Колумбияда лай көшкінінде 5 адам қаза тапты

Колумбияда нөсер жаңбыр салдарынан туындаған су тасқыны мен лай көшкінінде 5 адам қаза тапты.

1906577
Колумбияда лай көшкінінде 5 адам қаза тапты

Колумбияда апта аяғындағы демалыс күндерінен бері жалғасып келе жатқан нөсерлі жаңбыр салдарынан туындаған су тасқыны мен лай көшкінінде 5 адам қаза тапты.

Ел астанасы Богота, Магдалена, Атлантико, Сурсе, Сезар, Ла Гуаджира, Антиокия және Кордоба әкімшілік аймақтарында көптеген лай көшкіні мен су тасқыны болды.

Осы уақытқа дейін 5 адам қаза тауып, мыңдаған адам эвакуацияланған елде лай көшкіні кесірінен қалалар арасындағы көлік қатынасы қиындап тұр.

Богота мэрі Клаудиа Лопес өзінің Twitter-дегі парақшасында жауын-шашынның айдың соңына дейін жалғасатынын айтып, тұрғындардан су тасқыны мен лай көшкіні қаупінен сақ болуды сұрады.

Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде тауда қалып қойған көлік иелерінің биліктен көмек сұрағаны көрінді.

Колумбияның Апат қаупін басқару ұлттық бөлімі елде «жаңбырлы маусым» басталғалы бері 205 адамның қайтыс болғанын, 53 адамның жоғалып кеткенін және 281 адамның жараланғанын хабарлады.

Ел көлемінде 500 мыңға жуық адамның жауған жаңбырдан зардап шеккенін атап көрсеткен Колумбияның Апат қаупін басқару ұлттық бөлімі су тасқынынан 5 мың 858 үйдің қирап, 77 мың 816 үйдің зардап шеккенін білдірді.

Президент Густаво Петро өз мәлімдемесінде үкімет ретінде апаттың салдарын жоюға 412 миллион доллар бюджет бөлгенін хабарлады.

 



Ұқсас жаңалықтар