БҰҰ Бас хатшысы атысты тоқтатуға шақырды

БҰҰ басшысы елде қазір 12 миллионнан астам кісінің гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін білдірді.

1814894
БҰҰ Бас хатшысы атысты тоқтатуға шақырды

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей соғыс бастаған Украинада атысты тоқтатуға шақырды.

Ол БҰҰ Орталық ғимаратында журналистерге мәлімдеме жасады.  Украинада қақтығыс болады деп күтілген аймақтардан бейбіт халықтың кетуі және көмектің жетуі үшін гуманитарлық атысты тоқтату жариялау керектігін айтты.

БҰҰ басшысы елде қазір 12 миллионнан астам кісінің гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін, бұл көрсеткіштің 15,7 миллионға жетуі мүмкін екенін білдірді. Ол православтардың 24 сәуір күні басталатын Пасха мерекесінде төрт күндік атысты тоқтатуға шақырды.

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба болса Ресейдің БҰҰ Бас хатшысы Гутерриштің шақыруына құлақ асуы керектігін білдірді. Кулеба әлеуметтік желідегі жазбасында «Ресей БҰҰ Бас хатшысын тыңдауы қажет және Украинаға қарсы соғысын доғаруы керек. Немесе кемінде гуманитарлық үзіліс беруі керек» деді.

«Осы соғыста жалғыз шабуылдаушы және басқыншы – Ресей» деген Кулеба «Украина әрқашан бейбіт шешім іздеуге дайын еді және дайын» деді.



Ұқсас жаңалықтар