Қазы Керей Бура Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар- 22

Қазы Керей Бура Хан

Он алтыншы ғасырдың екінші жартысының куәгері, саяси қайраткер, шебер қолбасшы, әрі ақын Қазы Керей Бура Қырым хандығы тарихында маңызды тұлға болып табылады. Сондықтан сол дәуірдің рухын сезіну үшін осы ұлы тұлғаның өмірбаянына жақыннан үңілуіміз керек.

Қазы Керей Бура 1551 жылы туып, 1607 жылы қайтыс болған. Қырым ханы Дәулет Керейдің ұлы. Ұлы тұлғамыздың өмірі жорықтарда өтті десек қателеспейміз. Қазы Керей 1569 жылы әкесінің билік құрған кезеңіндегі Османлы мемекеті мен Қырым хандығының Еділ мен Дон өзендерін қосатын канал салып, Астрахан қаласын орыстардан азат ету жорығына қатысқан еді. Жорықтың сәтсіздікпен аяқталуы Қазы Керейге сабақ болды. Бұдан кейін ағасы Семіз Мехмет Керей ханның кезінде 1578 жылы ұлы тұлғамыз ағалары Әділ Керей мен Шақай Мұбарек Кереймен бірге қолбасшы ретінде Иран жорығына ат салысты. Қырым жасағы Османлы қолбасшысы Өздемір оғлұ Осман пашаның әскерлерімен қосылады. Алдыңғы екі шайқаста Қырым-Османлы қолы жеңіске жетеді. Алайда сол жылы қараша айында Ширван өңірінде Ақсу өзені жағасында болған шайқаста қырымдықтар қызылбастардан жеңіліп, Әділ Керей қолға түсіп, кейіннен тұтқында Казуин қаласында өлтірілген еді. Келесі 1579 жылы Семіз Мехмет ханның өзі қол бастап, Иранға шабуыл жасайды. Бұл жорықта да Қазы Керей қолбасшы ретінде үлес қосты. Ұлы тұлғамыздың қарамағындағы жасақ Баку маңында ирандықтардың қолын ойсырата жеңіп, көп олжа қолға түсіреді. Қырым ханы Семіз Мехмет Керей інісінің кегі қайтарылғандығын мәлімдеп, олжасын алып Қырымға қайтып кетеді. Ал аймақтағы Османлы қолына қолдау ретінде Қазы Керейді екі мың әскермен қалдырады.     

Әзірбайжанда қалған ұлы тұлғамыз ол жерде Османлы билігінің орнығуына қызмет етеді. Қазы Керей қарамағындағы әскерлерінің аздығына қарамастан, ирандық Сафеви қолының шабуылына тойтарыс беріп ғана қоймайды, олардың қыстағын да қолға түсіреді. Осы ерлігі үшін ұлы тұлғамыз Османлы падишасынан алғыс алады.

1581 жылы кезекті Иран жорығында Қазы Керей қолға түсіп қалады. Сафеви қолбасшысы Хамза мырза оның Аламут қамалына қамалуын бұйырады. Ұлы тұлғамыздың қолбасшы ретінде қабілетін білген қызылбастар оған Иран шахы жағына өтіп, Османлыларға қарсы соғысуын ұсынады. Тіпті Сафеви шахы оған өз қызын үйлендіріп, қалың қол беріп, оны Ширванға әкім тағайындауға да уәде береді. Алайда Қазы Керей бұл ұсынысты үзілді-кесілді қайтарып тастайды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз қапаста жеті жыл қалады. Тек 1587 жылы қарауылдарға пәре беріп, тұтқыннан қашып шығады. Османлы жеріне қашқан ханзада алдымен Ерзұрым қаласына келеді. Ол жерде біраз уақыт болады. Тіпті Иранға ұйымдастырылған жаңа бір жорыққа да қатысады. Сосын Ыстанбұлға барып, Османлы сұлтаны ІІІ Мұратпен жолығады. Падишах ұлы тұлғамызды Қырым тағына шығаруға сөз береді.

1588 жылы 1584 жылдан бері Қырым тағында отырған Ислам Керейдің қайтыс болуынан кейін Османлы падишахы Қазы Керейді Қырым ханы деп жариялайды. Ұлы тұлғамыз Қырым түбегіне аяқ басқанда, Ислам Керей ханның қалғай деп тағайындаған Алып Керей өзін хан деп жариялаған болатын. Қазы Керей оған хат жазып, тақтан бас тартуын талап етті. Бірақ Алып Керей Османлы мемлекетіне қашып кетті. Ал Ислам Керей ханның кезінде «нұреддин» болған Мұбарек Шақай Керей болса Кавказға қашып кетті. Қазы Керей хан Астраханды паналап жүрген бұрынғы хан Семіз Мехмет Керейдің балалары Мұрат пен Сафа Керейді Қырымға шақырып, Сафа Керейді нұреддин деп жариялады. Қалғай ретінде Қазы Керей хан інісі Фатих Керейді тағайындады.

Ұлы тұлғамыздың алғашқы ісі Семіз Мехмет ханның өлтірілуіне қатысы бар адамдарың жазаландыру болды. Сонымен қатар хан Қырымдағы түрлі рулардың арасындағы дауларды шешіп, елдің бірлігін қалпына келтірді. Одан кейін Қазы Керей ханның мырзаларға бағыныштылығын азайту мақсатында өзінің жеке жасағын күшейтті.

1589 жылы Қазы Керей Польша мен Литва жерлеріне жорыққа шықты. Бұл жорықтың мақсаты казактарды тыныштандыру болатын. Қырым ханы Днепрдегі казак қамалын жермен-жексен қылды. Қырым хандығының Мәскеу кінәздігімен қатынасына келетін болсақ, 1591 жылы Швеция орыстарға қарсы соғыс ашқан болатын. Осы орайды пайдаланған Қазы Керей хан Мәскеуге оңтүстіктен шабуылдады. Екі жақтан қыспаққа түскен Мәскеу қырымдықтармен келісім-шарт жасауға мәжбүр болды. 1593 жылы жасалған келісім-шартқа сәйкес, орыстар 10 мың рубль салым төледі және казактардың Қырымға шабуылын тоқтатуға келісті. Қырым жағы болса орыс жерлеріне жорық жасамауға келісті.

1594-1595 жылдар аралығында қырымдықтар қалғай Фатих Керейдің қолбасшылығында Юсуф Синан паша басшылығындағы Османлы қолының Мажарыстан жорығына қатысты. Бұл жорықта Қырым атты әскерлері көп ерлік көрсетіп, соның арқасында Молдава мен Валахия Османлы мемлекетінің бір бөлшегіне айналды. Сонымен қатар Османлы пашасы мен қалғай арасында достық орнады.

1596 жылы Османлы мемлекетіндегі өзгеріс Қырымға да ықпал етті. Бас уәзір болып тағайындалған Юсуф Синан паша Қазы Керейді тақтан түсіріп, Фатих Керейді Қырым ханы деп жариялады. Алайда жиырма күннен кейін Ибрахим Дамат пашаның бас уазір болып тағайындалуынан кейін Қазы Керей қайтадан Қырым тағына шықты. Ұлы тұлғамыздың билігі 1607 жылы обадан қайтыс болғанға дейін жалғасты.



Ұқсас жаңалықтар