Түркияда Қазақстан үшін естелік монета бастырылды

Бұл - Түркияның ерекше сыйы.

1707803
Түркияда Қазақстан үшін естелік монета бастырылды

Түркияның Стамбул қаласында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған естелік монета таныстырылды.

Іс-шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Стамбулдағы Бас консулы Әлім Байел, Түркия Теңге сарайының директоры Абдуллаһ Ясир Шахин, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты. 

Елші Абзал Сапарбекұлы монетаның бауырлас Түркияның Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейлі тойына жасаған ерекше сыйы екенін мәлімдеді. 

Күмістен соғылған монетаның дизайнын Теңге сарайымен бірлесіп әзірлегендерін айтқан Бас консул Әлім Байел онда қазақтың терең тарихы мен Түркі әлемінің қара шаңырағы суреттелгенін білдірді.

Өз кезегінде, Абдуллаһ Ясир Шахин өзі басқарып отырған Түркия Республикасы Теңге сарайының 1467 жылдан жұмыс істеп келе жатқанын айта келе Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына осындай тарту жасаудың өздері үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.

Монетаның бет жағында Қазақстанның мемлекеттік туы мен түрікше «Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деген жазу орын алған. Сырт жағының ортасында Қазақстанның картасы бейнеленген. Картаның ішінде латын әріптерімен «Qazaqstan» деп жазылған. Реверстің үстінгі жағында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегідей көне түркі жазуымен «Түрік» деп жазылған. Астынғы жағында қошқармүйіз оюы бейнеленген.

31 грамм күмістен құйылған және құны әлдеқайда жоғары монетаның номиналды бағасы 30 түрік лирасы. Ә. Байел әдетте мұндай монеталардың 20 лиралық номиналға ие болатынын, алайда түрік тарапының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан үшін бұл ережені өзгерткенін айтты.

Естелік монета Түркия Теңге сарайының ресми сайтында сатылымға шығады.

 

 

 

Мәлімет пен сурет Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметінен алынды. 



Ұқсас жаңалықтар