмеді. Бүгін арамыздағы бауырластықты нығайта түсетін тарих пен өркениеттің ортақ мұрасын өңдеп, осы мұрадан қуат алатын ұлы жобаларды жүзеге асыратын кез келді.

Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы (YTB) бірдей мәдени кодтар аясында әлемдегі барлық қауымдармен орнатқан қарым-қатынастарын Түркістан географиясында да жалғастыруда. Осы өңірдегі дос және бауырлас халықтарға көрсеткен ерекше жақындығымыз Қазақстанға келгенде ең жоғары деңгейге жетеді.

YTB ​​ретінде жастарға бағытталған іс-шараларымыз түрік және қазақ халықтарының болашағына да әсер ететін көзқараспен жүзеге асырылуда. Бұл бағытта YTB қазақ жастары қатысқан техникалық тренингтерден мәдени сапарларға, ғылыми конгрестерден көшбасшылық бағдарламаларға дейін көптеген шараны жүзеге асырды. Қазақстанды қолдап, қазақ және түрік жастарының бір-бірін жақыннан тануын мақсат ете отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынаста және Қазақстанға болашақта қажет болатын білікті адами капиталға үлес қосу тұрғысынан ең назар аударарлық жұмысымыз – толық ауқымы бойынша әлемде теңдесі жоқ деп есептелетін «Түркия стипендиялары» атты бағдарламамыз.

Әлем елдерінің барлығына дерлігінен жастар Түркия университеттерінде шәкіртақымен оқу үшін Түркия стипендиясына өтініш береді. Қазақстан жастарының да сұранысына ие Түркия стипендиясымен 5000 қазақстандық студент білім алды. Осы тұрғыда 600 қазақстандық студент Түркияда әлі де оқуын жалғастыруда. Елімізде білім алған қазақстандық студенттердің әрқайсысы біз үшін Қазақстанның болашаққа қарай басқан нық қадамын білдіреді. Бұл ретте олар Түркия мен Қазақстанның бауырластығын өте жоғары деңгейге жеткізеді деп сенеміз. Қожа Ахмет Ясауи университетінің ширек ғасырдан астам уақыттан бері Түркия-Қазақстан қатынастарына сыйлаған қарқыны “Түркия стипендиясының” арқасында одан да арта түседі деп үміттенеміз.

Түрік университеттерінде білім алып шыққан қазақ жастарының бастамасымен ашылған Түркия Түлектері қауымдастығы болса байланыс арналарын одан әрі нығайтуда, әрі қалыптасқан байланыстарды орнықтыруда да маңызы жауапкершілікке ие. Халықаралық деңгейде білім алуы барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісіп, бір-біріне бағыт-бағдар берген қазақ жастары сонымен бірге елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың барлық салада дамуына өз үлестерін қосуда. Қазақстаннан Түркия стипендиялары арқылы елімізге келіп білім алған табысты қазақ жастарының саны артқан сайын Түркия Түлектері қауымдастығының рөлі бүкіл түрік әлеміне үлгі болатындай арта бермек. Қазақстанға сапарымыз барысында біз де өз түлектерімізбен бас қосамыз.

Айырықша  дос әрі бауырлас Қазақстандағы диаспораға жауапты «Отандастар» қорымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы түрік және қазақ диаспоралары арасындағы берік ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсеміз.

Сөз соңында айтарым, қазақтардың Алтайдан Анадолыға көшінің 70 жылдығына арналған бағдарламаны жақын арада Стамбулда өткіземіз. Ол кезде  де Түркия  қазақ қандастарына құшақ жайды,  марқұм Аднан Мендерес 1950 жылдары Алтайдан Анадолыға қоныс аударған ағайындарымызға жылы ықылас танытты.

Қорыта келе  қазақстандық жастарды Түркияда білім алуға және Түркия стипендиясынан пайдалануға шақырамын және барша қазақ халқына Түркияның ең ыстық сәлемі мен сүйіспеншілігін  жеткіземін.

Абдуллах Эрен

YTB төрағасы



Ұқсас жаңалықтар