Жолдан адасып кету хикаясынан кейін табылған ежелгі қала

Афродизиас

1743113
Жолдан адасып кету хикаясынан кейін табылған ежелгі қала

Бір кездердің аты аңызға айналған көркем қаласы болатын. Ежелгі грек құдай мен әйел құдайларының ең атақтысы Афродитаға арналған,  мүсіндерімен, мәрмәрлерімен атағы шыққан қала еді. Әрқайсысы шебердің қолынан шыққан мүсіндермен безенген ғимараттары көргендерді таңғалдыратын. Уақытқа еш нәрсе тойтарыс бере алмағандықтан, ол да құламай қала алмады.  Жойқын жер сілкіністерге куә болды, уақыт оған да келіп жетті, дәуір өзгерді, басқаша шақтың басқа мәдениетімен жалғастырды ғұмырын.

Қаланың жаңа тұрғындары топырақ астынан шыққандарды жатырқаған болуы мүмкін, бірақ елемей қалған жоқ. Үйлерінде,  ғибадатханаларында бұрыннан қалған жәдігерлермен бірге тұра бастады.  Бір кездейсоқтықпен табылған, ежелгі әлемнің ең маңызды және көркем қаласы Афродизиас бүгінгі тақырыбымыз. Сөзді көп созбай, осы керемет қаланы дереу баяндауды бастау керек. Себебі айтылатын көп нәрсе бар.

**

18-ғасырда тек саяхатшылар ғана білетін еді Афродизиасты.  Әлемге танылуы Түркияның ең  танымал фотографы Ара Гүлердің жолынан адасуымен басталады.  Осы жоғалып кету, табу хикаясы өте қызықты. 1958 жылы Айдында ресми түрде бір су бөгеті ашылады.  Сол жылдары фото тілші болып жұмыс істейтін Ара Гүлер де оқиғаны суретке түсіріп алғысы келеді. Әкімдіктен рұқсат алып, көлікке мініп, жолға шығады. Көліктің жүргізушісі төте жолды білетінін айтады, бірақ бір мезгілден кейін жолда адасып қалады.  Қайтып жолды таба алмайды.  Күн батады. Қараңғы түседі. Алыстан бір жарық көрініп,  сол бағытта жылжиды. Бұл – бір ауылдың кафесі. Оқиғаның осыдан кейінгі жағын Ара Гүлердің өз аузынан тыңдалық: «Ішке кірдік, кафенің ішінде шырақ жанып тұр.  Адамдар ойын ойнап отыр.  Бір кезде менің көзім жарыққа үйреністі.  Қарасам үстел жоқ.  Бағана бастарын үстел қылыпты.  Үстінде домино ойнап отыр. Тарих пен бүгінгі күн. Бірге.  Осындай ғажайып бір жерді бұрын көрмеп едім. Қираған жәдігерлер болады,  бірақ бұл басқаша нәрсе. Бұл – тарих ішінде өмір сүретін ауыл. Қарасам, тастың ішінен адам бейнелері маған қарап тұр. «Мені құтқар» дегендей»

Ара Гүлер ертеңіне ауылды аралауға шығады. Барлық ғимаратта Рим кезеңі туындыларының қолданылғанын көріп таңғалады. Ондаған фотосурет түсіреді. Стамбулға оралған соң іздестіре бастайды аймақ қалдықтарын. Бірақ Афродизиасты ешкім білмейді. Түсірген суреттерін халықаралық беделді бір журналға жібереді. Міне, сол кезде үлкен жаңғырық туғызады. Үйлердің тіректері орналастырылған ежелгі бағаналар, кафеде үстелдің орнына қолданылған бағана бастары, ішінде жүзім езілген саркофагтар, ауыл тұрғындары отырып әңгіме-дүкен құрған ежелгі театрдың орындықтары туралы біз осылайша хабардар болдық.

**

Бүгінгі күні Айдынның Гейре ауылы маңында орналасқан Афродизиас ежелгі дәуірде Лидия уәлаятының бас қаласы болатын.  Үлкен Мендерес өзенінің маңындағы шығымды жерлерге құрылған қала мәрмәр қойнауы, саяси, діни және мәдени ғимараттары,  әлемге танымал мүсіншілік мектебімен сол кездердің қалалары арасында ерекшеленетін.  Дәулеті және көркемдігімен көздің жауын алатын қаланың аты махаббат пен сұлулық құдайы Афродитадан келеді.  Негізінде неолитикалық дәуірден бері туудың және берекеттің символы, фригтердің Кибелесі секілді әйел құдай болатын Афродита. Қала осы маңызды құдайға арналған,  Афродита храмы арқасында уақыт өте келе діни орталыққа айналған. Храм өзін паналаған адамды қорғайды деп сенетін адамдар. Көп тәңірілі дінге сенетіндердің қажылық орны деп есептелетін қасиетті мекен болатын.  Христиандық тарала бастағаннан кейін қала бір епископтық орталығы болады. храмның маңызы азайса да,  тамыры тереңге созылатын мәдениет жойылмады.  Осы ықпалды жою үшін Афродита және Афродизиас сөздері барлық құжаттардан жүйелі түрде өшірілді.  Қалаға жаңа есім ретінде «Қажылық қаласы» деген мағынаға келетін Стравполи аты берілсе де,  Афродизиас аты толығымен жойылған жоқ.

Қаланың ең маңызды ғимараты – Афродита храмы. Қаланың орталығында орналасқан храмның тарихы архаикалық дәуірге дейін барады.  Христиандық қабылданғаннан кейін шіркеуге айналдырылған храмның бүгінгі күні төрт бағанасы бар.  Қалада Афродита храмынан басқа тағы екі храм бар. Өмірін Афродита храмына арнаған түрік археолог Проф. Др. Кенан Тевфик Эрим тарапынан ортаға шығарылған осы ғимарат Себастион. Бұл тек императорларға тән ғибадат орны.  Осы храмның екінші және үшінші қабат қабырғасын әшекейлеп тұрған көркем оюлар Римнен басқа бір жерде кездеспейді.

**

Қаланың назар аударатын басқа ғимараттарының басында Тетрапилон келеді.  Төрт қақпа деген мағынаға келетін Тетрапилон храмның дәл сол жағында орын алған мемориалдық қақпа. Функциясынан гөрі көбіне архитектура және мүсіншісінің шеберлігі көрінетін ғимарат. Ғимаратта өте бай сәулет стилі және шебердің қолынан шыққан мүсіндер назар аударады.  Тетрапилонның қайта тұрғызылуы Анадолыда қазірге дейін жасалған ең маңызды жөндеу жұмысы ретінде есептеледі.  Құрылыстың 80 пайызы қазбада табылған оригинал бөлшектерден қалыптасады.  Тетрапилонның дәл сол жағындағы қарапайым қабірде болса Афродизиас қазбаларымен өмірі өткен Проф. Кенан Эрим жатыр.

Афродизиас театрының сахна ғимараты болса Анадолының ең ежелгі үш қабатты сахна ғимараты.  Сахна ғимаратының қабырғаларының үстіндегі жазулар театрды басқа театрлардан ерекшелендіреді. Қабырғаларда қалаға байланысты маңызды хаттар, императордың қалаға деген артықшылықтары мен сенаттың арнайы шешімдері орын алады.

**

Афродизиаста көптеген жер сілкінісі болады.  Соңғы жер сілкінісінде ауыр зиян шегеді, көп уақыт үнсіз қалады.  Көптеген жылдардан кейін театр және ежелгі қаланың үстіне үйлер салынады.  Өмір қайта басталады.  міне,  Афродизиас қазбаларын қиындатқан да осы жағдай. Яғни ауыл үйлерімен қапталған театр. Өмірін осы ежелгі қалаға арнаған Проф. Кенан Эрим «Ауыл Афродизиасты толығымен қаптап алған еді.  Алайда көркемдігін жасыра алмаған» дейді.

Ауыл толығымен босатылғаннан кейін ғана қазба жұмыстары басталады.

Театрдың дәл астынғы жағында ұзындығы 260 метр, ені 25 метр үлкен бассейн табылады.  Бассейн суының ластанбауы үшін судың айналуын қамдайтын бір канал да болған. Зерттеушілердің айтуынша бұл жер спорт және білім берілген бір гимназия немесе бассейн суымен салқындатылған демалыс орны болуы мүмкін. Бассейнді қоршап тұрған Тиберюс Портикосында да адам бастарынан тұратын керемет оюлар бар.

Ежелгі дәуірдің ең жақсы сақталған стадионы да Афродизиаста. Стадион 30 мың адам сиятындай ғимарат. Шараларды барлық көрермен бірдей көрсін деген мақсатпен элипс жоспарға сай салынған.

Түркияның ең маңызды археологиялық алаңдарының бірі – Афродизиас. Әрі мемориалды ғимараттары, әрі мүсіншілік мектебінде жасалған мәрмәр мүсіндері Жерорта теңізіндегі мәдени ықпалына сай ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұра тізіміне енген.

**

Бүгін жолдан адасып кету хикаясынан кейін табылған,  ежелгі дәуірдің мәдени-өнер орталығы, Анадолыдағы мүсіншілік мектебі Афродизиасты таныстырдық.  Оның көркем ғимараттарының бірі Афродита храмын, әлемдегі ең жақсы сақталған стадионын, театрын баяндап бердік. Анадолының ең байырғы үш қабатты сахна ғимаратын айтып бердік. Агораны,  одеонды,  моншасы мен базиликасын баяндауға уақытымыз жетпеді.

 



Ұқсас жаңалықтар