Үндістан билеушісі Хумаюн

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 49

1123675
Үндістан билеушісі Хумаюн

Түркілер Еуразия құрлығының ортасында орналасқандықтан, тарих бойынша шығыста Қытаймен, оңтүстікте Үндістанмен, оңтүстік батыста Иранмен және батыста Еуропамен тығыз қарым-қатынаста болды. Шындығында аты аталған өркениеттер түркілердің ықпалында болған. Әсіресе он алтыншы ғасырда Османлы түріктері Еуропаны, Мәмлүк түріктері араб әлемі мен Африканы, Сафевилер Иранды, ал Әмір Темірдің Бабырдан тарайтын ұрпақтары Үндістанды билеп жатқан еді. Олай болса, бүгінгі бағдарламамызда Үндістанды бағындырған Бабырдың ұлы және ізбасары Хумаюн туралы сөз қозғаймыз.

Қысқаша Хумаюн болып кеткен ұлы тұлғамыздың толық аты  Насир уд-Дин Мұхаммед Хумаюн болып табылады. Ал толық атағы мен аты – Әс-сұлтан әл-Ағзам уәл Хақан әл-Мукаррам, Жәмғи Сұлтанат-и хақиқи уә мужази, Сәидәлсалатин, Әбул Музаффар Насируддин Мұхаммед Хумаюн Падшах Ғази Хилуллаһ. 6 наурыз 1508 жылы Кабул қаласында туып, 27 қаңтар 1556 жылы Дели қаласында қайтыс болған. Ұлы моғол империясының екінші падишасы.

Әкесі Бабыр ұлына кең-байтақ жер қалдырды. Десе де, Хумаюнның әкесінің мұрасына ие болып, өз билігін орнатуы оңай болған жоқ. 1530 жылы Бабыр қайтыс болғаннан кейін Хумаюн таққа шықты. Алайда оның көптеген туысқандары мен кейбір әмірлер оны қолдай қойған жоқ. Таққа таласта жас падишаның негізгі екі қарсыласы бар еді. Оның бірі Үндістанның оңтүстік батысындағы Гужарат аймағында өз билігін орнатқан Сұлтан Бахадур еді. Екінші қарсыласы Ганжа өзені аңғарында орналасқан Бихар аймағының әміршісі Шер Шах Сури болатын. Бұл екі әмірші де Бабырдан кейінгі кезеңде Хумаюнның жастығы мен тәжірибесіздігін пайдаланып, өз династияларын орнатқысы келген болатын.

1530 жылдары Хумаюн Османлы мемлекетімен одақ құрып, жаңа зеңбіректер алдырады. Ал ұлы тұлғамыздың қарсыласы Сұлтан Бахадур португалиялықтардан зеңбірек алып өз әскерін күшейтті. 1535 жылы Бахадурдың шабуылға дайындалып жатқан хабарын алған Хумаюн алдымен шабуыл жасап, Бахадурдың Манду және Чампанер деген қалаларын басып алды. Бахадур болса португалиялықтарды паналап құтылып кетті.

Хумаюнның жорықта жүргенін білген Шер Шах Сури Моғол империясының астанасы Аграны тез арада жаулап алуға талпыныс жасады. Осыған байланысты ұлы тұлғамыз Бахадурмен соғысты тоқтатып шегінуге мәжбүр болды. Сондықтан Бахадур өз жерлерін оп-оңай қайтарып алды. Десе де, 1537 жылы Бахадур қайтыс болды. Аграны ала алмайтынын білген Шер Шах Сури империяның астық қоймасы болып саналатын Бенгал аймағының орталығы Гаури қаласын қиратып, астықтарды өзімен бірге алып кетті.

Ұлы тұлғамыз шығыста жорықта жүргенде оның он тоғыз жасар інісі Аграда өзін император деп жариялады. Оған қарсы Хумаюн жіберген Камран мырза деген ағасы Хандалмен ауыз жаласып, Хумаюнға қарсы одақ құрды. Бірақ ағасы Халил мырза ұлы тұлғамыздың жанында болып, оған көп қолдау көрсетті. Алайда Халил мырзаны Хумаюнның дұшпандары қастандықпен өлтіреді. Кейіннен жас падиша ағасына арнап үлкен кесене салдырады.

Империядағы биліктің орнықпауы және Бабырдың ұрпақтарының арасында ауызбіршіліктің болмауы Шер Шахты жігерлендірді. 1538 жылдан бастап ол шабуылға өтті. 1539 жылдың 27 маусымында Хаусда болған шайқаста Хумаюн жеңіліске ұшырады. Келесі жылы көктемде Канаб маңында болған шайқаста да Шер Шах үстем шықты. Ұлы тұлғамыз енді астанасы Дели мен Аграны тастап, алдымен Лахорға, сосын Синдке қашуға мәжбүр болды. Осы кезде оның ұлы Акбар туылды. Хумаюнның соңғы паналаған Марварда аймағы билеушісі Шер Шахтың жағына өтіп кеткендіктен, енді Хумаюн тағы да Кабул мен Кандагарға шегінді. Басқаша айтқанда ұлы тұлғамыз бүкіл Үндістандағы билігінен айрылды. Десе де, Хумаюн Кандагардан шабуылдап, тағын қайтаруға үмітті еді. Алайда бауырларының арасындағы шиеленіс оған мұндай мүмкіншілік бермеді. Ең соңында Хумаюн Иранға бассауғалап барды.

1544 жылы ұлы тұлғамыз Сафеви Шахы Тахмасптың қолдауына ие болу үшін сүнниттік Исламнан шииттікке өтті. Дәл осы кезде Шер Шах Каланжар бекінісінің қоршауында өз оқ-дәрілерінің оқыста жарылуынан қайтыс болды. Осылайша, Хумаюнның Үндістанды қайтару жорығы басталған болды. Ең алдымен ол ағасы Камран мырзадан Кандагар мен Кабулды қайтарып алды. 1545-1550 жылдары ұлы тұлғамыз Камранмен күрес кезінде екі рет Кабулдан кетуге мәжбүр болса да, ақырында бұл жерлерді бағындырды. Осы кезеңде Хумаюнның бүлікшіл бауырлары бірнен соң бірі ұлы тұлғамыздың билігін мойындады. Хумаюн оларды кешіріп, қажылыққа кетулеріне рұқсат берді. Екі бауыры қажылыққа бара жатқан жолда бірі Шамда, екіншісі Меккеде қайтыс болды.

Шер Шах қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагерлері яғни Сури әулетінің мүшелері бір-бірімен таққа таласа бастаған болатын. Осы жағдайды жақсы пайдаланған Хумаюн шабуылға өтті. 1555 жылдың ақпанында ол Лахорды басып алып, Сури әулетін жойды. Сол жылы шілде айында ұлы тұлғамыз Агра мен Делиге қайта оралып, әкесінің империясын қайта қалпына келтірді.

Хумаюн көптеген ата-бабалары сияқты ғылым мен дінге бей-жай қарамайтын. Бір күні кітапхананың баспалдақтарынан түсіп бара жатқанда, азан естіледі. Дұға жасап салауат айту үшін иіле берген кезінде ұлы тұлғамыз шапанын басып қалып құлап түседі. Мидың жарақатынан бірнеше күн өткен соң қайтыс болады. Ұлы тұлғамыз сүйікті әйелі Беге ханым салдырған кесенесіне жерленеді. Оның кесенесі әлі күнге дейін Дели қаласының ең көркем ғимараттарының бірі болып саналады. 

 



Ұқсас жаңалықтар