Сахип Ата

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 43

1330701
Сахип Ата

Анадолыда Селчуклы мемлекеті ыдырап жатқанда ел тұтқасын ұстаған бейлер мен уәзірлердің ықпалы арта түсті. Бұл тұлғалар уақыт өте келе өз мемлекеттерін құрды. Осындай тұлғалардың бірі он үшінші ғасырда өмір сүрген тұлғалардың бірі Сахип ата болып табылады. Бүгінгі бағдарламада осы тұлғаның өмір баянын қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыз Конияда қоныс тепкен белгілі қайраткер Хүсейн әл-Конеуидің ұрпағы болып табылады. Толық аты Фахреддин Али. «Сахип» атағы оған берілген ресми атақ. Ол Селчук мемлекетінде ықпалды болып тұрған кезінде халыққа көп пайдасы тигендіктен ел оны «Сахип Ата» деп атап кеткен. Сахип Ата алғашқы кезде Селчук мемлекетінде әмір болып қызмет еткен. Оның «әділетке жауапты уәзір» мағынасын білдіретін «әмір-и дат» атағы болған.

Сұлтан II Кейхусраудың өлімінен кейін оның ұлдары Иззеддин Кейкауыс, Рүкнеддин Кылычарслан және Алаеддин Кейқұбат арасындағы тақ таласында ұлы тұлғамыз Иззеддин Кейкауыс жағында болды. 1246-1249 жылдар аралығында II Кейқауыстың билігі кезінде Селчук мемлекеті Елхандықтардың билігін мойындады. Алайда  елхандық қолбасшылардың Анадолыға жиі-жиі елшілер жіберуіне және келісім-шарттардан тыс ақша сұрауына байланысты Селчуклы қайраткерлері Алтын Орда мен Елхан мемлекеті арасында теңгерім орнатуға тырысты. Осы мақсатта Сахип Ата Бату ханға елші боп барды. Ұлы тұлғамыздың сапары сәтті болып, Бату хан елхандық қолбасшылардың албаты Анадолыға баруына тыйым салған жарлық шығарды. Бұл жағдай Сахип атаның селчуклы сарайындағы абыройын арттырды.  Сұлтан II Кейқауыс 1258  жылы Құлағудың қолбасшылығындағы Бағдат жорығына қатысу үшін Кониядан кеткен кезде, Сахиб Ата оның орынбасары ретінде қалды. Келесі жылы бас уәзір Махмұд Тұғраның өлімінен кейін ұлы тұлғамыз уәзір болды. Сахип Ата ішкі саясатта да сұлтанның сенімді адамына айналды. Мысалға, II Кейқауыс ағасының ниетін түсіну немесе қарым-қатынасты түзету мақсатында Сахип Атаны Ақсарайға жіберді.

Сахип Ата бала кезінде таққа шыққан III. Кейхусраудың Муинуддин Сүлейман Перванамен ынтымақтасып, мемлекеттік істерді жүргізді. Алайда 1271 жылы Қырымда  қуғында жүрген II Иззеддин Кейқауыс оған хат жазып, басына түскен ауыр жағдай туралы хабарлады. Ұлы тұлғамыз Муинуддин Сүлейманнан рұқсат алып, Сұлтан Иззеддинге алтын және бағалы сыйлықтар жіберді. Осы оқиғаны Муинуддин Сүлейман Перване өз мүддесі үшін қолданып, ұлы тұлғамызға жала жабады. Сахиб Ата қызметінен босатылып, Османжық қамалына қамалды.

Ұлы тұлғамызды қызметтен шеттетілуінің елхандықтар мен алтынордалықтардың арасындағы бақталас және Елхан елі мен Мәмлүктер арасындағы соғыстың да әсері тиді. Бұл кезеңде Алтын Орда мен Мысыр мәмлүктері Ирандағы Құлағудың ұрпақтары елхандықтарға қарсы одақ құрған болатын. Осындай қиын жағдайда Сахип Атаның Қырымдағы селчук сұлтанына көмек көрсетуі ұлы тұлғамыздың мәмлүк-алтынорда одағымен ымыраласуы ретінде бағаланды.

Бірақ та Сахип Атаның кіші ұлы Нұсретуддин Хасан елхан билеушісі Абақа ханның құзырына шығып, жағдайдың анық-қанығын түсіндіріп берді. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз қысқа уақыт ішінде түрмеден босатылды. Сахип Атаның өзі де 1273 жылы Абақа ханға барып, ол туралы айтылған сөздердің негізсіз екенін дәлелдеді. Осыдан кейін ұлы тұлғамыздың абыройы өсе бастады. 1275 Сахип Ата Селчук сұлтанының уәзірі болып тағайындалды. Дегенмен Сахип Ата мен Муинуддин Сүлейман Перване бірге елді биледі. Осы кезде 1277 жылы Мәмлүктер мен елхендықтар арасында Елбистан деген жерде ірі шайқас болып, Сұлтан Байбарыс елхандықтарды ойсырата жеңді. Бұл шайқаста селчук бас уәзірі Муинуддин Сүлейман Перваненің қатысы болғандығы анықталғаннан кейін ол Абақа хан тарапынан өлтіртіліп, оның орнына Сахип Ата басуәзір болып тағайындалды. Осылайша ұлы тұлғамыз Анадолының ең қуатты адамына айналды.

1277 жылы Караманұлы Мехмед Бей мен Селчук сұлтаны Алааддин Сиявуш Конияда үстемдік еткен кезде, Сахип Ата және оның ұлдары тақты ІІ Месудқа қайтару үшін соғысты. Атаның ұлдары Тәжеддин Хүсейн мен Нұсретуддин Хасан Ақшехирге жақын орналасқан Алтунташ ауылында болған шайқаста қаза тапты. Бұл  жағдай ұлы тұлғамыз бен оның ұлдарының мемлекеттің тұрақтылығын қолдағанын көрсетеді.

1282 жылы Ахмед Текүдер Елхан тағына отырғанда, ол Селчук жерлерін III. Кейхұстау мен II Масуд арасында бөліп тастады. Осы жағдайға наразы болған Кейхұсрау Сахип Атаны қасына алып, Ахмед Текудермен кездесуге аттанады. Алайда, оларға Елхан әулетіндегі тақ үшін күреске байланысты Ерзурумда біраз уақыт күтуге тура келді. 1284 Арғын хан Тебризде таққа шыққанда ІІ Месудды сұлтан деп жариялады. Сахип Ата Сұлтан Месудтің тұсында да уәзір қызметін атқарды. Ұлы тұлғамыз 1288 жылы ауырып қайтыс болды. Десе де оның ұрпақтары он төртінші ғасырдың ортасына дейін Сахипатаұлдары атымен ықпалды болды.

Қырық жылға жуық мемлекеттік қызметте моңғолдарға қарсы тұра алмайтындығын түсінгендіктен олармен тіл табысуға тырысқан Сахип Ата әкімшілік пен сот істерінде өзінің дұрыс шешімдерімен танымал болған. Ол өзінің байлығын қайырымдылыққа және көпшілікке жұмсады, сондықтан оны халық «ата» деп атап кетті. Сахип Ата Мевлана Жәлеледдин Румимен жақын болған. Конияда оның атымен аталатын кешені бар. Кайсериде Сахибие медресесі, Сиваста Гөкмедресе және Ақшехірдегі Ташмедресе мен Сахип Ата керуенсарайы бар. Афионкарахисардың бұрынғы аты - Қарахисарысахиб, оның атымен байланысты қойылған.

 

 



Ұқсас жаңалықтар