Түрік әдет ғұрыптары 10

Түрік мәдениетінде бала ұғымы - ІІІ / "Балаға ат қою мерәсімі"

82655
Түрік әдет ғұрыптары 10

Әр ұлттың өзіне тән ат қою әдет-ғұрпы бар. Балаға ат қою мәдени, әлеуметтік және діни тұрғыдан маңызды бір тақырып болып табылады. Бала дүниеге келген кезде берілген аттар сол ұлттың тіршілігін, ойлау құрылымы мен әлеуметтік құрылымын көрсетеді. Түрік мәдениетінде қойылған аттың адам мінез-құлқына әсер еткеніне сенеді. Бір адамның тіршілікте ең көп естіген сөзі өз аты болып табылады. Берілген аттың баланың сезімі, ойы және қимыл-әрекетіне, болашағына, қоғам ішіндегі орнына және табысына септігін тигізетіні және атының мағынасы мен ерекшелігінің иесінің бойына сіңетіні туралы наным кең тараған. Бұл наным да аттың таңдалуы және берілу әдісіне әсер етеді.
* * *
Орталық Азиядан Анатолыға дейінгі кең уақыт кеңістігінде түрік мәдениетінің маңызды ұғымдарының бірі де ат қоюға қоса ат қою мерәсімдері болып табылады. Ежелгі түріктерде балаға атты сол тайпаның ханы, құрметтелген бір қонақ, дана кісі немесе дін қызметкері қойған. Қорқыт ата хикаяларында да кейіпкердің атын Қорқыт ата береді. Бала дүниеге келген соң ата-ана атаған есім баланың шын аты болып табылмайды. Балаға нағыз аты маңызды бір жұмыс істеген кезде, батырлық жасаған соң ер жеткенде беріледі. Ежелгі түріктерде батырлықпен байланысты аттар қою түріктердің есім қою салты арасында алғашқы кезекте орын алады. Алып Арыстан, Алып Білге, Алып Гирай, Алып Ер Тонга (Афрасиаб) мысалдарындағы сияқты батыр, ержүрек деген мағыналарға келетін «алып» сөзі көбінесе сын есім ретінде аттың алдына қойылады. Атқа ие болғанша «атсыз» деп шақырылған балалар өмір бойы «атсыз» боп кете береді. Қорқыт ата хикаяларында Дирсе ханның баласы күшті бір бұқамен күресіп, оны өлтірген кезде Боғач деген атты алған. Қорқыт ата балаларға ат қойған соң «Атын мен атадым, жасын құдай атасын» деп батасын берген. Исламдық кезең түрік тұрмысында наным мен құндылықтар жүйесіне байланысты аттар мен атау әдісі де өзгерген. Ат атағанда жеке және әлеуметтік шарттар анықтаушы болған. Ата-ананың нанымы, білімі, жеке таңдаулары, отбасылары, құрамында орын алғандары орта және дәстүрлер балаларға ат қойғанда роль атқарған. Анатолыда Құраннан ат қою кең тараған. Балаға Құраннан ат таңдайтын адам Құранның кезкелген бір парақшасын ашып оқиды. Есім болуға лайықты бір сөзді таңдап, баласына атын береді. ІІ.Абдулхамиттің қызы Айше Османоғлу әкесі туралы жазған кітабында Османлы сарайында ат қойылған кезде осы әдет-ғұрыптың пайдаланылғанын түсіндіреді.
Анатолыда ат қою тақырыбындағы наным мен ғұрыптар сәл айырмашылықтары болса да бірдей болып табылады. Ат қоюға байланысты ұйымдастырылған мерәсімде ас тарату, мәуліт оқыту, мерәсімге туысқандар мен үлкендердің келуі, Қағбаға қаратып азан шақыру және баланың атын үш рет оң құлағына айту сияқты қалыптасқан дәстүрлер жүзеге асырылады. Балаға алдымен кіндік аты аталады. Кіндік аты баланың кіндігі кесілген кезде немесе дәл артынан қойылады. Кіндік аты көбінесе діни мазмұнды аттар болып табылады. Жалпы кіндік аты қойылғаннан үш күн өткен соң баланың аты бір мерәсіммен аталады. Балаға аты дін қызметкері немесе отбасының ақсақалы тарапынан қойылады. Ат қоятын кісі баланың оң құлағына азан, сол құлағына үш рет «қамат» түсіреді. Азан айту мен қамат түсіру балаға бағытталған тұңғыш имандылық шақыруы болып табылады. Қамат дәл азан сияқты мына сөздерден турады. «Алла ең ұлы, Алладан басқа жаратушы жоқ екеніне куәлік жасаймын, Мұхаммед Алланың елшісі. Кәні намазға, құтылуға, намаз басталды. Алла ең құдіретті, Алладан басқа жаратушы жоқ».
Ат қойған кісі көбінесе баланың қылығы жақсы болсын, отбасына, дініне, ұлтына және қоғамға пайдалы болсын, дұрыс және намысымен өмір сүретін бір адам болсын деп бата береді. Бұл ғұрып ислам салтынан шыққан. Әзірет Фатыма баласы Хасан дүниеге келген кезде Әзірет Мұхаммед пайғамбардың немересі Хасанды құшағына алып, құлағына азан шақырғанын және ықылас сүресін оқыған соң ат қойғанын атап көрсетеді. Балаға ат қойған кезде назарға алатын жайт - балаға мағынасы жақсы бір аттың қойылуы. Әзірет Мұхаммед пайғамбардың насихаттары арасында балаға мағынасы жақсы бір ат қою ата-ананың алғашқы міндеті ретінде орын алады. Балаға жақсы ат қою кезкелген әкенің маңызды бір міндеті. Әзірет Мұхаммед пайғамбар «Сіз ақырет күні келгенде өз аттарыңыз және әкелеріңіздің аттарымен шақырылатын боласыз, олай болса аттарыңызды жақсартыңдар» дейді. Әзірет Мұхаммед пайғамбар көптеген адамның атының мағынасы жаман болғаны себепті өзгерткен, орнына мағынасы жақсы аттар қойған. Көптеген ислам ғалымы аттың қойылған адамға жақсы не жаман әсер ететіні тақырыбының маңызына назар аударған.
Анатолының кейбір аймақтарында балаға дүниеге келуінің жетінші күнінде ас таратып, ат қояды. Ат қойған соң баланы құшақтан құшаққа беріп, балаға жақсылық, денсаулық, ұзақ өмір тілейді және балаға әртүрлі сыйлықтар әкеледі. Кейін болса Құран оқиды.
Анатолыдағы кең тараған ғұрыптардың бірі де бала жиі ауыратын болса немесе оған аяқастынан бір нәрселер болып жатса «аты бақыт әкелмеді», «атын көтере алмады» деген себептермен баланың атын өзгертеді. Ат өзгерту ислами негізде жасалады. Атты өзгерткен кезде құрбан шалынып, Құран оқытылады.
Балаға бұрын киелі күн мен айлардың, ұнатқан тұлғалардың, қасиетті адамдардың және діни ғұламалардың, отбасы мүшелерінің аттары, әсіресе әкесінің туысқандарының есімдері берілсе, қазір ата-аналар қалаған аттарын қояды.
Қорытып айтқанда түрік ұлтының баласына қойған аттары отбасының әлеуметтік және мәдени құрылымы, нанымы, салт-дәстүрге бағыныштылығы тіпті саяси құрылымымен байланысты.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар