ІІ Кей Хұсрау

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 10

1243184
ІІ Кей Хұсрау

Көшпенді түріктер тарих бойы Түркістаннан Анадолы жеріне көшумен болды. Бұл көштердің себебі кейде жұт, кейде табиғат шарттары, кейде шапқыншылықтар болды. Осы көштердің нәтижесінде Анадолыдағы түріктердің саны артып, ақырында бұл жер Түркияға айналды. Үндістан мен Қытайға кеткен түріктер ол елдердегі жергілікті халықтың көптігіне байланысты уақыт өте келе өз болмыстарын жоғалтып, сол жерлерге сіңісіп кетті. Тек Анадолыдағы түріктер ғана өздерінің түркілік болмыстарын сақтап қалды. Бұл жерде бір жағынан Анадолы Селчук мемлекетінің ықпалы болса, енді бір жағынан Ислам діні факторы да маңызды рол атқарды. Осы қиын кезеңде Анадолы Селчук мемлекетінің басында Сұлтан ІІ Кей Хұсрау тұрған еді.

Ұлы тұлғамыздың толық аты Ғияседдин Кей Хұсрау. Тарихшылар оны ІІ Қылыш Арсланның ұлы Ғияседдин Кей Хұсраумен шатастырмау үшін оған шартты түрде ІІ Ғияседдин Кей Хұсрау деген ат береді. Ұлы тұлғамыздың қашан туғаны белгісіз. Бірақ Кей Хұсраудың әкесінің Алааддин Кейқұбат болғандығын ескерсек және оның 1220 жылға дейін тұтқында болғандығын есепке алсақ, ұлы тұлғамыз шамамен 1220 жылы немесе 1221 жылы туылған болуы мүмкін. Ал оның қайтыс болған жылы 1246 жыл. Сонда ұлы тұлғамыз не бары екі мүшел ғана өмір сүрген болады. Осы қысқа ғұмырында ол Анадолыда көптеген оқиғаға куә болды.

Кей Хұсраудың шешесі кейіннен Алания болып аталып кеткен Каланорас қамалының билеушісі Кир Фардтың қызы болып табылады. Кейбір ғалымдар Кир Фардты армян деп есептесе, кейбір тарихшылар оның византиялық болғандығын айтады. Қалай болғанда да Кей Хұсраудың нағашысы христиан болатын. Анасының негізгі аты Дестина болса да, Алааддинмен үйленгеннен кейін Махпері Хұнат болып аталып кетеді. Бірақ тарихи деректер оның баласы таққа шыққанға дейін Ислам дінін қабылдамай, христиан болғандығын баяндайды. Десе де ұлы таққа шыққаннан кейін Дестинаның мұсылман болып, Анадолының әр жерінде медресе, мешіт, асүй салдырғаны белгілі. Кайсеріде Хұнат Хатун салдырған комплексі әлі күнге дейін сақталған.

Ғияседдин Кей Хұсраудың саясатқа араласуы өте ерте кезден басталды. 1128 жылы шамамен жеті жасында Мүбаризуддин Ертокуштың атабек ретінде қамқорлығында Анадолы Селчуклы мемлекетіне қосылған Мәңгүжік әулетінің астанасы Ерзинжанға әмірші ретінде тағайындалды. Ұлы тұлғамыздың әмірші ретінде Трабзонға шабуыл жасағаны белгілі. Бірақ жаңбыр мен қатты дауыл әсерінен Селчук армиясы әбігер болады. Осыны пайдаланған трабзондық рұмдар түріктерге соққы береді. Шахзада тұтқынға түседі. Дегенмен, Трабзон Императоры Андроникос оған құрметпен қарап, ақырында оны кешіктірмей әкесіне жібереді.

1230 жылдардың басында моңғолдармен грузиндер бірлесіп, Анадолыға шабуыл жасаған болатын. Моңғолдар бұл жорықтардан кейін шегінген еді. Осыдан кейін Сұлтан Кейқұбат Грузияға қарымта шабуыл жасайды. Түріктерден жеңілген грузин Расудан патшайым Селчук мемлекетіне бірнеше қамалмен қоса Кей Хұсрауға қызы Тамарды беруге келіседі. Бұл келісім кейінірек Кей Хұсрау таққа шыққаннан кейін жүзеге асады.

1237 жылы Сұлтан Алааддин Кейқұбат екінші ұлы Ізеттин Қылыш Арсланды өзінің мұрагері деп жариялайды. Бұл жерде сұлтанның неге бірінші ұлы Ғияседдин Кей Хұсрауды емес, екінші ұлын тақ мұрагері деп жариялағаны нақты белгісіз. Бірақ бұл жағдайдың сұлтан ұлдарының шешелерімен қатысы болуы мүмкін. Өйткені Ізеттин Қылыш Арланның шешесі Мысыр Әюби билеушісінің қызы Әдилие ханым болатын. Алайда Хұнат хатун биліктегі ықпалды бейлермен одақ құрып, Кей Хұсраудың таққа шығуына жағдай жасайды. Осы өзгерісті талдау жасаған ғалымдар 1237 жылы Сұлтан Алааддин Кейқұбаттың кенеттен жеген тамағынан уланып өлуін Кей Хұсраудың жақтастарының ұйымдастырған болуы мүмкін деген болжам жасайды. Қалай болғанда да, ұлы тұлғамыз 1237 жылы Селчуклы тағына шықты.

Саддеддин Көпек, Шәмседдин Алтун-Аба, Тәжеддин Перване, Лала Жемаледдин Феррух және Гүржіоғлы Захериддин сияқты бейлер жаңа сұлтанды қолдаса, Кемаледдин Кемар мен Хүсамеддин Каймери және Селчук армиясына қызмет етіп жүрген Хорезмдік қолбасшы Қайырхан Алааддин Кейқұбаттың өсиетін орындау жағында еді. Бірақ көптеген келіссөздерден кейін барлық бейлер ұлы тұлғамыздың билігін мойындады.

Кей Хұсрау таққа шыққанымен негізгі билік бас уәзір Саадеддин Көпектің қолында болды. Ол ең алдымен Әдилие ханымнан тарайтын Алааддин Кейқұбаттың балаларының көзін жойды. Бұл жағдай Селчуклы мемлекеті мен Әюбилердің қатынасын бұзды. Бұл жағдайды жөндеу үшін ұлы тұлғамыз Халеп әміршісінің қызын алып, Әюбилермен құда болды. Ал 1238 жылы Кей Хұрсау грузин ханшайым Тамармен үйленеді. Сұлтанның Тамар ханымды қатты жақсы көргендігі және оған арнап теңге соқтырғаны да белгілі.

1239 жылы Кей Хұсрау басуәзір Саадеддин Көпекті өлтіртіп, билікті өз қолына алады. Селчуклы мемлекетінің Византиямен, Сирия мен Мысырдағы Әюбилермен, Киликия армян королдігімен және Мардиндегі Артық әулетімен жақсы қатынасы орнайды. 1240 жылы Диярбакыр Селчуклы қарамағына өтеді.

Кей Хұсраудың билігі кезінде Анадолының рухани өмірінде болған ең маңызды оқиға Баба Ысқақ көтерілісі болып табылады. Амасияда басталған көтеріліс сұлтан тарапынан қанды түрде жанышталады. Дегенмен бұл оқиға халықтың санасында әлі күнге дейін айтылады.

Анадолы түрік мемлекетінің тарихындағы басқа бір маңызды оқиға 1243 жылы болды. Бұл жылы Байжу ноянның қолбасшылығындағы моңғолар Селчуклы қолын Көседағ шайқасында жеңіп, Анадолыны өздеріне бағындырды. Осы шайқастың нәтижесінде Селчуклы мемлекеті ыдырады.   



Ұқсас жаңалықтар