Аралда балықшылық дамуда

Арал өңірі балықшыларының төртінші слеті болып өтті.

1013870
Аралда балықшылық дамуда

Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Ғасыр жобасы» атанған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы аясында атқарылған ауқымды шаралар нәтижесінде Арал өңірінің ата кәсібі – балық шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуда.

Жоба шеңберінде биыл Арал өңірі балықшыларының төртінші слеті болып өтті.

Арал өңірі балықшыларының ІV слетінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Соңғы 5 жылда аймақтағы балық аулау көрсеткіші 2 есеге артты. 2013 жылдан бері балық өнімдерін өңдейтін 4 зауыт салынса, оның 4-еуі өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін еурокодқа ие” деді.

Слет барысында балық шаруашылығының дамуына айрықша үлес қосқан азаматтар мен еңбек ардагерлері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталды.

Аралдың балық өнімдері Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Дания, Польша мен Қытай елдеріне экспорттауда. 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 8 есеге артқан.  2018 жылдың І жартыжылдығында балық өнімдерін экспорттауда 32%-ға өсім байқалды. 

Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада ұйымдастырылған бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы барысында Халықаралық Аралды құтқару Қорының құрылған күні 26 наурыз – «Арал теңізінің  күні» болып жарияланған болатын.

Биыл Халықаралық Аралды құтқару Қорының 25 жылдығы аясында алғаш рет «Арал теңізінің күні» облыста салтанатты түрде атап өтілді.



Ұқсас жаңалықтар