Синдзо Абэ оққа ұшты

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ оққа ұшты.

1853773
Синдзо Абэ оққа ұшты

Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ Нара қаласында қарулы шабуылдан қаза тапты.

Жапонияның NHK мемлекеттік телеарнасы хабарлағандай, қаладағы Либералдық-демократиялық партия кандидатының сайлау науқанын қолдап сөз сөйлеп жатқан кезде кеудесіне оқ тиген Абэ жеткізілген ауруханада қайтыс болды.

Шабуылды екі ұңғылы қарумен жасағаны айтылған 41 жастағы шабуылшы Ямагами Тецуяның Теңіз  қорғау күштерінің бұрынғы мүшесі екені жазылған.

Премьер-министр Кишида Фумио Синдзоға жасалған шабуылға қатысты «Демократияның негізі болған сайлаудан бұрын жасалған бұл айуандық шабуылды қабылдауға болмайды, шабуылды қатаң түрде айыптаймын» деді. Ол шабуылдың себебі туралы әзірге ақпарат жоқ екенін айтты.

Оппозициялық партиялар митингілерін кейінге шегергендерін мәлімдеді.

2012-2020 жылдар аралығында премьер-министр қызметін атқарған Абэ елдегі ең ұзақ қызмет еткен премьер-министр болды.

Абэ денсаулығына байланысты екі жыл бұрын қызметінен кеткен.



Ұқсас жаңалықтар