Анадолыдағы алғашқы су бұлақтары

Судан бастау алған мәдениет - 13

1568498
Анадолыдағы алғашқы су бұлақтары

Қаланың сәулетіне пішін беретін ғимараттар арасында су бұлақтары секілді көп қолданылған ғимарат бар ма, білмейміз... Әрі қызметі,  әрі өнер туындысы ретінде алға шығады су бұлақтары. Анадолыда мыңдаған жылдан бері қоныс тепкен өркениеттер көптеген ғимарат түрімен бір бірінен маңызды және түрлі туындылар қалдырса да,  бұлақтардың орны бөлек.  Түрлі өркениеттерге, түрлі дәуірлерге тән жүздеген мысалмен көруге болады бұлақтарды.  Осы территория бұлақтарға қызығатындар үшін бір жұмақ.

 **

Функциясы маңызды болады ма, әлде эстетикасы ма? Бүгінгі күні архитектура және дизайн әлемінде ең көп талас болған тақырыптардың бірі осы шығар. Қорықпаңыздар,  осы терең және күрделі тақырыпты осы бағдарламада талқыға салмаймыз. Тек бұлақтар жөніндегі негізгі екі көзқарасқа назар аударамыз. Себебі бүгін осы екі факторды да қамтитындай түрде салынған ғимараттар,  яғни су бұлақтары туралы айтып береміз.  Анадолыда хеттер мен урартулар кезінде кездесетін алғашқы бұлақ түрлерінің өте қарапайым, сондықтан функционалды екенін айтуға болады.  Мынаны да ескеріп кеткен жөн. Эфлатунпынар бұлақ ескерткіші бұлардан тысқары.  Себебі ол әрі функционалды,  әрі эстетикалық жағы ойластырылып салынған. Хетт және Урарту өркениеттерінен кейін тарих сахнасына шыққан батыс Анадолының алғашқы Эллин қалаларында қала орталық алаңдарына салынған су бұлақтары шығады алдымызға.  Осы бұлақтар эстетикалық ойдан аулақ, функциясы алға шыққан қарапайым су бұлақтары. Себебі эллиндіктер бұлақ салған кезде жұмыстың көбін табиғатқа қалдырады. Тек жай құрылыс әдістерін қолданады.  Басқа да ғимараттарда болғаны секілді. Мысалы бір бұлақ салатын кезде жартасты ояды, бетін тегістейді, су ағатын қойнауын ашады. Осы бұлақтарда назар аударатын ең үлкен қосымша бағаналар болатын. Бағаналар сән үшін емес, тағы да функция үшін салынатын. Суды таза ұстау және су алуға келген кісіге көлеңке болуы үшін.

Милет, яғни Айдын секілді қалалардағы бұлақтар мемлекеттік ғимарат деп саналады және бұлақтарға жауапты мемлекеттік қызметкерлер бар еді.  Бұл бізге алғашқы Эллин қалаларында бұлақтар мен әрине суға қаншалықты көңіл бөлінгенін көрсетеді. Бұлақтар қала орталығы,  көше және қасиетті мекендерде, баршаға қол жетімді жерлерге орналастырылатын.  Үйлерінде ағып тұрған суы жоқ халық бұлақтарға барып,  ыдыстарына толтырып, үйлеріне ауыз суды осылай қамдайтын еді.

**

Рим дәуіріне келгенімізде,  римдіктердің инженерлік тақырыбында жоғары деңгейге жеткенін және қалаларына су аркалары арқылы алыстан су жеткізгенін көреміз.  Су тапшылығы болмаған осы қалалар қатты өзгеріске ұшырады. Көріністері өзгерді. Осы бетбұрыстан су бұлақтары да өз несібесін алды.  Себебі римдік инженерлер суды алға және жоғары атқылататын бір жүйені жүзеге асырды.  Бұлақтар бара-бара маңызды бола бастады.  Енді қала орталығымен бірге бай және күш иесі кісілердің аулаларында да мозаикалармен қапталған, көркем бұлақтар бой көтере бастады.

Рим әсері байқалатын Сиде, Аспендос, Перге,  Эфес, Бергама және Милет секілді қалаларда «ескерткіш бұлақтар» жобаланды. Осы ескерткіш бұлақтар грек мифологиясындағы нимфаларға, яғни су перілеріне арналды. Көбіне екі немесе үш қабатты болатын ескерткіш бұлақтар бір бассейннің ортасында тұрады.  Алдынғы жағы мен бассейннің төңірегі құдай, әйел құдай және император мүсіндерімен әшекейленген.  Алыс су сөздерінен каналдар арқылы қалаға жеткізілген су осы нимфа бассейнінде жиналып, осы жерлерден басқа қолданыс орындарына таратылды.

Осы дәуірде бұлақтар көбіне көріністерімен алға шықты.  Яғни эстетикалық жағы функциясынан асты. Алайда басқа бір рол де алды өзіне бұлақтар,  көбіне қала орталықтарында орын алғандықтан, адамдардың бас қосып, әңгімелесетін жерлеріне айналды.  Оларды осыншама таңдаулы қылған салқын болуы ма,  әле мүсіндердің көркемдігі ме, әлде бұрқақтан атқылаған судың тынышталдыратын әсері ме белгісіз. Артынша бұлақтар қалалардың адам көп жиналатын әлеуметтік орнына айналады.

 Рим империясы билік құрған Анадолыдағы қалалардың барлығында осы бұлақтар кездеседі. Бірақ ең атақтысы Эфестегі Гадриан бұлағы. Реставрация жүргізіліп, қайта бой көтерген бұлақтың түпнұсқасы екі қабатты.  Бүгін бір қабатты қылып жөнделген Гадриан бұлағы сол кездің саяси және архитектура күшін бізге қайта көрсетеді. Бұрынғы көркем түрінен де ештеңе жоғалтпағанын байқатады. Біз де жүздеген жыл бұрынғы осы инженерлік және архитектуралық кереметтің алдында бас иеміз.

**

Анадолыдағы Рим дәуірі бұлақтары туралы айтқан кезде,  Сагалассостағы ежелгі қала туралы ұмытып кетуге болмайды.  Себебі жүргізілген қазбалар нәтижесінде Сагалассоста көптеген бұлақ пен нимфалар табылған.  Қаланың беделді тұлғалары байлықтарын көрсету үшін бұлақ салғызу жарысына кіріскен секілді.  Бірақ осы ежелгі қалада арнайы баяндап беруге татитын бір бұлақ бар. Себебі не себебі әлемдегі ежелгі қалалар ішіндегі бүгінгі күні де жұмыс істеп тұрған үш бұлақ бар.  Міне,  осылардың екеуі Бурдурдың Агласун ауданындағы Сагалассос ежелгі қаласында. Үш мыңға жуық тас бірлестіріліп қайта жөнделген Антонинлер бұлағы мың сегіз жүз жылдан бері ағып тұрған суымен басқа бұлақтардан ерекшеленеді.  Құлағымызға ежелгі дәуірдің хикаясын сыбырлайды.  Рим империясының күші мен беделін әлемге паш ету үшін салынған осы сарқырамалы бұлақ. Империяның басқа жерлерінен жеткізілген түрлі түсті тастар мен қымбат Афион мәрмәрі қолданылған. Антонинлер бұлағы Сагалассос ежелгі қаласының қаншалықты бай және көркем екенінің бір айғағы. Бұлақ туралы бір аңыз айтылады: Аңызға қарағанда осы бұлақтың суы адамды сұлуландыра түседі және осы судан ішкендер ғашық болады. Жыл сайын тек осы аңыз үшін мыңдаған адам келген осы ежелгі қалаға. Атынан да көрініп тұрғандай аңыз, бірақ шындық жақтары бар ма,  белгісіз. Бірақ бұлақтың суы туралы да айтып өтелік.  Ежелгі қаладағы қазба жұмыстарын жүргізген команда осы судың өте таза және өте салқын екенін білдіреді.  Анализ үшін Бельгияға жолданған осы су. Анализ нәтижесінде Еуропада осындай сапалы және дәмді басқа су көзі жоқ екені белгілі болған.

Сагалассос ежелгі қаласы 2009 жылы ЮНЕСКО Әлемдік мұрасының уақытша тізіміне енді.  Қалада түпнұсқа тастарымен ескерткіш ғимараттарды көруге болады.  Ежелгі дәуірдің ең көп уақыт бойы керамика өндірген орталығы болған осы қала тек Антонинлер бұлағымен емес,  басқа жақтарымен де адамдарды қызықтырады.

**

Қалаларда ауыз суды қамдау мақсатымен алғашқы су бұлағын кімдердің салғаны нақты белгілі болмаса да, Ион өркениетінің судың қалаға тасымалдануында жетекші рол ойнағаны қабылданады. Бүгін Эллин және Рим дәуірлерінде Анадолыдағы ең назар аударатын бұлақтарды баяндап бердік.

 

 



Ұқсас жаңалықтар