Ежелгі қала Аспендос

Судан бастау алған мәдениет-17

1574619
Ежелгі қала Аспендос

 

Ежелгі дәуірде шағын қала болғанына қарамастан Рим саудасының маңызды тораптарының бірі- ежелгі Аспендос қаласын баяндап береміз бүгін. Бүгінгі Анталияның Серік ауданындағы Аспендос қаласы Жерорта теңізіне құятын Көпрүчай өзеніне жақын жерге құрылған. Қала қысқа уақытта дамиды және Жерорта теңізіндегі саудада маңызды рол ойнайды. Өз ақшасын өзі басады және осы ақша Жерорта теңізі аймағында жарамды болады.  Құны да едәуір жоғары болған.  Бара бара байыған Аспендостың ең маңызды табыс көзі болса тұз. Иә,  таңғалдыңыз ба? Өзеннің арқасында Жерорта теңізі аймағындағы басқа нарықтарға зәйтүн, жүзім және дақыл тасымалданады,  бірақ қала халқының ең үлкен табысы тұздан түседі. 

**

Мифология мен аңыздар бір-біріне араласқан кезең ежелгі дәуір. Себебі өмірдің көбін құдайлар, әйел құдайлар және оларға арналған ғимараттар,  өнер туындылары қамтиды. Жүздеген мәдениетке бесік болған Анадолы жерінде сондықтан болар көптеген аңыз айтылады.  Аңызға айналған хикаялар баяндалады.  Міне,  солардың бірі Аспендос туралы.

**

Аңызға қарағанда, император қызын тұрмысқа беруге шешім қабылдайды.  Бірақ шарты болады. Күйеу бала қалада ең пайдалы туынды салуы керек.  Әрине  көптеген ғимарат салынады, бірақ императорға екеуі ұнайды. Бірі қалаға өте алыстан су жеткізетін арка, екіншісі керемет әсем театр ғимараты. Су аркасы қаланың су проблемасын шешеді, император соны таңдағысы келеді.  Алайда өнерді қатты сүйетін қызы болса әкесін театрды салған кісіні таңдауға көндіреді. Император да  театрдың керемет акустикасы және архитектуралық ерекшеліктеріне бейжай қала алмайды, қызын театрдың сәулетшісіне тұрмысқа береді. Міне, аңыз осылай.  Императордың шешім беруге неге қиналғанын түсіну мүмкін,  себебі су аркасы және ежелгі театр бүгінгі күні де бір-бірімен жарысып тұр. Кейбір адамдар үшін Аспендостың бірінші инженерлік кереметі су аркасы,  кейбірі үшін керемет театры.

**

Қала туралы әңгімемізді су жолынан бастайық.  Дереу мынаны ескертіп кетейік, біз бірі бірінен үстем деп есептемейміз. Тек бағдарламамыз судың Анадолыдағы жағдайына байланысты болғандықтан бірінші кезекті су жолына береміз. Аспендос су жолы – ежелгі дәуір су жолдары арасындағы бүгінгі күнге жеткен ең сұлу су жолдарының бірі. Бүгінгі инженерлер оны гидрологияның біртуары деп есептейді. Археологтар үшін де өте маңызды,  себебі әлемде осы су жолдарының көп үлгісі табылмайды.

Бастапқыда Аспендос қаласының су мұқтаждығы су қоймасы және құдықтар арқылы қамдалды. Рим дәуірінде болса инженерлер қаланың солтүстігіндегі Тавр тауларынан және сайлардан су жеткізу су жолы жүйесін қалыптастырды. Ойылған тас блоктардан қалыптасқан бір канал арқылы 25 километр қашықтықтағы суды қалаға жеткізді. Каналдармен келген су көркем Аспендос су жолына жетеді және арка біткен жерде екі ұшындағы мұнараларда жиналады.  Осы мұнаралар судың қысымын реттеп, қалаға су таралымын қамдайтын еді.

Негізінде судың аркалар арқылы тасымалдануы Рим дәуіріндегі инженерлер үшін қалыпты шешім болатын.  Рим қалаларында жалпы су тапшылығы болғандықтан табылған осы шешім кең қолданылды.  Алайда Аспендос су жолында пайдаланылған техника сол кездегі басқа су жолдарынан өзгеше болатын. Сифон жүйесі және су мұнаралары секілді күрделі жұмыс принцибіне ие осы су жолына жоғары инженерлік қабілет қажет болды.  Судың ағу жылдамдығын реттейтін және бүгінге жеткен екі сифон сол кездің инженерлік білімінің түсінікті болуы тұрғысынан өте маңызды. Әрі су жолының құрылысы, әрі сол кездің инженерлік біліміндегі жеткен деңгейі адамның басын айналдырады. Әлі күнге осы Аспендос су жолы туралы ғылыми мақалалар жазылып жүр, сынақтар жүргізіліп тұр.

Инженерлік тұрғысынан біртуар туынды болып саналатын су жолы архитектура тұрғысынан өте керемет,  эстетикалық көрінісі тамаша.  Формасы, құрылыс техникасы және тас шеберлігі көрген адамды таңғалдырады.

**

Енді Аспендос театрына келейік. Көрген кезде уақыт тоқтап қалған секілді сезінесіз. Әлемдегі ең жақсы сақталған Рим дәуірі ғимараттарының бірі. Қаншама жыл өтсе де,  құламай, қарсы алдыңыздан шығады.

Отыратын жерлері мен сахна ғимараты біртұтас ретінде жобаланған және бүгінге күнге дейін жеткен сирек Рим театрлары арасында орын алады осы театр. Функциясы жағынан қолға алынғанда да керемет дизайн үлгісі. 15 мың адамдық сыйымдылығы бар театрдың ең керемет жері болса екі қабатты сахна ғимараты мен осы ғимараттың ішкі жағы. Ғимараттың ішкі жағы толығымен мәрмәрмен көмкерілген. Бүгінге дейін қирамай келуі осы мәрмәрдің арқасында. 40 бағана, ойықтардың арасына орналастырылған мүсіндерден тұратын осы қабырға. Өнерпаздар сахнаға шығатын бес қақпасы бар. Театрдың ең жоғарысында орналасқан 59 күмбезді жиынтықтан тұратын арка болса кезкелген адамды тамсандырады.

**

Архитектура өнермен тоғысқан осы театрдың ең негізгі тамсандыратын ерекшелігі- акустикасының кереметтігі.  Ежелгі дәуірде сәулетшілер акустика тақырыбында ерекше көңіл бөлетін еді. Ықпалды акустика болуы үшін жердің бедері, желдің жағдайы, отыратын жерлердің иіріміне дейін назарға алатын.  Дауыстың театрдың барлық жерінен естілуі үшін көптеген тақырыппен айналысатын еді. Дамыған геометрия білімінің арқасында ең ыңғайлы форманың дөңгелек форма екенін табады.  Міне,  Аспендос театры сахнада сыбырлап айтылған бір сөз ең жоғары жақтан да естілетін керемет акустикалық туынды. Аспендос театрында дауыстың артқы орындықтарға дейін естілуін қамдайтын нәрсенің қола кубтар екені болжанады. Бойы мен пішіндері түрлі болып келетін осы кубтар математикалық есептеулерден кейін орналастырылған болу керек. Айырықша театрдың құрылысында қолданылған әктастың дауысты еміп, жаңғыруды азайтатыны белгілі.

Сахна ғимаратының кіре берісінің екі жағына орналастырылған грек және латын тілдеріндегі маңдайшаларда театрдың құрылысына қаланың екі бай ағалы-інілінің көмек бергені жазылған. Сахна ғимараты Селчук дәуірі кезінде жөндеуден өтеді. Ғимараттың солтүстік және оңтүстік мұнараларындағы сылақ, қызыл мотифтер мен қабырғаларда кездесетін оюларға байланысты Селчук сарайы ретінде қолданылғаны байқалады. Түркия Республикасы дәуіріне дейін маңызынан айрылып қалған қала Мұстафа Кемал Ататүріктің «жөндеуден өткізіліп,  қайтадан қолданылуы» деген нұсқауына орай беделіне лайықты жағдайға келеді.

**

Ежелгі су жолдары және театрымен ЮНЕСКО Әлемдік мұрасының уақытша тізіміне енген Аспендоста назар аударатын басқа ғимараттар туралы айтып өтелік.  Екі мың жылдық  екі қабатты маркет ғимараты. Рим моншалары. Базиликасы, ежелгі бұлағы, мәжіліс ғимараты, эллиндік храмы мен бағаналы галереясымен жыл сайын мыңдаған туристтің ағынына ұшырайды осы керемет сұлу қала.

**

Аспендосты қысқа уақытта баяндап шығу қиын.  Бұл ежелгі қаланы лайықты түрде қыдыру керек, театрының ең жоғарысында отыру қажет. Сахнада сыбырлап сөйлегендерді өз құлағыңызбен естуіңіз керек. Сізді басқа әлемге жетелейтін ежелгі су жолдарын әсіресе кешке күн сәулесі түскен кезде өз көзіңізбен көріп тамашалап,  жүздеген жылдық көркемдікке куә болуыңыз қажет.



Ұқсас жаңалықтар