Анкарада қазақтың сурет көрмесі ашылды

Мұстафа Аяз атындағы мұражайдың көрме залында ашылған сурет көрмесі «Ұлы дала рухы» деп аталады.

1088348
Анкарада қазақтың сурет көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы, Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бірігіп ұйымдастыруымен 14 қараша күні Анкарада сурет көрмесі ашылды. Түркияның бас қаласы Анкараның жүрегінде орналасқан Мұстафа Аяз атындағы мұражайдың көрме залында ашылған сурет көрмесі «Ұлы дала рухы» деп аталады.

Қастеев өнер мұражайында орын алған Қазақстандық беделді суретшілердің туындыларынан тұратын көрме түрік жұртына қазақтың мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

 Қазақстанның ең ірі өнер мұражайынан жинақталған суреттер топтамасының Анкарадағы көрмесін Түріксой бас хатшысының орынбасары Проф. Фырат Пурташ ашып берді.  беташарға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы да қатысты.

Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның ұлттық құндылықтары, тарихы мен рухы, табиғаты мен дәстүрлерінің шын көрінісін паш ететін көрмені Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының директоры Гүлмира Шалабаева, атақты суретші-кескіндемеші Нэлли Бубэ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қылқалам шебері Алпысбай Қазғұлов өздерімен бірге ала келген.

25 қараша күніне дейін Анкара тұрғындарына және қонақтарына есігі айқара ашық болатын көрменің беташарына түрік және қазақ мәдениет қайраткерлері, жергілікті қазақ қоғамының өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан студент жастар үлкен қызығушылық танытты.



Ұқсас жаңалықтар