Түрік-Қазақ Әлемінен-58

Анкарада «Қазақ Хандығы мен Қазақстан» атты жиын болып өтті.

267988
Түрік-Қазақ Әлемінен-58

Ағымдағы жылдың 6 наурыз күні Түркияның ел ордасы Анкарада «Қазақ Хандығы мен Қазақстан» атты жиын болып өтті.
Анкарадағы Хажеттепе университетінде болған жиынға Қазақстан Республикасының Анкарадағы өкілетті және төтенше елшісі Жансейіт Түймебаев, Хаджеттепе Университеті ректоры Мұрат Түнжер, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Осман Хората, Түрік Академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Еуразия Жазушылар одағы төрағасы Якуп Өмероғлу, Түркітілдес мемлекеттері Ақсақалдары кеңесінің мүшесі және ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Әділ Ахметов, Анкара дипломатиялық корпусының өкілдері, Түркияның әйгілі академиялық және қоғамдық-саяси қайраткерлері, түркиялық және қазақстандық студенттер қатысты.
Конференцияның ашылуында Хажеттепе университетінің ректоры профессор Мұрат Түнжер Қазақстанның Түркия үшін стратегиялық серіктес мемлекет екендігін айта отырып, екі елдің арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді дамытуға әзірлігін білдірді.
Мұрат Тунжер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының жоғары маңыздылығының, оның ішінде Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтудің зор мәнділігінің астын сызды.
Қазақстан Республикасының Анкарадағы өкілетті және төтенше елшісі Жансейіт Түймебаев Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Хажетепе университетінің басшылығына ризашылығын білдіріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы Қазақ хандығының 550 жылдығы 2015 жылы атап өту туралы сөздерін түсіндірді. Түймебаев Қазақстанның соңғы жылдардағы халықаралық аренадағы жетістіктері мен сауда-экономикалық, саяси, мәдени, спорт салаларындағы маңызды қадамдары және жеңістерін атап өтті. «Тамыры терең мемлекет болашаққа да сенімді қадамдармен жылжиды» деді ол.
Түрік Академиясы төрағасы Проф. Др. Дархан Қыдырәлі де сөз кезегінде Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай осындай жиынның шетелде бірінші рет болып отырғанын атап айтты.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ -Түрік Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Осман Хората ашылу баяндамасында түркітілдес мемлекеттердің тарихы мен мәдени дәстүрін зерттеу жөніндегі бірлескен күш-жігердің қажет екендігін атап өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдығы Қазақ елінде биыл ауқымды түрде атап өтіле бастаған, шетелде бірінші рет Түркияда өтуі өте маңызды болып табылады.


Ендігі хабарымыз Түркия мен Қазақстан арасындағы қорғаныс өнеркәсібі ынтымақтастығы жөнінде.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі ақпаратының хабары бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігі қорғаныс өнеркәсібі комитетінің өкілі Исмаил Демирмен кездесті.
Қазақстан Республикасы үшін Түркия әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жақын серіктестің бірі болып табылады. Екі ел ересындағы кездесулер біртіндеп жоғары деңгейге көтеріліп келе жатыр. Бұл екіжақты қарым-қатынастың ары қарай дамуына өзара тиімді. Кеңейтілген мақсаттағы электронды-оптикалық құрылғыларды жинастыратын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» бірлескен кәсіпорны бүгінгі таңда қарқынды дамып жатқанын атап өткен жөн. Аталмыш кәсіпорын күштік органдар мүддесінде өз өнімдерін ұсынады.

Соңғы жаңалығымыз Қазақстан ғалымдарының Түркия қазақтарымен бас қосуы жөнінде.
«Ойлан Қазақ» интернет сайтының хабары бойынша таяуда Стамбул қаласында өткен VIII халықаралық түркология конгресіне келген Қазақстанның бір топ тарихшы ғалымдары Түркиядағы жергілікті қазақтармен кездесті.
Осыған орай, Қазақ мәдени қауымдастығында «Ұлттық тарихты жаңаша зерделеу» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған Мимар Синан университетінің профессоры Абдулуақаб Қара, танымал археолог-ғалым Зейнолла Самашев пен Талас Омарбеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы мен тарихшы Ибрахим Қалқан қатысты. Басқосуда ғалымдар қазақ тарихына қатысты соңғы ғылыми жаңалықтармен бөлісіп, көпшілікті тың деректермен тәнті етті. Көне түркілердің Х ғасырға дейінгі бет-бейнесі жайлы баяндама жасаған Қаржаубай Сартқожаұлы жергілікті қазақтарға елден жырақта жүрсек те, ұлттық тарихқа үлес қосуға болатындығын айтып, атажұртқа Моңғолиядан келгенін мысал етті.
Түріктанушы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы «Негізінен біздің тарихымыз көбінде Кеңес үкіметі тұсында Коммунистік партияның идеологиясы бойынша жазылып келді. Сондықтан біздің көп дүниеміз қалып қалды. Жаңа көзқараспен өзіміздің ұлттық тарихымызды жазуымыз керек. Осыған қазір билік ерекше көңіл бөліп, қаржы бөліп, ғалымдарды жұмылдырып жатқан жағдайы бар" деді.



Ұқсас жаңалықтар