Түріксой бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташпен сұхбат

Фырат Пурташ 24-27 тамыз күндері өткен Еуразиядағы Бүкіләлемдік мұралар қалаларының 7-ші Халықаралық конференциясына қатысты.

143892
Түріксой бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташпен сұхбат

Тамыз айының аяғында Қазақстанның Ақтау қаласы халықаралық алқалы жиынға мекен болды.

24-27 тамыз күндері өткен Еуразиядағы Бүкіләлемдік мұралар қалаларының 7-ші Халықаралық конференциясы аясында Ақтау қаласына 10 ел, 41 қаладан 275-тен көп қатысушы келді.


Ақтау қала әкімдігі, Бүкіләлемдік мұра қалалар ұйымы Еуразия аймақтық желісі, Біріккен қалалар мен жергілікті әкімшіліктер әлемдік ұйымының Еуразия бөлімшесінің ұйытқы болуымен, ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен муниципалитет басшылары, халықаралық ұйым өкілдері, мәдени, тарихи және сәулет мұрасын қорғау мақсатты мекемелер, түрлі ғалым мен саясаткерлер қатысты.


Еуразия әлемдік мұра қалаларының проблемалары мен шешім жолдары, жаһанданған әлемде мәдени мұраның қайтадан жандандырылуы, мұра мен туризм инфрақұрылымына инвестициялар сынды мәнді тақырыптар қозғалған жиынға Түркиядан да ауқымды делегация қатысты.

Фырат Пурташ
Халықаралық конференцияға Түрік мәдениеті Халықаралық ұйымы Түріксой атынан қатысқан ұйымның бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ мырзамен сұхбаттастық. Ақтаудан әсерлі сезіммен оралған Фырат мырзамен осы сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.


- Сіз тамыз айында Қазақстанның Ақтау қаласында болып өткен Еуразиядағы Бүкіләлемдік мұралары қалаларының 7-ші Халықаралық конференциясына қатысып келдіңіз. Осы конференцияның мақсаты мен жұмысшы жайлы айтып берсеңіз?


Фырат Пурташ:
Конференция Қазақстанның, әсіресе Қазақстанның батыс өңірінің мәдени мұрасын әлемге таныстыруды, мұраларды қорғауды мақсат етеді. Осы конференцияға Түріксой-мен бірге Түркі әлемі муниципалитеттер одағы басшылары, Бүкіләлемдік мұра қалалар ұйымы, Бүкіләлемдік Біріккен қалалар мен жергілікті әкімшіліктер сынды халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Айырықша ЮНЕСКО Қазақстан кеңсесінің ұйымдастыруда үлесі зор.
Әлем мұра қалалары ұйымына тек ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген қалалар ғана мүше болады, сондықтан ұйымның мүше саны шектеулі. Осы ұйымға Түркияның Сафранболу қаласы да мүше, сондықтан Сафранболудың муниципалитет басшысы да аталмыш конференцияға қатысты. Сонымен бірге Түркиядан Самсун қаласы муниципалитет басшысы мен Конияның Селчуклу муниципалитет төрағасы орын алды.

Ақтаудағы конференция суреттері
Осы конференция барысында Ақтау қаласы мен Түркияның Самсун қаласы арасында «Бауырлас қала» достық және ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. Осы бауырлас қала келісімінің қалай болғанын да қала әкімі айтып берді. Сіздерге сүйінші берейін, алдымыздағы күндері Ақтау қаласы әкімдігінен ауқымды бір делегация Самсун қаласына келеді. Самсун мен Ақтау қалалары негізінде бір-біріне өте ұқсас қалалар. Біріншіден екеуі де портты қала. Екі қала да теңіз суының тазаланып, ауыз суына айналдырылуына байланысты жұмыстанып келеді. Осы тақырыпта алдағы уақытта ынтымақтасып, ортақ жобалар атқарады деп сенеміз.


-Сіз Қазақстанның көптеген қаласын аралап көрген жансыз. Ал Ақтау қаласына бірінші рет бардыңыз. Бізге осы сапардан алған әсеріңіз туралы айтып берсеңіз?


Фырат Пурташ:
Ақтаудағы конференцияның әрбір отырысы, әрбір кездесуі, әрбюір жиыны жақсы өтті. Организация мінсіз болды. Шетелдерден келген қонақтар да дән риза болып оралды. Ғылыми отырыстар тысындағы бағдарламасы да өте тартымды және мағыналы өтті. Мұны негізінен қазақ тойы деп атауға болады. Біз Ақтауда қазақ тойын тойлап келгендей әсердеміз. Маңғыстау облысы негізінен әулиелер мекені ретінде танымал. Ресми кездесулер тысында жүргізілген мәдени саяхат барысында әулиелердің қазақ тарихында және қазақ қоғамында қаншалықты маңызды екенін көріп білдік. Бекет Ата, Қошқар Ата және Шолпан Ата сынды қасиетті жерлерді аралап көрдік. Айырықша Ақтаудың географиялық ерекшелігін өз көзімізбен көрдік. Бұл өңір ғасырлар бұрын теңіздің астында болған. Сондықтан әлі күнге қазындылар, балық сүйектері, геологиялық қабаттар анық көрінеді. Сонымен бірге менің есімде қалғаны Этно-ауылдың ашылу салтанаты болды. Осындағы қазақ «шаңырағына» барлық қонақтар бір-бірлеп өз уықтан байлады. Бұл символикалық жағынан бейбітшілік, бауырластықтың белгілі, келісімнің нышаны болды. Әлемде бейбітшілік, келісім болсын деген ниеттің символикалық көрінісі. Ақтауда қазақ қонақжайлығының ауқымын көрдік. Жан-жақты таныдық.

Іс-шаралардан көріністер
Әсіресе қазақ халқының баланың өмірге келуінен үйленіп, отау құрғанына дейінгі өміріндегі барлық маңызды кезеңдерін көрсететін театрлы қойылымды тамашаладық. Осы кеште Қазақстанның атақты әншісі Роза Рымбаева да ән шырқап, қазақ мәдениетін тануымызға үлес қосты.


Осы конференцияның естелігі ретінде Каспий теңізі жағасына бір ескерткіш ашылды. Сапарымыздың барлық сәті мағыналы, мәнді өтті десем артық болмайды. Шетелдерден келген қонақтар тек Ақтауды емес, Қазақ елін таныдық, қазақ мәдениетін өз көзімізбен жан-жақты көріп, таныдық. Мысалы шетелдік қонақтар ретінде ет асылып, табақ тартылғанда, жастардың табағы бөлек, үлкен ақсақалдардың табағы бөлек, қыз-келіншектердің табағы, күйеудің табағы сынды дәстүрлерді білмейді екенбіз. Осындай әдет-ғұрыптарды өз орнында көріп келгенімізге қуаныштымыз.


Мен негізінде Қазақстанның Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент сынды қалаларын көрген едім. Бірақ батыс облыстарына бірінші баруым екен. Өзгеше болады деп ойлаған едім. Бірақ қазақ дәстүрінің елдің барлық жерінде бірдей екенін көрдім, сонымен бірге территориясы өте ауқымды ел болғанына қармастан ұлттық әдет-ғұрыптардың ұмытылмай, барлық жерде сақталып қалғанына көзім жетті.

Ақтаудан кейін енді осы конференцияның келесі отырысы Якутск қаласында өтеді. Ақтау қаласы организациясы арқылы деңгейінің өте жоғары екенін көрсетті. Сондықтан келесі конференцияларды өткізетін елдерден күтеріміз де жоғары. Ақтау бұл деңгейді биіктетті.

Фырат Пурташ
- Қазақстандағы мәдени іс-шаралар туралы өз ойыңызбен бөлісе отырсаңыз...


Фырат Пурташ:
Түріксой ретінде Қазақстанның барлық аймақтарымен ықпалдаса жұмыс істеп келеміз. Мысалы Өскемен, Қызылорда, Шымкент қалаларында дәстүрлі фестивальдерге қолдау беріп отырмыз. Түркиядағы және түркі әлеміндегі барлық іс-шарада Қазақстанмен серіктестігіміз жоғары деңгейде.
Қазақстанда бір байқағаным әрбір облыс іс-шаралар, халыққа қызмет тақырыптарында бір-бірімен жарысуда. Әрбір облыс ұлттық деңгейде болса да, халықаралық деңгейде болса да түрлі мәдени, тарихи жобаларды жүзеге асырып жатыр. Облыстар елге, халыққа пайдалы жобаларды жарыса ұйымдастырып, көркемдеп өткізіп, ел байлығын, мемлекет әлеуетін әлемге паш етуде. Облыстар арасындағы осы жарыс елдің дамуы, жетілуі үшін өте маңызды.

Тарихи мекендерге саяхат
- Түріксой-дың Ақтау қаласымен болашақ үшін қандай жоспар-жобалары бар?

Фырат Пурташ:
Түркияда көптеген жылдан бері «Хазар» (Каспий) поэзия кештері атты іс-шара өткізіліп келеді. Осы шара жыл сайын әдебиет саласында ұйымдастырылатын қарапайым бір шара, бірақ өте маңызды. Мысалы қайтыс болмастан бұрын қырғыздың атақты жазушысы, мемлекеттік қайраткер Шыңғыс Айтматов осы шараға қатысып еді. Түркияның Елазыг қаласына келіп, поэзия күндеріне қатысып, өз өлеңдерін оқып, атына қала орталығында саябақ ашылған болатын. Осы елеулі оқиға тек қырғыздың емес түркі әлемінің ұлы перзенті Шыңғыс Айтматовтың өмірінде қарапайым оқиға болуы мүмкін. Бірақ Елазыг тұрғындары әлі күнге осы оқиғаны ұмытпай, естерінде сақтап келеді.


Мен де Ақтаудағы кездесулер барысында Ақтау қаласы әкімі Еділ Жаңбыршинге ұсыныс жасадым. Түркияның Хазар көлі маңында өтіп келе жатқан поэзия кештерін түркі әлемінің теңізі Каспий жағасына, Ақтау қаласына, артынан Баку қаласына көшіріп, ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Еділ мырза осы ұсынысымды жылы қабылдады. Яғни осы поэзия кештерін кіші Хазардан ірі Каспийге көшіру ниетімізді білдірдік. Енді бірге жұмыстанып, осындай жобалардың жүзеге асуы үшін атсалысамыз.

 Суреттер Ақтау қала әкімдігінен алынды. 


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар