Шахрух

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 39

Шахрух

Қазақтың бір мақалы «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда тамам» дейді. Өйткені Түркі өркениетіндегі елдердің орташа өмірі жүз жыл болып келеді. Бұның мағынасы мынау: әдетте бірінші буын елбасылары елдің іргетасын қалайды және оның аумағын кеңейтеді. Екінші буын билеушілердің кезінде ел ішінде бөліну басталады. Ал үшінші буын билеушілерге келгенде ақырында алып ел ұсақ хандықтар мен әмірліктерге ыдырайды. Әмір Темірдің негізін қалаған империясы да осы жолдардан өтті. Елдің одан әрі дамуына Темірдің ұлы Шахрух үлес қосты.

Ұлы тұлғамыз 20 тамыз 1377 жылы туылып, 12 наурыз 1447 жылы қайтыс болған. Шешесі дулат руының қызы Ділшат аға болып табылады. Бұл жердегі «аға» Әмір Темір мемлекетіндегі ханымдарға берілетін атақ еді. Алайда Шахрухтың шешесі ерте қайтыс болғандықтан, ұлы тұлғамыз Әмір Темірдің бәйбішесі және Шағатай ханы Қазанның қызы Сарай Мүлік ханымның тәрбиесінде болған.

Шахрухтың тарих сахнасына шығуы 1393 жылы болатын. Он жеті жасар Шахрух Иранның Фарс уалаятында музаффарилер тарапынан басталған бүлікті әкесімен бірге талқандауға барады. Бұл жорықта қарсы жақ үстем шығып, Әмір Темірмен оның адамдары қоршауда қалып қояды. Бүлікшілердің басшысы Шахмансұр Әмір Темірдің қасына дейін келіп, тіпті оған қылыш сермеп те үлгереді. Алайда осы кезде Әмірдің әскерлері қоршауды бұзып көтерілісшілерді ығыстыра бастайды. Осы кезде ұлы тұлғамыз Шахмансұрды өлтіріп, оның басын әкесінің алдына тастайды.

Шахрухпен байланысты тағы бір тарихи оқиға Шығыс Анадолыда болды. Әмір Темір Мардин қаласын алып, қарсылық көрсеткендері үшін қаланың халқын қырып тастауға әмір берген кезде, оған Шахрухтың ұлы Ұлықбектің туылғаны туралы хабар келеді. Бұл хабарға қуанған Әмір Мардин қаласының халқына кешірім жасайды. Осы кезде Әмір Темір Шахрухты Самарқант қаласының әміршісі қылып тағайындайды. Ал 1397 жылы Темір Шахрухқа Хорасан, Сеистана және Мазандерана аймақтарын береді. Шахрух 1402 жылы Османлы сұлтаны Йылдырым Баязит пен Әмір Темірдің арасында болған Анкара шайқасына қатысады.

Десе де Шахрухтың мінезі басқа ағаларына қарағанда жұмсақ еді. Оның үстіне ұлы тұлғамыз әскери істерге емес, ғылымға көбірек қызығатын. Осыған байланысты Әмір Темір қайтыс болар кезінде, өзінің мұрагері ретінде үлкен ұлы Жихангерден тарайтын немересі Пірмұхаммедті белгілеген болатын. Алайда Әмір Темір қайтыс бола салысымен, тақ таласы басталды. Ақырында Темір мемлекетінің шығысын яғни Мәуренахрды немересі Халил Сұлтан, ал батысын яғни Хорасанды Шахрух биледі. 1409 жылы Шахрух пен Халил Сұлтанның арасында болған шайқасты ұлы тұлғамыз жеңгеннен кейін Мәуренахр да Шахрухтың қарамағына енді. Бірақ Шахрух Мәуренахрда қалғысы келмей, ол жерді ұлы Ұлықбекке қалдырып, өзі Иранға кері оралды.

Шахрухтың билік құрған кезінде Темір мемлекетінің саяси және мәдени орталығы Самарқанттан Герат қаласына ауды. Шахрухтың әйелі Гаухар Шад Герат пен Мешхет қалаларында көптеген мешіттер мен медреселер салғызды. Шахрухтың өзі де ғылым мен өнердің дамуына қолдау көрсетті. Мысалға, Хафызи Абрудың «Тарихи Шахрух», «Мәжмуаи Хафызи Абру» және «Мәжмуаи Тауарих» еңбектері осы кезеңде жарыққа шықты. Жалпы Темір мемлекеті басқа түркі елдеріне қарағанда парсы тілі мен әдебиетіне көбірек көңіл бөлгендігі белгілі. Десе де, Шағатай тілі деп аталып кеткен шығыс түрік диалектінің де жалпыласуы осы кезеңде жүзеге асты. Темір мемлекетінде ғылым тілі ретінде араб тілі, әдебиет тілі ретінде парсы тілі, ал әскер тілі ретінде түрік тілі қолданылатын еді.

Сыртқы саясатта Шахрухтың негізгі бағыты Оңтүстік Кавказтағы Әзірбайжан болды. Билік кезінде ұлы тұлғамыз Әзірбайжанға үш рет жорыққа шықты. Бірақ бұл жорықтарының ешқайсысы Иранның тұтастығын қалыптастыра алмады. Бұл кезеңде Иранның батысындағы Османлы мемлекеті мен Мәмлүктер күшейе түсті. Ал Иранда Аққойынлылар мен Қарақойынлылар тәуелсіздігін арттырды. Кейінгі кезеңде Иранның Шииттік Ислам түсінігін қабылдауы тұрғысынан бұл кезең маңызды болып табылады.

Шахрух Орта Азияда ықпалды болмаса да, баласы Ұлықбектің саясатына байланысты Моғолыстанның болашағына әсер етті. Атап айтсақ, 1434 жылы Моғолыстанда болған  Есен Бұға мен Юнустың арасындағы тақ таласта Юнустың жақтастары Ұлықбекті паналаған болатын. Ұлықбек бұл кезде Юнусты қолдаудың орнына оны тұтқындап, әкесіне жіберген еді. Шахрухтың қарамағында тәрбиеленген Юнус кейіннен Моғолыстанның тағына шығып, аймақтың тарихына маңызды із қалдырды.

Шахрух Әмір Темірдің мұрагері болғандықтан, оған Османлы мемлекеті, Мысыр Мәмлүктері және Қытайдан елшілер келіп тұрды. Мысалға 1444 жылға дейін Османлы мемлекеті Шахрухқа салық төлеп тұрғандығы белгілі. Бұл кезеңде Темір мемлекеті мен Қытайдың Миң әулеті арасындағы байланыстар орнаған болатын. 1414-1422 жылдар арасында Қытайдың Чын Чың деген елшісі бастаған делегация Шахрухтың сарайында болса, Шахрухтың Ғияседден Наққаш деген елшісі Миң сарайында болады. Осы елшіліктердің арқасында шығыс пен батыс арасындағы Жібек жолы қайта жандана түседі. Ал сыртқы саясатта Шахрухтың бәйбішесі Гаухар Шадтың ықпалды болғандығы Темір мемлекетінің әлі де парсы мәдениетіне сай емес, далалық түркі дәстүріне сәйкес басқарылғандығын көрсетеді.

Өте діндар болған Шахрух ешқандай қорғаушысыз мешітке барып келіп жүре беретін. Осыны білген Шахрухтың жаулары оған қастандық ұйымдастырады. Бұл қастандықтардың барлығынан аман қалған Шахрух 1447 жылы Рей қаласына бара жатқанда өз ажалымен қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар