Анкарада «Домбыра» кітабы таныстырылды

Түрікшеге аударылған «Ақындардың көзімен – домбыра» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

1724565
Анкарада «Домбыра» кітабы таныстырылды

 

23 қазан күні 16-шы Анкара кітап жәрмеңкесі аясында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай,  Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Проф. Док. Орхан Сөйлемез, Аябек Байниязов пен Шапағат Жалмановтың түрікшеге аударылған «Ақындардың көзімен – домбыра» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Аталған іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу, жазушы Проф.Док. Орхан Сөйлемез, Проф.Док.Аябек Байниязов, Доц. Жемиле Кынажы, Анкарадағы белгілі университеттердің академиялық-оқытушы құрамы, БАҚ өкілдері, қазақ-түрік студенттері және қазақ диаспора өкілдері қатысты.

Алғаш сөз алған Елші А.Сапарбекұлы қазақтың домбыра аспабы ұлы даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатқан, ата-бабамыздан мирас болып қалған ұлттық аспап екенін, ерте кезде халқымыз өзінің қуанышы мен күйінішін осы аспап арқылы білдіргенін жеткізді.

Сонымен қатар елші үстіміздегі жылы шілде айында Ұлттық домбыра күніне байланысты елшілік бірнеше күн бойы келелі іс-шаралар өткізгенін еске салды. Ол Проф. Док. Орхан Сөйлемездің қазақ халқының ең қадірлі аспабы туралы жазған кітабы түрік оқырмандарының көңілінен шығатынына сенімі мол екенін білдірді.

Жазушы Проф.Док. Орхан Сөйлемез «Домбыра» атты кітабында қазақ халқының ұлы аспабында қазақтың ұлы ақындары Сүйінбай мен Жамбыл орындаған жырлары мен өлеңдерін түрік оқырмандарына жеткізу басты мақсат болғанын жеткізді.  Ол Қазақстанда ақындар айтысының өте әсерлі және мәнді өтетінін, ертедегі дәстүрдің қазіргі заманда жалғасын тауып отырғаны үлкен жетістік деп атап өтті. Түрік оқырмандарын қазақ халқының дәстүрлі аспаптары мен ән-күйлерімен таныстырудың үлкен мәртебе екенін  де жеткізді.

Әрі қарай сөз алған Проф.Док.Аябек Байниязов Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы домбыра туралы әнде домбыраның барлық болмысы мен сипаты берілгенін атап өтті.  Негізі бұл аспап туралы өлеңдер тапшы екенін, енді оның орнын Проф.Док. Орхан Сөйлемездің шығармасы арқылы түрік оқырмандары домбыраны жақыннан танып, білетінін жеткізді.

Іс-шараның соңында Анкара университетінің студенті түрік азаматы өзінің шығармасын орындап, қазақ көрермендерінің жылы ықыласына бөленді. Сонымен қатар Анкараның жоғары оқу орнында оқитын казақ студентінің орындауында Жамбылдың күйі мен әні орындалып, іс-шара аяқталды.

Кездесу соңында Қазақстанның Анкарадағы Елшісі  кітап авторларына естелік сыйлықтар табыс етті.

 

Хабар мен мәтін елшілік парақшасынан алынды.



Ұқсас жаңалықтар