Абдал Мұса Сұлтан

Анатолының дана - ғұламалары 46

1088721
Абдал Мұса Сұлтан

Сырат-ы мүстаким сөзі - біздің өркениетіміздің іргетастарының бірі. «Тура жол, дұрыс бағыт» деген мағынаға келеді. Тіршіліктің өзгерген болмысы бізді ары-бері шайқаcа, «сырат-ы мүстаким» біздерге тұрақты бір жұлдызды көрсетеді. Міне, жүздеген жылдан бері құламай қалуымызды қамтамасыз еткен осы жұлдыз қандай жағдай болмасын, Хақ пен ақиқаттан тайынбайды.

Өте қарапайым секілді «сырат-ы мүстаким» сөзі адамның иықтарына ауыр бір салмақ түсіреді. Өйткені екі сөзден құралса да, оны іске асыру үшін мыңдаған томдық бір практика қажетті.

Анатолы дәруіштері осы практиканың ескерткіштері сияқты. Сөздері және жұмыстарымен тура жүрудің әліпбиін жазған, біздерге тіршіліктегі бағытымызды түсіндірген. Анатолы адамдарының сөз бен ұстанымдарынан тараған бір жарық бар болса, осында олардың үлесі үлкен. Сіздерге тура жүрудің әдісі мен әдептілігінің негізін қалаушы осы дәруіштердің бірін Абдал Мұса Сұлтанды таныстырамыз.

Абдал Мұса Сұлтан 14-ші ғасырдың орталарында өмір сүрген сопы ақын, ойшыл және басшы болған. Туған жері жайлы әртүрлі әңгімелер айтылады. Әзірбайжан дегендер де бар, орталық Анатолы деушілер де. Дегенмен Хорасан дәруіштерінен ескен бір рухани самалдың ішінде тәрбиеленгені анық. Пайғамбарымыздың тегінен шыққаны белгілі. Яғни сейідтердің ұрпағы. Қажы Бекташ-ы Уәлимен де әкесі жағынан туысқан болады.

Кадынджык Ана - «Баджыян Руми» деп аталған Анатолының әйел ұйымдарының басшыларының бірі. Абдал Мұсаға Бекташи көзқарасының сырын түсіндіріп, тәрбиеленуіне үлкен еңбек сіңірген.

Абдал Мұса Сұлтанның өмірі ғылым үйрену және үйретумен өткен. Дегенмен Орхан Газидің әскерлерімен бірге Бурса жеңісі сияқты кейбір соғыстарда да орын алғаны белгілі.

Қазіргі кезде аз ғана шығармасы қалғанына қарамастан, тек қана осыларға қарағанның өзінде тіл қолданудағы ұсталығы мен пәлсапалық тереңдігі байқалады. Олардың бірінде былай делінеді:

 

Кім біледі, біздің тегіміз не екенін,

Не өсімдіктен, не болмаса от пен судан келеміз.

Бізді жақсы көргендер былай таныстырады,

Біз Хорасан жерінің руынан екенбіз.

 

Бүгінгі халық ақындарының бірі Ашык Дәруіш Баба Абдал Мұсаны осы өлең жолымен таныстырады:

 

Абдал Мұса «төбелестен қаш» дейді,

Сырласа біл, досыңа көңілін аш дейді.

Ұлы сұлтаным басындағы тәждің

Сүйіспеншілік, бейбітшілік екенін білейік,

Құзырыңа шығып талап етейік.

 

Негізінде бұл өлең жолдарында оның ойының өзегін табу мүмкін. Жәндіктерге қарсы шексіз бір мейірім, сырдың ізіне түскен бір тіршілік пен достары арқылы тыныштық тапқан бір жүрек. Және әлбетте барлық осыларға тәж болған Алла сүйіспеншілігі.

Сондай-ақ Абдал Мұсаға тән әңгімелер жинақталған «Велайетнаме» атты кітапта Алла сүйіспеншілігін хабарлаған бір дананың жазғандары орын алған. Дәруіш әр өлең жолында ақыл мен жүректі Алла нанымымен толтырудың жолдарын түсіндіреді. «Шексіз, мәңгі күш» жайлы сөз қозғайды. «Жан-жағы өтпелі өмірге толы әлемнің анау тар кеңістігіне тығылып отырмаңдар» дейді. Және «тастаңдар бұл түкке тұрмайтын жұмыстарды» деп насихаттайды.

Баратын есігіміз Хақ диваны болуға тиісті: киелі махаббатты әңгімелеген ғашықтардың диваны. Олардың сөздеріне құлақ түріңдер, олардың сұхбатына уақыт бөліңдер. Оларды дос ретінде, бауыр ретінде қабылдаңдар. Өйткені Хақ ғашықтары меншілдікке құмар емес. Саған зиян келтіруді, сенен пайдалануды ойламайды. Әлемді киелі әсемдіктің бір көрінісі ретінде көреді. Сені де жаратушыға бола құшақтап, жақсы көреді. Ондай болса олармен бірге айтуға тиісті сөзің белгілі: «Соңына дейін шындықты айтқаның жақсы»...

 

«Төрт бұрышқа әділет таратқанда

Әр жерде, әр қашан халықтың қасында

Тавр тауында киікке ұқсаған

Пірім Абдал Мұса Сұлтанды көрдім».

 

Анатолы халқы Абдал Мұсаны дәл ақын Дәруіш Кемалдың осы өлең жолдарындағы сияқты көреді. Әділетті және халықтың қасында... Сондай-ақ бүгін де әлі Анатолыдан Балканға дейінгі бір территорияда «Абдал Мұса локмасы» деген тәтті бір дәм пісіріледі.

Оны сонша жақсы көруге негіз болған - ғасырлардан асқан шынайылық пен туралығы. Ол тек қана Алланы жақсы көреді, тек Алла үшін... Берген уәдесін орындап, ақиқатты жақтағаны үшін... Ешкімді мазақтамай, жағдайын түсінгені себепті...

Абдал Мұса Сұлтан шынайылық пен осылай қозғалуға аса көңіл бөледі. Өйткені адамның жасанды болмыстарға қандай бейімді екенін біледі. Жалған дәруіш болғандарға, мүддесі үшін дана-ғұламалық жасағандарға көңіл бөлмеген.

Адамды шындықтан алыстатқан нәрсе көбінесе тілі. Абдал Мұса ойланбай және сабырсыз сөйлеудің адамға көптеген кемшілік әкелетінін байқаған. Сол себепті де негізгі мәселенің көп сөз айту емес екенін біледі. Сөзіңді алдымен «ойла», кейін сөйле. Яғни қысқасы он мәрте ойлап, бір рет сөйле.

Дегенмен «он рет ойлап, айтар сөзіміз» не болмақ? Абдал Мұса Сұлтан мұның да жауабын қайтарған: «Дос Алла, әйуаллах»

Баршамыз тіршіліктің сюрприздерге толы екенін білеміз. Бізді таң қалдырған бұл сюрприздер ұнамды болған сайын мәселе шықпайды. Ұнамсыз сюрприздермен кездесуді ешкім қаламайды.

Алайда Анатолы дәруіштері бұл тақырыпта керісінше көзқарасқа ие. Олар ұнамсыз сюрприздерді, дерт пен қайғыны жақсы көреді. Сондай-ақ Аллаға қол жайып дерт тілеген кездері аз емес. Иә, таң қалмаңыз, сопылар «Алла дертімді көбейт» деп жиі дұға етеді.

Қандай дұға бұл? Бір адам тұрған жерінде тыныш басына неліктен дерт сұрайды? Тек қана бақытты болғысы келген замандас адамдар үшін қандай таң қалдыратын бір тілек екен?

Анатолы дәруіштері жай бір формуламен мұның сырын түсіндіреді. «Бір адамның дерті не болса, дертінің мөлшерінде адам» болып қабылданады.

Өйткені әлемдегі бақытты жайттар бізді күлімсіретсе де, бізді тәрбиелемейді. Ал дерттер алғашқы кезде мазамызды алса да, оларды шешуге тырысуымыз бізді жетілдіре түседі.

Абдал Мұса Сұлтан да қайғылардың қандай үлкен ұстаз екенін жақсы біледі. Сондықтан да басына қайғы түскендерге сабырлы болуды насихаттайды. Сол сабыр ақыры қарсылығын береді, жараларымыз бізді бұрынғыдан да шыдамды қылады.

Бұл шындықты түсінгісі келгендер Анатолының санасына қараса болғаны.



Ұқсас жаңалықтар