Газаға далалық ауруханалар қажет

Газадағы ауруханалардың жұмысын жалғастыруы үшін жанар-жағармай, электр қуаты және медициналық құрал-жабдықтар қажет.

2060792
Газаға далалық ауруханалар қажет

Палестина Денсаулық сақтау министрі Мей эль-Кейле Израильдің үздіксіз бомбалауы салдарынан денсаулық жүйесі күйреген Газада далалық ауруханалар қажет екенін айтты.

Кейле бір телеарнаға жасаған мәлімдемесінде Газадағы денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы ақпарат берді. Кейле Газадағы ауруханалардың жұмысын жалғастыруы үшін жанар-жағармай, электр қуаты және медициналық құрал-жабдықтар қажет екенін, 16 аурухана мен 51 денсаулық орталығының шабуылдар мен жанармай тапшылығына байланысты жұмыс істемейтінін айтты.

Газадағы ауруханалардағы төсек санының қалыпты жағдайда да жеткіліксіз екеніне назар аударған Кейле 16 аурухананың жұмыс істемеуі және шабуылдарда 24 мыңнан астам адамның жарақат алуының үлкен тапшылыққа себеп болғанын атап өтті. Науқастарға стерильді емес орталарда, аурухана дәліздерінде және телефон шамдарымен операция жасалғанын айтқан Кейле Газада далалық ауруханалардың құрылуы керектігін атап көрсетті.

Кейле әлемді және халықаралық ұйымдарды зардап шеккендерді Мысырдағы ауруханаларға жіберу және жанар-жағармай мен медициналық заттардың Газаға кіруіне рұқсат беру үшін әрекет етуге шақырды.



Ұқсас жаңалықтар