Йылдырым Баязит

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 5

1368782
Йылдырым Баязит

І Мұрат кезінде Анадолы мен Румеліде мықты күшке айналған Османлылар Йылдырым Баязиттің кезінде де одан әрі күшейе түсті. Тек Османлылардың Анадолыдағы саясаты олардың аймақтағы бейліктермен соғысына себеп болды. Бұл соғыстар Анадолы бейліктерінің Түркі әлеміндегі жаңа жойқын күш Әмір Темірдің жағына шығуына жол ашты. 1402 жылы болған Анкара шайқасында Баязит Әмір Темірден жеңіліп, Османлы елінде «өлі ара» пайда болды. Осы шеңберде Османлылардың төртінші сұлтаны Йылдырым Баязиттің өмірін қарастыруымыз керек.

Ұлы тұлғамыз 1354 жылы Османлылардың жаңа астанасы Едирнеде туып, Анкара шайқасынан кейін 8 наурыз 1403 жылы қайтыс болды. Әкесі І Мұрат, шешесі Гүлчичек хатун. Тарихи деректерде Баязиттің аты Османлылардың Анадолы саясатымен қатысты өтеді. Атап айтсақ, І Мұрат Анадолыдағы ықпалын күшейту үшін 1381 жылы Баязитке Гермиянұлдарының қызы Сұлтан ханымды алып береді. Осының арқасында Османлылар Гермиян Бейлігінің біраз жерін «жасау» ретінде алады. Осыдан кейін Баязит Күтахияға санжақ бейі болып тағайындалады. Оның міндеті Османлылардың негізгі күші Рұмеліде жорықта жүргенде, Анадолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Сондықтан да ұлы тұлғамыздың алғашқы шайқасы Қараман бейі Алааддинге қарсы болды. Тарихшылардың айтуына қарағанда, Алааддин бей 1386 жылы І Мұраттың Рұмелідегі жорықтарын орай деп біліп, Анадолыдағы Османлы жерлеріне шабуыл жасайды. Алайда шахзада Баязит тез арада күш жинап, оған соққы береді. Осы жылдамдығына байланысты оған «йылдырым» яғни «найзағай» деген атақ берілді.

Йылдырым Баязит Анадолыдағы Османлының негізгі қарсыластарын тыныштандырғаннан кейін 1389 жылы інісі Якуб Челебимен бірге әкесінің сербтерге қарсы ұйымдастырған жорығына қатысады. 15 маусым 1389 жылы болған Косова шайқасынан кейін І Мұрат бір серб тарапынан өлтіріледі де дереу сол жерде Баязит «Османлы сұлтаны» болып жарияланады. Бұл кезде Якуб Челеби жауды қуып кеткен болатын. Билікті қолына алған Баязиттің бірінші ісі тақ таласын болдырмау үшін інісін алдырып, оны қылқындырып өлтірту болды. Осыдан бастап, Османлылардың дәстүріне айналған «ағайынын өлтіру» түріктердің ел билеуіндегі өзгешелік болды. Өйткені бұған дейін барлық түрік елдерінде тақ таласы нәтижесінде мұрагер анықталатын еді. Османлылардың бұл жаңалығы қаншалықты озбыр болса да, елдің тұрақтылығы мен тұтастығын сақтау үшін маңызды болды.

Косова шайқасынан кейін Йылдырым Баязит Бурсаға келді. Себебі Анадолыдағы бейліктер Қараманұлдарының басшылығында Османлыларға қарсы соғыс бастаған болатын. 1389-90 жылдары Баязит одақтастары Жандарұлы Сүлейман мен Византия императорының ұлы Мануилдың күштерімен бірге Айдын, Сарыхан, Гермиян, Ментеше және Хамит бейліктерін бағындырды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз Қараман бейлігіне шабуыл жасап, Конияны қоршауға алды. Бірақ Жандарұлы Сүлейманның Қазы Бұрханеддинмен одақ құруына байланысты, 1391 жылы Қараманұлдарымен бітімге келді. Солтүстік Анадолыда Жандарұлы Сүлейманмен соғысқан Йылдырым Баязит өз аумағын Қаратеңізге дейін кеңейтті. Тек Қазы Бұрханеддиннің қарамағындағы шығыс Анадолы Османлыларға бағынбады.

1393 жылдан бастап, Йылдырым Баязит Рұмеліде белсенді саясат жүргізді. 17 маусым 1393 жылы Османлы күштері Болгарияның сол кездегі астанасын Тырново қаласын алды. Осылайша, Болгария Балқан түбегінде Османлы билігіне тікелей бағынған алғашқы ел болды. Осыдан кейін Албания да Османлының тікелей билігіне өтті. Ал мажарлар мен гректер әзірге Османлыларға ресми бағыныштылығын білдірді.

Баязиттің кезінде Османлылардың Византиямен қатынасы шиеленісе түсті. 1391 жылы Мануил император ретінде таққа шыққанда Баязит Византияның Османлыларға төлеп тұрған салығын арттыруды және Константинопольдегі мұсылмандар үшін қазы тағайындауды талап етті. Бұл шарттар қабылданбағандықтан Баязит бұғаздың Азия жағалауында Анадолы хисарын тұрғызып, қаланы қоршауға алды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыздың шарттарын қабылдаған Император Мануил 1394 жылы қалада мұсылмандарға арналған жаңа аудан құруға келісуге мәжбүр болды.

Ұлы тұлғамыздың шығыс пен батыстағы жеңістері христиан әлемі елдерінің үрейін одан әрі ұшырды. 1396 жылы жаздың басында Еуропа елдері жаңа крест жорығына шықты. Шамамен 30-35 мың крестші армиясының басында Венгрия королі Сигисмунд тұрды. Крестшілердің қатарында Франция, Англия, Шотландия, Фландрия, Ломбардия, Германиядан рыцарьлар, сонымен қатар Польша, Италия, Испания және Богемияның авантюристтері болды. Крестші армиясымен Османлы қолы Болгарияның Никопол қаласы маңында 25 Қыркүйек 1396 жылы қарсыласты. Шайқаста Баязит крестшілерді талқандап, көпшігін тұтқынға алды. Атақты рыцарлар француз королі VI Карлға 200 мың алтын құнға кері қайтарылды. Бұл жеңіс Еуропада Османлыларға қарсы тұратын күш қалмағандығын көрсетті.

Рұмелідегі жеңісінен кейін Баязит назарын Анадолыға аударды. Өйткені Никопол шайқасын орай деп білген Қараманұлы Алааддин тағы да бүлік бастаған болатын. 1397 жылы ұлы тұлғамыздың өзі қол бастап, Қараман бейлігін толықтай бағындырды. Ал 1398 жылы Қазы Бұрханеддин қайтыс болды да оның жерлері Османлы билігіне өтті. Осылайша Османлы империясы аймақта Әмір Темірдің билігін мойындаған елдермен көрші болды. Осы жағдайды пайдаланған Анадолының бейлері Османлы еліне қарсы Әмір Темірдің жағына өтті.

Баязит пен Әмір Темірдің текетіресінде расын айтқанда ұлы тұлғамыз қарсыласын қауіп деп есептемеді. Өйткені ол бұл кезде бүкіл Еуропаның біріккен крестші армиясын талқандаған атақты жеңімпаз ретінде атағы жер жарып тұрған болатын. Оның бұл қателігінің кесірінен Османлы қолы 22 шілде 1402 жылы Әмір Темірден жеңілді.    



Ұқсас жаңалықтар