Украинада зымыран шабуылынан бейбіт адамдар қаза тапты

Краматорск қаласында 4 қабатты тұрғын үй қирады.

1941008
Украинада зымыран шабуылынан бейбіт адамдар қаза тапты

Ресей армиясы ұшырған зымыран Донецк аймағында бір тұрғын үйге келіп құлап, 3 адам қаза тауып, 8 адам жараланды.

Украина Мемлекеттік Төтенше Қызметтер мекемесінің мәлімдемесіне қарағанда, Донецк облысындағы Краматорск қаласында 4 қабатты тұрғын үй қирады.  

Оқиға орнына аттанған іздестіру-құтқару топтары үйінді астынан 3 адамның денесін шығарды, 2 адамды құтқарды. 8 адам жарақат алған.

Украина президенті Владимир Зеленский шабуылда бейбіт тұрғындар қаза тауып, үйінді астында қалғанын айтты. «Мұндай қайғылы оқиғалардың қайталану ықтималын жою үшін бұл зұлымдықты жеңу керек» деді ол.

Зеленский қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлілерді міндетті түрде тауып, жазалайтындарын білдірді.

Украина Бас штабы Ресей армиясының соңғы 24 сағатта Донецк аймағындағы Славянск, Краматорск және Дружковка елді мекендеріне 6 рет зымырандық шабуыл жасап, 4 әуе шабуылы жасағанын атап көрсетті.

Мәлімдемеде Ресей күштерінің көп реттік зымыран жүйесімен 73 шабуыл жасағанына назар аударылды. «Жаудың шабуылынан бейбіт тұрғындар қаза тапты» делінген хабарламада.

 



Ұқсас жаңалықтар