Түрік- қазақ әлемінен

Екі ел арасындағы әріптестік жаңалықтары

299438
Түрік- қазақ әлемінен

Бағдарламамызды Түркияда тұратын қазақтар жөніндегі хабармен бастаймыз.
Қазақстанда шығатын www.khabar.kz интернет сайты Түркияның Алтай ауылында тұңғыш рет қазақтардың «Жаз» фестивалі өткенін жазған. Хабарға қарағанда оған биыл Анадолыдағы қандастарымызбен бірге Еуропаның бірқатар елдерінен арнайы келген қазақ диаспорасы қатысты. Бір қызығы бұл шара Алтай ауылындағы 5 қыздың әлеуметтік желіде көтерген бастамасымен ұйымдастырылыпты.
Фестиваль аясында Стамбұлдағы домбыра үйірмесінің шәкірттері күй орындаудан жарысып, өнерлерімен жиылған жұртты тәнті етті. Фестивальде Қазақстаннан арнайы шақырылған әншілер де өнер көрсетті.
Германиядағы қазақ диаспорасының өкілі Абдулғафар Чокбилен “Бұндай фестивальдің жиі ұйымдастырылып тұруын тілейміз. Өйткені оны ұрпақтар көреді, артынан жалғастырады. Қазақ болуын, ұлт болуын өздері түсінеді. Тілі мен дінін ұмытпайды. Сол балалар қазақ екенімізді мықты білу керек. Сондықтан мынадай фестиваль, жиындардың бола беруін тілеймін» деді.
Енді көпшілік қауым бұл фестивальдің жыл сайын Алтайдың көк жайлауында шетелдегі қазақтардың басын қосатын дәстүрлі шараға айналуын тілейді. Әсіресе бұны жастар жағы қолдап отыр.
**
Жуырда түріктің белгілі киноактері Бурак Өзчивит Қазақстанда болып қайтты. Ол Қазақстанда бірінші рет кинотеатрларда көрсетілген түрік көркем фильмінің беташарына қатысты. Бурак Өзчивитті қазақ жастары қуанышпен қарсы алды. Алматы және Астана қалаларында түріктің жас актеріне үлкен қошамет көрсетілді. Баспасөздің алдына шығып, түнгі бағдарламаға да қатысты.

Бурак Өзчивит
Қазақстанды бір шулатып кеткен осы келбетті де сұлу жігітті жақыннан таныстырайық.
Бурак 1984 жылы Стамбулда дүниеге келген. 2001 жылы Стамбулда орта мектепті аяқтап, Мармара Университеті Көркем өнер факультетінде білім алады. Оның отбасы негізінен Түркияның оңтүстігіндегі Газиантеп уәлаятынан шыққан.
2003 жылы «Best Model of Turkey» байқауына қатысып, болашағынан үміт күтетін жастар қатарында деп есептеледі. Байқаудан кейін Түркияның атақты хореографы Угуркан Эрезбен жұмыс істей бастайды. Бірнеше жыл модель ретінде сән шерулеріне шығады.
2005 жылы «Best Model of Turkey» байқауына қатысып, жеңіп шығады. Артынан «Best Model of The World» байқауына Түркия атынан қатысып, екінші орын алады.
Оның алғашқы актерлік тәжірибесі «-18» атты көп сериалды фильмде басталды. Осында Өзчивит жас полиция комиссарын сомдады. 2007 жылы кинотеатрларда көрсетілген «Мусаллат» атты фильмде ойнады. Оның түрік кино сериалдарындағы табысты шығармашылығы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. 2011-2012 жылдары «Керемет ғасыр» сериалындағы Бали Бей ролі атағының асқақтауына септігін тигізді. Артынан әлемге танымал жазушы Решат Нури Гүнтекиннің «Бозторғай» романының желісімен түсірілген сериалда Камран ролінде ойнады. Осы сериалда бірге ойнаған Фахрие Эвдженмен бірге «Махаббат саған ұқсайды» деген көркем фильміне түсті.
Осы картина жақында Қазақстанда көрсетілімде болды.
**
 Келесі хабарымыз да Астанадан.
Өзхан Эреннің Дарданел шайқасын арқау еткен «Соңғы хат» атты картинасы Қазақстанның елордасы Астанада көрсетілді.
Юнус Эмре Институтының Астанадағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен қойылымға кірген кинофильмнің беташары Ханшатырда өтті.
Мәдениет орталығының директоры Ибрахим Йылдырым осында сөйлеген сөзінде Дарданел құрлық шайқасының 100 жылдығына орай аталмыш көркем фильмнің көрермендерді басқа сапарға шығаратынын тілге тиек етті.
Аталмыш фильм соғыс жылдарында жазылып, көп уақыт бойы адресіне жете алмаған бір хаттың хикаясын баяндайды.
Екі бөлек залда көрсетілімге кірген фильмнің беташарына көптеген қазақстандықпен бірге Әзірбайжанның Астанадағы елшілігінің қызметкерлері мен түрік азаматтары қатысты.
**
Енді спорт әлемінен хабарымыз бар.
Маусым айының 12-ші жұлдызы бауырлас екі ел Түркия мен Қазақстанның футболшылары кездеседі.
Футболдан Түркия федерациясының ресми сайты 10 маусым күні Алматыға келіп, 12 маусымда Қазақстан ұлттық құрамасымен кездесетін футболшыларының тізімін жариялады.
12 маусым күні Қазақстан және Түркия ұлттық құрамалары 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясында кездеседі. Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері Алатау бөктерінде өтетін ойынға шақыртылған футболшылардың тізімін өткен аптада жариялаған болатын.
Түркия бапкерлері де Қазақстан және Болгария құрамаларымен өтетін ойындарына шақыртылған футболшылары тізімін жариялады.
Түркия үні радиосы қызметкерлері ретінде біз де екі командаға табыс тілеп, осы кездесу бауырлас халықтардың туысқандығын нығайта түссін дейміз.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар