Моғолыстан ханы Тоғылық Темір

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 30

1071158
Моғолыстан ханы Тоғылық Темір

1325 жылы Шағатай ұлысы билеушісі Кебек хан қайтыс болғаннан кейін хандықты ұзақ мерзім басқарған мықты тұлға болмады. 1346 жылға дейін ұлысты тоғыз хан биледі. Бұл хандардың әр қайсысы ұлысты орташа есеппен екі жыл биледі. Елдегі бұл тұрақсыздық орталық биліктің әлсіреуіне әкеп соқты. Халықтың Шағатай ұрпақтарына деген сенімі де жоғала бастады. Осы кезеңде Шыңғыс тұқымынан емес жергілікті рулардың арасынан шыққан ықпалды қолбасшылар ханға қарсы бүлік шығара бастады. Жалпы айтқанда хандықтың шығыс қанаты Жетісу мен Шығыс Түркістанда дулат руы ықпалды болғанда, батыс қанат Мәуренахрда қараунас және барлас руы күшті болды. Бұл рулардан шыққан қолбасшылар «хан» атағын ала алмағандықтан «әмір» атағын алатын болды. Осындай әмірлердің бірі Қазаған сол кезеңдегі Шағатай ұлысы ханы Қазан ханға қарсы көтеріліс бастап, 1346 жылы ханды өлтіріп, билікті өз қолына алды. Осы оқиғадан кейін Шағатай ұлысы екіге бөлінді. Батыс қанатта әр түрлі әмірлер билік құрса, шығыс қанатта Моғолыстан деген мемлекет пайда болды. Мәуренахрда хандық билік әлсіресе де, Моғолыстанда Шағатай ұрпақтары өз билігін сақтап қалды. Бұл бағдарламамызда сол Моғолыстан мемлекетінің негізін қалаған Тоғылық Темірден сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 1329 жылы туылып, 1363 жылы қайтыс болған. Оның ататегі туралы екі пікір бар. Муизз ал-аснаб, Зафар-наме, Шажарат ал-атрак еңбектеріне қарағанда оның шежіресі былай өрбиді: Тоғылық Темір, Әміл-Қожа, Дуа, Барақ, Йисун-Дуа, Мүтүген, Шағатай. Ал Бабур-нама мен Тарих-и Рашидиде келтірілген мәліметтерде Тоғылық Темір атақты Дуа ханның Есен Бұғадан тарайтын ұрпағы болып табылады. Қалай болғанда да ұлы тұлғамыз Шағатайдың тұқымы болып шығады.

1346 жылы Қазан хан қайтыс болып ұлыстың шаңырағы шайқалып тұрғанда, шығыс қанаттағы дулат руының билері елдің тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында өздеріне хан болатын төре тұқымын іздей бастады. Осы кезде дулат руының биі Болатшы деген кісі он алты жасар Тоғылық Темірді Құлжа өңірінен алып, Ақсу қаласына әкеліп, 1347 жылы оны хан деп жариялайды. Жаңа ханның билікке келуімен Жетісу өңірі мен Шығыс Түркістанда тұрақтылық орнайды.

Осылайша Шығыс Шағатай хандығы дербес ел болып қалыптасады. Елдің атының Моғолыстан болуын ғалымдар Шағатай хандығының шығысының батысына қарағанда көшпенді өмір салтымен өмір сүруі және Ислам дінін қабылдамауымен байланыстырады. Басқаша айтқанда, екі жақтың арасындағы мәдени айырмашылықтар «моғол» атауының қалыптасуына себеп болған болуы мүмкін. Моғолыстан билеушілері де өздерін нағыз моңғол дәстүрін жалғастырушы ретінде көргендіктен «моңғол» атауының өзгерген осы «моғол» атын қабылдады.

1353 жылы Тоғылық Темір Ислам дінін қабылдайды. Оның бұл дінді қабылдауы туралы мынадай бір аңыз айтылады. Бірде хан аң аулап жүргенде бір адам жолын кесіп кетеді. Тоғылық Темір әлгі адамды алдына алдырады. Оның «сарт» екендігін көрген хан «сарттан ит артық» дейді. Сонда әлгі кісі «Дұрыс айтасыз, егер жүрегімізде иман болмаса, иттен жаман болар едік» дейді. Бұл сөзіне таң қалған хан иманның не екенін сұрайды. Осы сұхбаттың нәтижесінде Тоғылық Темір мұсылман болады. Мұхаммед Хайдар Дулаттың жеткізуіне қарағанда сол күні ханмен бірге 160 мың адам Исламға кіреді. Ұлы тұлғамыздың жолыққан кісісі Мәулана Аршадуддин деген ғұлама екен. Осы оқиғадан кейін Моғолыстанның Исламдануы үдей түседі. Десе де Тоғылық Темір далалық мемлекеттердің дін мәселесіндегі кең пейілді ұстанымын жалғастырады. Діні мен тегіне қарамастан ұлы тұлғамыз сарайына білімді адамдарды жинайды. Солардың ақылына сүйеніп елін ретке келтіреді.

Моғолыстанның бұрынғы Шағатай хандығының батыс қанатымен қарым-қатынасына келетін болсақ, Тоғылық Темір хан ондағы ықпалын күшейту үшін Әмір Қазағанның қызын алып, оған күйеу бала болады. Осыдан кейін өз билігін Мәуренахрда да орнату мақсатында аңшылық барысында Әмір Қазағанды 1358 жылы өлтіртеді. Осыдан кейін Мәуренахрдағы әмірлер арасындағы араздық пен алауыздықты қолданып, 1360 жылы өңірге басып кіреді. Аймақтағы тұрақсыздықтан шаршаған әмірлер Тоғылық Темір ханның билігін мойындайды. 1361 жылы ұлы тұлғамыз Мәуренахрға қайта жорық жасайды. Бұл жолы орталықтандырылған билік құруға талпынып, бірнеше әмірді өлім жазасына кеседі. Осылайша, Шағатай хандығының тұтастығы қалпына келген болады. Бұл жерге ұлы Ілияс Қожаны әкім қылып тағайындап өзі шығысқа кетеді. Ұлы тұлғамыз 1363 жылы Моғолыстанның астанасы Алмалықта өз өлімімен қайтыс болады және сол қалаға жерленеді. Мазарының үстіне салынған кесене осы күнге дейін жеткен маңызды тарихи жәдігер болып саналады.

Қорыта айтқанда Тоғылық Темір ханның кезінен бастап Моғолыстан маңызды мемлекет болып қалыптасады. Хандық халқының Ислам дінін қабылдауына қарамастан хандықтың далалық және түркілік болмысы сақталып қалады. Кейінгі кезеңде ұлы тұлғамыздың ұрпақтарының Әмір Темірмен жақын қатынаста болғаны байқалады. Мысалға Үндістанды билеген атақты Бабырдың нағашы атасы – Тоғылық Темірдің ұрпағы Юнас болып табылады. Ал Моғолыстанның Қазақ елінің тарихына қатысты жерін ескеретін болсақ, 1465 жылы Керей мен Жәнібек Тоғылық Темірдің ұрпағы, Моғолыстан ханы ІІ Есен Бұғаның рұқсатымен Шу өзені жағасында өз туын тіккен болатын. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақ хандығы тек Алтын Орданың ғана емес, Шағатай ұлысының да мұрагері болып саналады.



Ұқсас жаңалықтар